«Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры» АҚ Маңғыстау облыстық филиалында «ҚР жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 20 жыл: тарихы мен даму бағыттары» тақырыбында ашық есік күні өтті. Онда «БЖЗҚ» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары Әбдіманат Еспаев жиналғандарға зейнетақы жүйесінің ерекшеліктері мен даму бағыттары, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы әңгімеледі.
- 1990 жылдары, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген кезде гиперинфляция мен жұмыссыздықтың күрт өсуінен кеңестік дәуірден мұраға қалған зейнетақы жүйесі жарамсыз болып қалды, - деді ол. - Осылайша, зейнетақы жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ахуалға сай реформалау қажеттігі туындады. Реформаның басты мақсаты – азаматтардың қарттық шағына деген жауапкершілігіне негізделген әлеуметтік әділдік қағидатына сай жүйе қалыптастыру, яғни, әр азаматты зейнетақы жүйесіне қосқан үлесіне сай зейнетақымен қамтамасыз ету болатын. Естеріңізге сала кетсем, 1997 жылы маусым айында ҚР «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заң қабылданып, 1998 жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енді. Сол жылы Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры (МЖЗҚ) құрылып, еліміздің зейнетақы жүйесін қалыптастыруда маңызды рөл ойнаған алғашқы жеке қорлар да ашыла бастады. Азаматтардың жинақтарын тиімді, қауіпсіз басқару мақсатында 2013 жылы МЖЗҚ-ның негізінде Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры (БЖЗҚ) құрылды.
Филиалдың барып қызмет көрсету бөлімінің басшысы Айдана Бекмағанбетова Қазақстанның зейнетақы жүйесі ортақ, базалық және жинақтаушы бөліктерден тұратынын айтты.
- Бірлескен зейнетақы бұрынғыша екі көзден қаржыландырылып, мемлекеттік бюджеттен базалық және ортақ зейнетақы төленеді, ал БЖЗҚ-дан салымшылардың өз жинақтарынан төлем жасалады, - деді Айдана Серікбайқызы. - Жүйені одан әрі жетілдіру «Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі модернизациялау тұжырымдамасына» сай жүргізілуде. Осыған орай, 2018 жылдың 1-шілдесінен бастап жасы келуіне байланысты зейнеткерлерге тағайындалатын базалық зейнетақы көлемі барлығына бірдей емес. Ол еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы қорына қатысу мерзіміне байланысты. Азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыру үшін енгізілген бұл өзгеріс базалық зейнетақыны екі есе өсіруге мүмкіндік береді. Бүгінде БЖЗҚ Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесінің барлық қаржылық және ақпараттық ағымдарының бірыңғай әкімгері және операторы. Қорда барлық келісім түрлері бойынша 10, 25 миллион жеке зейнетақы шоттары шоғырланған (2018 жылдың 1 қыркүйегіне). Олардың 9,75 миллионы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), 464,8 мыңы–міндетті кәсіби зейнетақы жарналары (МКЗЖ), 39,8 мыңы–ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша шоттар. Зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы–8,8 триллион. Зейнетақы жинақтарының сомасы мен есептелген инвестициялық табыстың сұралған кезең аралығындағы көрсеткіші ЖЗШ-дан үзінді-көшірмеде көрсетіледі.
Ашық есік күніне қатысқан салымшылар өздерін толғандыратын жеке сауалдарына да жауап алып, өз ұсыныстарын жазып қалдырды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА