«Орталық Азия газ құбыры желісінің тартылып, компрессор станциясының орналасуы Бейнеу поселкесінің өсуіне зор әсерін тигізді. ...Айналасы он жылдың ішінде Бейнеу теміржолшылардың, газ бен мұнай тасымалдаушылардың, құрылысшылардың көшелері көк желекке толы қала типті мекеніне айналды», - деп жазды 1999 жылы «Қағанат-К» баспасынан жарық көрген «Бейнеу» өлкетанытқыш зерттеулер кітабының авторлары.
1963 жылы 20 наурызда қазығы қағылған Бейнеу ауылы мен 1973 жылы 20 наурызда ашылған ауданымыздың жедел қарқынмен өсуіне жоғарыдағы факторлардың әсері ерекше болғандығын бізбен сұхбаттасып, қарқынды құрылыс жайлы әңгіме тиегін ағытқан ардагерлердің сөздері толықтыра түседі.
Орақбай ЕРЖАНОВ, ардагер құрылысшы:- Жергілікті тарихшылар 1966 жылы «Орта Азия-Орталық» магистральды газ құбырының бірінші желісі төселіп, 1967 жылы түрікмен газын орталыққа жеткізетін «Окарем-Бейнеу» газ құбырының пайдалануға берілгенін, Бейнеу мен Боранқұлда газ айдайтын станциялардың (КС) салынғанын, 1969 жылы «Өзен-Самара» трансконтинентальдық мұнай құбыры іске қосылғанын жазады. Мұны өңіріміздегі бірінші индустриялық өркендеп, өрлеу кезеңі деп жүрміз ғой. Өркендеп, өрлеуге байланысты сары құмның төсіндегі шағын ауылда жаңа жұмыс орындары күрт көбейіп, жұмысшылар тобы шоғырланып, тұрғын үйге сұраныс артты. Ол жылдарда мұнай мен газ салаларын тікелей уысында ұстап отырған Мәскеудегі басшылар бұл мәселені шешуді «Саратовремстройтрансгаз» (СРСТГ) трестіне жүктеді. Өзіне жүктелген міндетті оңтайлы әрі жылдам жүзеге асыруды көздеген тресттің құрылыс басқармасы ұмытпасам, 1974 жылы Бейнеуге көшіп келіп, тек ғана КС-тің тапсырысын мердігерлік әдіспен орындайтын 2-інші көшпелі механикаландырылған колоннасын (2-інші ПМК) Бейнеудегі КС-тің іргесіне орналастырып, оның 6 құрылыс учаскесін Бейнеуде, Боранқұлда, Құлсарыда, Мақатта, Индер мен Саратовтың өзінде ашты.
1981 жылы 14 қыркүйекте осы 2-інші ПМКының директоры Анатолий Андреевич Мельниковтың бұйрығымен Бейнеудегі бірінші құрылыс учаскесінің шебері болып жұмысқа қабылдандым. Учаскеміздің құрылысшылары жеті жылда ауылымызда КС-тің тапсырысы бойынша онға жуық тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандарды пайдалануға беріп, мен құрылыс шебері болып келген уақытта 38-інші екі қабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға таяп қалған екен. Жұмыс қарқынын үдетіп, бұл үйді жаңа жылдың алдында пайдалануға тапсырдық. Ол жылдары Мәскеудің Маңғыстаудағы жерасты байлығын игеруге қызығушылығы күшейіп, бұл жақтағы жұмысшылардың жағдайын жақсартуға мол мүмкіндік туғызғаны елге белгілі. Директорымыз Анатолий Андреевич Мельников мол мүмкіндікті қалт жібермей, пайдаланған іскер басшы болды. Ол кісінің қарамағында төрт жыл жұмыс жасадым. Сонда анық байқағаным, ол тәртіпті, уәдеге берік болуды, тез әрі сапалы жұмыс жасауды ұнататын, құрылысшының жағдайына көңіл бөліп отыратын. Жұмыс жасауға қажетті мүмкіндік жасап, сол мүмкіндікке сай тапсырма жүктейтін. Басшымыздың іскерлігі, ауызбірлігі бекем ұжымымыздың еңбекқорлығы арқасында жыл сайын кейде 24 пәтерлік, кейде 48 пәтерлік екі қабатты бір тұрғын үйді пайдалануға тапсыруды дәстүрге айналдырдық. Жетібай ұлутасынан үш қабатты 47-інші үйді салып, көп қабатты құрылыс салуға қарым-қабілетіміздің жететініне ел сенімін нығайттық.
Екінші ПМК-ның (СМУ 5) Бейнеудегі бірінші учаскесінде 17 жыл, құрылыс шебері болып жұмыс жасадым. Осы уақыт ішінде КС-тің тапсырысы бойынша 38, 39, 40, 41-інші екі қабатты тұрғын үйлерді салып, пайдалануға бердік. Қазіргі Ер Қосай, Т.Айбергенов, Ер Қонай, Мәтжан би, Ер Шабай көшелерінің бойындағы коттедж типіндегі үйлерді салдық. Бұрынғы банктің (қазір Ұ.Қ.К орналасқан) ғимаратын тұрғыздық. «Сказки», «Ветрок» деп аталған балалар бақшаларын, наубайхананы халқымызға тарту еттік. Қазіргі «Қазпошта» ғимараты мен Ер Шабай көшесіне дейінгі ол кезде бос жатқан жерді сәулетті ғимараттарға толтырдық. Көшелерге асфальт төсеп, ағаш отырғызып, абаттандыруға баса көңіл бөлдік. Ауылымызда 1974-1998 жылдары аралығында біздің 2-ПМК-ның бірінші учаскесі салып, сол кезде «Саратов үйлері», «КС поселкесы» деп аталған тұтас құрылыс кварталындағы 30-35 сәнді ғимаратта біздердің қолтаңбамыз қалды.
Құрылысты қыста да тоқтатпай, өте қарқынды жүргіздік. Техникаларымыз қуатты, құрылыс материалдарымыз мол болды. Ағаш, есік, терезе дегендей, құрылыс бұйымдары Саратовтың өзінен әкелінді. Еңбек ақымыз 250-300 сомнан төмен болған жоқ. Учаскеміздегі 25-30 құрылысшы - бетон құюшылар, тас қалаушылар, сылапмайлаушылар, ұсталар, шоферлар мен механизаторлар, механиктер мен электр желісін жөндеушілер бригадирлер Сағидулла Сметов, Рәт Сақтағанов, Мүдіғали, Базарбай, Бөкенбай, Қалдыбай мен Меңдібай Ерубаевтар, Ораз Нәбиев, Ілесбай Ерғалиев, Әбдібай Байболатов, Әбубәкір Есенов, Өмірзақ Еңсегенов, Сәрсен Ұзақбаев, Таңатар Жолдасбаев, Хамит Хайралапов, Арғын Ыспанов, Нұржау Жалғабаев, Асқар Айтжанов, Жаңбыр Аймағанбетов, Төлеп Жанғалиевтар қарқынды құрылыстардың қажарлы құрылысшылары болды. Арамызда әйел, қыздар да аз болған жоқ. Олар өте тамаша жұмыс жасап, шаршадық деп қабақ шытпай, әзілдесіп, әндетіп, жүрген жеріне ерекше әсер қалдырып жүретін.
Базархан ИЛЬЯСОВА, ардагер құрылысшы:- Орақбай жұмысшыларға қамқорлығын аямаған құрылыс шебері болды. Бүгінде біздерді елеп-ескеріп, атымызды атағанына риза болдым. Ол жылдары құрылыстың сылау, майлау, әрлеу жұмыстарын әйелдер, қыздар атқаратын. Құрылысшы қолы жетіспесе, тас қалаушыларға көмекші болатын едік. Бетон дайындайтын РБУ-да да жұмыс жасаған кездеріміз де болды. Арманымыз асқақ, бірлігіміз жарасқан, көп ұлтты әдемі ұжым болдық. Салып жатқан үйіміз біткен кезде «Бұл үй бұрынғыдан да күшті болды. Бейнеуіміз әлі-ақ көз тоймас көрікті мекенге айналады» деп қатты қуанатынбыз. ПМК жабылып, жан-жаққа тарап кеткенімізге биыл жиырма жыл болды ғой. Көптен жүздеспегесін бұрынғы әріптестерімнің аттары есіме бірден түспей отырғаны-ай. Есіме түскенін атайыншы. Айжан Құлданбаева, Ақкенже Ізтұрғанова, Қымбат Қаражігітова, Мариям Ерубаева, Тамара, Дәметкен, Миненко Анна Петровна, Татьяна Авезова, Елена... Иә, Бейнеу төсіне сән берген сәнді ғимараттар салуға қатысқан еңбекқорлығы тамаша, жүздері жайнап, көздері күлімдеп жүретін сұлу қыздарымыз көп еді.
Құлбек МЕДЕТОВ, 2-ПМК, бірінші құрылыс учаскесіның 1990 жылдардағы құрылыс шебері:
- Ауылымызда 1970 жылдары басталған екпінді құрылыс жерімізге, елімізге құт болып, көп азаматтың бағын ашты. Директорымыз А. А.Мельников 1985 жылы Бүкілодақтағы жоғары награда «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, лауазымы жоғарылап, Саратовтағы трестің бас директоры болып тағайындалды. Іскерлігі, жайсаң мінезімен ауылдастарымыздың құрметіне бөленген азамат лауазымы өскенімен қарапайымдылығын сақтаған екен. Қызмет жағдайы мен Саратовтағы трестке барғанымда асығып жүріп, байқамай қалсам: «Эй, Құлбек» деп тоқтатып, сәлемдесіп, «Бейнеуді сағынып жүрмін» деп, ауылдың жаңалықтарын, өзі танитын азаматтарды тәптіштеп сұрап, шүйіркелесіп әңгімелесетін. 2–ПМК-ны 1986-1987 жылдары Шаталов Андрей Алексеевич басқарды. Ол директор болып келген жылы 2-ПМК жабылып, оның базасында СМУ-5 деп аталатын құрылыс мекемесі ашылды. СМУ-5-ті 1988-1992 жылдары Вайс Бажанов басқарды. Бұл кісі Одақ құрамында тұрған кездегі соңғы басшымыз болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін анығы 1992 жылы СМУ-5 «СРСТГ» құрамынан шығып, жаңа ашылған «Актаутрансгаз» трестінің құрамына енді. 1993 жылы директор болып келген Бердіхан Ибирагимов соңғы басшымыз болды, осы кісінің тұсында 1997 жылы СМУ-5 «Интергаз – Орталық Азия» батыс акционерлік қоғамының қарамағына өтіп, келесі 1999 жылы жабылып, құрылысшылар тарап кетті. Тарап кетсе де ауыз толтырып айтуға тұратын тарихын жасап кетті.
Ауылымыздың санаулы жылдарда іргелі ел, көрікті қонысқа айналуына өлшеусіз үлес қосқан 2-інші ПМК-ының қажарлы құрылысшылары жайлы айтарым аз емес. Әр жылдарда бас инженер қызметін атқарған Борис Подвойский, Балтабай Ташов, құрылыс шеберлері болған – Кочетников, Аманқұл Тәжіғараев, Қаңғабай Бердиев, Зоя Вафина, Әділбек Сазанбаев, Орақбай Ержанов, өндірістік техникалық бөлімнің бас мамандары Сұлтан Қадыров, Бисенбай Айтжанов, Асан Ақмурзаев, Мақсым Жолдыбаев, Еркін Ізбасаровтар жұмысты жүргізудің кілтін тапқан, құрылыстың қырсырына қанық, төселген мамандар еді. Бейнеу 45 жылда көркіне көз тоймайтын мекенге айналды деп сүйсініп айтып жүрміз ғой. Ауылымыздың көркеюіне ерен еңбектері сіңген ардагер құрылысшыларға қанша құрмет жасасақ та көп болмайды.
Қартбай ҚОЖАЕВ