РЕДАКЦИЯДАН: Бейнеу ауданын ширек ғасырдан астам басқарып, осыдан бір жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан бұрынғы аудан әкімі Басшы Әзірхановтың қызметі жайлы ой толғап, пікір жазып қалдырған марқұм Мұханмеди Насухаевтың мақаласын ұсынып отырмыз.
Иә, «Мың қосшыдан бір басшы» деп дана қазақ әділ қорытынды жасаған. Тәуелсіздік біздің қазаққа шындығында да оңайлықпен келмеген. Бұдан жиырма бес жыл бұрын жер қозғалмаса өзгермейді деп жүрген, төрткүл дүниеге ықпалын жүргізіп, он бес одақтас республикалардың басын буып ұстап тұрған Кеңес үкіметі санаулы жылдар ішінде ыдырап, тәуелсіздігін алып, бөлек мемлекеттер болып шыға келді. Бұлай болады деген сол қоғамда, сол заманда өмір сүрген адамның көпшілігінің өңі түгіл, түсіне де кірмеген жағдай болды. Тәуелсіздік алып, Қазақ ССР да Қазақстан Республикасы атанып, бөлек мемлекет болғанымен халқының қажеттіліктерін тұрақты, үздіксіз қанағаттандырып, бейбіт өмір сүруге Отанымыздың ішкі және сыртқы жағдайы да дайын емес еді. Себебі Қазақстандағы өндірілетін дайын өнімнің құрамдас бөліктері басқа республикалардан болмаса орталық Ресейден әкелінетін. Екіншіден, Қазақстанда өндірілетін өнімдер басқа жерлерге шикізат ретінде кетіп, сол жақта өңделіп, сол жақтарда құрастырылып, дайын өнім болып, бізге оны қайта сататындай жүйе әуелден құрылып, қалыптастырып тасталған. Өз бетіңмен ешнәрсені өндіріп, шығара алмайсың. Басқа елге, орталыққа тәуелдісің. Тек қана қазақ жерінің үсті мен астындағы байлықты шикізат түрінде өндіріп берушісің. Басқаны қойғанда қыруар еңбекпен дайындалған бидайды бидай күйінде өткізесің, өзің әртүрлі сорттағы ұн күйінде шығарып, қазақ халқының игілігіне пайдалана алмайсың. Жерасты байлығы да солай. Осындай сан салалы қиындықтардан шығу жолы біреу-ақ. Қандай да болмасын ауыртпалықтарға төзіп, ел бірлігін сақтап қалу. Көршілермен тату қарым-қатынаста болып, өз қолымызды өз аузымызға жеткізу. Жалғыз біз емес, Орта Азия мемлекеттерінің жағдайы да бізбен бірдей болды. Терістігімізде — бұрын үстемдігі мен өктемдігін жүргізіп қалған орыс ағайындар, оңтүстік шығысымызда— қаптаған қалың қытай. Екеуі де сенен бірдеңе алмаса, тегін ешнәрсесін бере қоймайды.
Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында шындығында да жағдай өте ауыр болды. Қазақ елінің азаматтарының арасында он саусақтың саласындай, бір ананың баласындай татулық пен бірлік, шыдамдылық пен төзімділік (толеранттылық) керек болды. Ондай жағдай болуы үшін елді соңына ерте білетін, ақылды, білгір, көреген саясаткер, басшы болатын азамат және азаматтар керек еді. Тәңір қолдап, халқы қалаған Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында тәуба, бүгінгідей жақсы күнге де жеттік. Отаншыл, халықшыл, ұлтжанды азаматтар да табылды. Солардың бірі, бірегейі десек те артық айттық болмас, біздің Бейнеу ауданын тәуелсіздіктің алғаш күнінен бастап, аудан халқының тізгінін қолына бергеннен кейін ширек ғасырдан астам уақыттан бері халқының қамын ойлаған Басшы Айжанақұлы Әзірхановтың елге, Отанына жасаған қажырлы еңбегін атап өтпеу, тіпті де дұрыс болмас деп білеміз.
Ол не көрмеді, барлық қиындықтарды, әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көрудей-ақ көрді. Бұрынырақта бір зердесі түзу, ақылды әке өзінің кіндігінен өрген 45 баласының ойынына, істеп жүрген ісіне, қылығына ойлана қарап ұзақтау тұрып қалғанда қасына көптен біліс, бір тілеулес серіктесі келіп, «Ағасы ұзақ тұрып, көп ойланып қалдыңыз ғой» дегенде, ағасы: «Қарағайда қырық бұтақ болатынын білесің, ішіндегі бірнешеуі ғана көк аспанға ұмтылған түзу таяқ болып өсіп, сол бұтақтар қарағайды биік, әдемі шынар қылып көрсетеді, мына балаларымның қайсысы түзу таяқ, қайсысы тек бұтақ болар екен, халқына адал еңбек етіп, айналасына жақсыларды топтастырып, көшбасшы болар екен деп толғанып тұрмын» деген екен. Қасындағы серіктесі «Ұрпағыңыздың ішінен түзу таяқ боларлығы да табылар, таяқ болмаса саптыаяқ, тіпті болмаса итаяқ болар, аман болсын» деп ағасын сабырға, шүкіршілікке шақырыпты. Сол айтқандай, айналасына аудандағы осы қалай ойы таза азаматтарды топтастыра жүріп, күн демей, түн демей еңбек етті. Қиындықтардан жол тауып, аудан халқын тоқыратпай тұтас аман күйінде тоқыраудан алып шығып, елдегі жағдай біршама шүкіршілік жағдайға бетін бұрғанда тұрғындарды дауластырмай, текетіреске ұрындырмай Елбасы белгілеп берген стратегиялық даму жолына сала білді.
Ойымыз барша оқырман қауымға және біздің болашақта орнымызды басатын бүгінгі ұрпақтың санасына тәуелсіздіктің, жақсылықтың оңай келмейтінін тағы да салу үшін «Қиындық деп жүргеніміздің өзі не еді?» деген ойдағы сауалға жауап беру үшін сәл шегініс жасалық.
Тәуелсіздік декларациясы жарияланғаннан кейін елдегі мемлекеттік ішкі құрылымды жаңа жүйеге заңдастырып түсіру керек болды. «Қандай мемлекет болып дамимыз?» деген алда үлкен сұрақ тұрды. Республикалық деңгейдегі халық қалаулылары Қазақстан Республикасының Конституциясын (Ата заң) қабылдады. Онда демократиялық принциптерді сақтайтын, нарықтық даму жолында болатын құқықтықунитарлық мемлекет ретінде Ата заңда қалыптастырылды.
Елдің ішкі құрылымын реформалау және оңтайландыру жұмысы жедел қарқынмен басталып кетті. Бұның жалпы бағыты белгілі болғанымен, нақты оны қалай іске асыру тетіктері мен жолдары белгісіздеу болып, облыстық, аудандық деңгейдегі билік басындағы азаматтар бағыныштылықты әбден мойындап болған халыққа нарықтық жағдайға сәйкес қалай қимылдау керектігін түсіндіріп бере алмады. Демократия дегеннің өзін әркім өзінше түсінді. Елдің бірлігін сақтап, даму тізгіні әр аймақтың өзіне берілген сияқты болып көрінді. Әртүрлі деңгейдегі билік басына ешқандай тәжірибесі жоқ, халықтың қамын бірінші кезекке қоя білмейтін кездейсоқ сөйлемпаз адамдардың ұмтылуы көрініс тапты.
Бұрынғы Кеңес Үкіметінен қалған жылжымайтын мүліктер мен байлықтарды сақтап қала отырып, ел игілігіне барды ұқсатып, үнемді жарату жұмысы тұрды. Бұл үлкен қиын шаруа еді. Айтуға ғана оңай болатын... Орталықтың аузына қарап қалғандармыз ғой. Ондай бере қоятын нәрсе біздің жаңа мемлекетіміздің бір қоғамдық формациядан жаңа екінші қоғамдық формацияға өту кезеңінде тұрған Отанымыздың қолында да жоқ еді. Осыдан біздің ауданымызда да өндірістің барлық саласы мен құрылымдарында келеңсіздіктер мен үйлесімсіздіктер, қиындықтар бірінен кейін бірі туындап жатты:
- Орталық елді мекендерді қалай электр энергиясымен, отынмен сумен қамтимыз?
- Аудан негізінен ауыл шаруашылығы ауданы болғандықтан совхоздардағы үштүлік малды қалай аман сақтап, халқының игілігіне тиімді пайдаланамыз?
- Аудан және бұрынғы совхоз орталықтарында елді мекендерді қалай азық-түлікпен, киім-кешекпен үздіксіз қамтимыз? Бұрынғы ОРС, УРС, ОРСЖД сауда орындары тарап кетіп, дүкен сөрелері бос қалды. Тек қана қалған РайПО халықты күнделікті тұтынатын қажеттіліктермен қамтып тұра ала ма?
- Теміржол, газ айдау компрессорлық станциясы (КС), құбырмен мұнай айдау желісінің адамдары, мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет, әлеуметтік сала қызметкерлерін кім қамтып, қалай тірлік етеді?
- Мектептер мен мәдениет ошақтарын, клубтар мен кітапханаларды қалай сақтаймыз, т.б?
Ең соңында бюджет қаржысының тапшылығына байланысты пенсия, өтемақы, жәрдемақы, еңбекақы уақытында берілмей, қарапайым тірлік ету жағдайы тәуелсіздіктің алғашқы он жылға жуық кезеңінде қиындай берді. Оның үстіне мемлекеттік мүлікті жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін «пысықайлар» бой көрсетті. Бұндай келеңсіз құбылыс болуға тиісті деп түсіндірушілер де табылып жатты. Осындай толып жатырған келеңсіздіктерге бой алдырмай, аудан тізгінін қолына алған Басшы Айжанақұлы түрлі қиындықтардан шығудың жолын тауып, айналасына елінің ішінен майдан қыл суырғандай ептілікпен шүкіршілік етуге болатын жағдайға келтірумен болды. Қажырлы еңбегінің нәтижесінде қиындықтардан шықты да. Уақыт бәріне де билік етті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ахмет Байтұрсынов және мемлекеттік тіл- Аудан көлемінде мемлекеттік мүлікті талан-таражға салдырған жоқ. Басқа жерлерде балабақшалар, кітапханалар, клубтар бұзылып, жеке тұлғаларға алынып жатса да бізде бір мәдениет ошағы жекешеге берілген жоқ. Кітапханалардағы бір де бір кітап ұстағанның қолында кетпей, мектептердің есебіне беріліп, аман қалды.
Халқын сауда-саттықпен айналысуға үйретіп, жоқтан жамап базарлар ашып берді. Бұрын сауда дегеннің не екенін біле бермейтін қазақ сауда жасауды өзбек ағайыннан да өткізіп жіберді.
- Басқа жерлерде совхоздардың малын, техникасын, үй, қораларын сырттан қол сұғушылардан қорғап, совхоз мүшелерінің еңбек өтіліне қарай теңдей бөліп беріп, өз күнін өзі көруге бағыттап үйретті.
- Жұмыс көзін ашып, халыққа жұмыс тауып беретін кәсіпкерлік бизнес өкілдерін өсіріп шығарды.
- «Мамандар дайындап беремін, жаңа газ құбырын қырғызға дейін тартамын» деп 1997 жылы келген белгиялық «Трактовелді» және басқа да алдаушылардан құтылуға аудан әкімі елдің, жердің иесі ретінде қыруар жұмыстар жасады.
- Көрші облыстардағы аудандармен, шекаралас жақын шетелдермен арада қарымқатынасты орнатып, алысберіс, барыс келісті жолға қойды.
- Ата жұртын, туған Отанын аңсап келген «оралман» деп жүрген ағайындардың тұрақты орналасуын, барлық жағдайын жасап, жайлы қонысқа айналдырды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 14 мың халқы бар аудан орталығы Бейнеуді жасыл желекке оранған тоғыз жолдың торабындағы 64 мың халқы бар шаһарға айналдырды.
Осылайша Бейнеу ауданы екінші мыңжылдықтың басынан бастап қарқынды даму жолына түсіп жүре берді. Бір кездері дамуы тежелген деп танылған Бейнеу ауданы енді облыстағы басқа аудандар барлық жағынан да үлгі алатын көрнекті, жеңімпаз ауданға айналды. Халқы құрметтеді, азаматтары Басшы Айжанақұлын мақтан етіп, сыйлады. Ауданды бір орында тәуелсіздігіміздің алғашқы жылынан бастап басқарып, бүгінгі күнге дейін үлгілі еңбек етіп келген оны қайсыбір іші тарлау, жұмысынан мін таба алмаған көреалмаушылар «Аз отырған жоқ қой, орнын жастарға бермей ме екен?» деп те әңгімелеп қарады.
Кезекті облыс әкімі мен орынбасарлары және барлық құрылымдардың облыстағы басшылары қатысқан, аудан әкімі есеп берген алқалы жиында сөз кезегін алған аудандағы бір ардагер азамат әлгі әңгімеге аудан халқы атынан жауабын да беріп, былай деді. «Бүгін өздеріңіздің қатысуыңызбен ауданда жасалып жатырған жұмыстар туралы аудан әкімі Басшы Айжанақұлы есеп берді. Бұл жасалған жұмыстар боямасыз шындық. Жұмысқа аудан халқы дән риза. Біздің қазақта «Көп отырса, көл ашиды» деген бір тәмсіл бар. Тұнық, таза көлдің ашу, ашымауы сол көлдің үстіндегі тіршілік иесіне тікелей байланысты екен. Көлдің үстінде сұлулық пен тазалықтың, пәктік пен адалдықтың символы аққу отырса, көл ешқашан ашымайды екен. Көлдің ашуы сол көлдің үстінде алдымен жұтынып, артымен көлді былғайтын иесіне байланысты. Көлдің иесіне байланыстылығын біздер көріп келеміз. Тірі куәлармыз», - деп сөзін аяқтады. Әлгі «Аз отырған жоқ қой» деп жүрген санаулыларға әлгі азамат арнап жауабын да берді. Шындығын да, бұл айтылғандар аудан халқының баршасының көңіліндегі ой еді.
Осыншама еңбек еткен, халқым, Отаным деп өмір сүрген абзал азаматқа Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбымен жазған мақаласындағы «Жаныңда жүр жақсы адам», «Қазақстандағы жүз жаңа есім» жобасын оқығаннан кейін көркем үмітті ойлар көңіліңе орала береді...
«Бұл жоба үш мәселені шешуге бағытталғаны жөн... Ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту» деп көрсетілген мақалада.
Мұханмеди НАСУХАЕВ