©
Қазіргі кезең – жаңа технологиялардың қарыштап дамып, сонымен бірге өмірдегі күнделікті тыныс-тіршіліктің де жылдамдығы артқан уақыт. Соңғы жылдарда облысы аумағында заманауи тақтайдай тегіс жолдар салынып, соған сәйкес автокөліктердің де саны бірнеше есеге көбейіп, олардың жүру жылдамдығы де арта түсуде. Осындай жағдайда Маңғыстау облысында ауыл шаруашылығы жануарларын асырау, ұстау, бағу және оларды уақытында бірдейлендіріп отыру маңызды да өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Біріншіден, қазіргі уақытта өкінішке орай, автокөлік жолдары мен теміржол бойында көліктің жануарлармен соқтығысуы, соның салдарынан адам мен мал шығыны, көлік құралдарының бүлінуі кездесіп отырғандығы жасырын емес. Бұл негізінен мал иелері, жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілігінің төмендігінен, тиісті заңнама талаптарын сақтамауынан болып отыр.
Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық мәслихатпен бекіткен, облысымыздың әр аудан, қала аумағында жануарларды асырау қағидалары бар. Бұл құжатта жануарларды тіркеу, асырау, сатып алу, сату, тасымалдау тәртіптері және жануар иелерінің құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілген. Қағида бойынша көшелерде, алаңдарда, саябақтарда, теміржол мен автокөлік жолдарына тиесілі аймақтарда және басқа да қоғамдық орындарда жануарларды жаюға, сондай-ақ қараушысыз бос жіберуге тыйым салынады. Жануарлар жергілікті атқарушы органдармен белгіленген жайылымдық жер телімдерінде жайылуы тиіс. Жануарларды жайғанда және айдап өткенде тұрғындардың қауіпсіздігіне жануарлардың иесі жауапты болады.
Екіншіден, ҚР ветеринариялық заңнамалары, соның ішінде ҚР «Ветеринария туралы» заңының 25-бабы 5), 6) тармақшалары, 32-бабы 1-тармағы және аталған жануарларды ұстау қағидасы бойынша, мал иелері өз қарауындағы жануарларды тиісті орындарға тіркетуге және бірдейлендіруге міндетті болып табылады. ҚР АШМ №7-1/68 (30.01.2015ж.) бұйрығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидасы» бойынша сиыр, түйе, ұсақ малдар құлақ сырғаларын салу арқылы, ал жылқы малы таңбалау немесе чиптеу (микрочип салу) арқылы бірдейлендіріледі. Құлақ сырғалары бюджет тарапынан қаржыландырылады. Ал жылқы микрочипі мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды және мал иесі есебінен жүргізіледі. Алайда қазіргі уақытта шаруашылықтардың (жеке қожалықтардың) өз иеліктеріндегі жылқы малдарын чиптеу белсенділіктері төмен болып отыр.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Дархан Нортаев: «Мені нәтиже шықпайтын спортшылар қатарына қосқан еді»Үшіншіден, жалпы осы чиптеу деген не, оның артықшылығы мен маңызы қандай, осыған тоқтала кетсек. Таңбалау (табро) әдісі жылқыларды бірдейлендіру мәселесін толық шешпейді, көптеген жылқылардың иелері (жеке және заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер) бұл әдіске қарсы, өйткені ол көп жұмыс күшін, жануарларды ұстауда ауыр дене жұмысын және басқа да материалдық шығындарды қажет етеді. Сондай-ақ эстетикалық тұрғыда көріксіз және жарақат алу қаупі өте жоғары! Біздің облыс – тез құбылмалы климатты, жазы өте ыстық, қысы суық және жылқылар жыл бойы далалық жайылымда жүреді. Ал таңбалауды, яғни бір емес, бірнеше санды (цифрды) жануар денесіне күйдіріп басуды – жылдың ыстық және суық мезгілінде жүргізуге болмайды, бұл дегеніңіз жылқыларды уақытылы жаппай бірдейлендіруге елеулі кедергі болып табылады.
Ал чиптеу – жылқылардың дене жарақатын алу қаупін тудырмайтын, көркін бұзбайтын, тез орналастырылатын, уақытты, ауыр еңбекті, қосымша материалдық шығындарды көп қажет етпейтін, жоғалмайтын, бүлінбейтін, климаттық жағдайлардан тәуелсіз, бірдейлендірудің заманауи және эстетикалық әдісі болып табылады. Жылқыларды чиптеу әдісі арқылы жаппай және сапалы бір дейлендірудің кең таралуы – мал шаруашылығының мәдениетін көтереді және шаруашылықтарды дамытуда зор ынталандыру болып табылады. Сонымен қатар жануарларды чиптеу мал ұрлығына да қарсы маңызды рөл атқарады.
Қазіргі таңда облыс бойынша жылқы малының 20 пайызы ғана чиптеліп, бұл жұмыс өте баяу жүруде. Сондықтан жергілікті құзырлы органдар (аудандық, қалалық әкімдіктер, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімдері, ҚР АШМ ВБжҚК аумақтық инспекциялары, Ішкі істер бөлімдері) осы мәселе бойынша тиісті деңгейде жұмыстанулары және жылқы малы иелері де заңнамалар талабын тұрақты орындап отырулары қажет екендігі қаперге беріледі.
Төртіншіден, қазіргі уақытта Елбасымыз барлық салаларда цифрландыру жұмысын жүргізуді міндет етіп қойып отыр. Осыған байланысты облысымыз бойынша ветеринария саласында ірі малдарды чиптеу осы цифрландыру аясына кіргізіліп, облыс әкімінің тапсырмасымен алдымен жылқы түлігін цифрландыру (чиптеу) жұмысын белсенді жүргізу ұсынылып, жұмыстар жүргізілу үстінде.
Сондықтан заманауи үрдістердің соңында қалып қоймай, шаруашылығымызды барлық жағынан тиісті талаптарға сай дамытуымыз қажет екенін есте ұстағанымыз жөн, ағайын!
Исағали КӨШКІНБАЕВ, «Маңғыстау облысы ветеринария басқармасы» ММ
басшысының міндетін атқарушы
Көрнекі сурет сайттың архивінен