©
Әлемдік мұнай бағасындағы тұрақсыздық пен дағдарыс «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына қарасты мұнай-сервис компанияларының тапсырыс көлемін қысқартып, табыс әкелу мүмкіндіктеріне тұсау салды. Ұлттық компания құрамына кіретін мұндай мұнай сервис компанияларының рентабельділігі сәйкесінше кейін кетті.
Бұл жағдай мұнай-сервис саласындағы бұрғылау және өзге де жұмыстардың сұраныс деңгейін айтарлықтай азайтты. Мәселен, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ атынан негізгі тапсырыс беруші тарапынан тапсырыстар көлемдері үш жыл ішінде 23%-ға азайған. Ал соңғы 4 жылда ҚМГ мұнай сервистің (МС) шығынды компанияларына 121,4 миллиард теңге мөлшерінде қаржылық қолдау көрсеткен. Қысылтаяң кезеңде нақтылы жоспар құрып, шешім қабылданбаса алдағы бес жыл үшін тағы 160 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет етіледі.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» құрамына кіретін «Oil Construction Company», «Oil Services Company», «Oil Transport Corporation», «Мұнайтелеком», «Маңғыстауэнергомұнай» серіктестіктеріне енгізілген «5/50» бағдарламасы осы кедергіден өтіп, жұмыс көзі мен компания әлеуетін сақтап қалу мақсатында биыл жалғасып келеді.
«5/50» бағдарламасына сәйкес табыс әкелмейтін кәсіптің қызметкері ерікті түрде әкімшілікке жүгініп 5 жыл үшін жалақының 50% мөлшерінде өтемақы алуына болады. Бұл дегеніміз – орташа есеппен 7–10 миллион теңге. Сондай-ақ осы мүмкіндікті зейнетке жақындаған егде адамдар және денсаулығына байланысты жұмыс жасау қабілеті төмендеген қызметкерлер де пайдалана алады. Өткен жылдан бастап жүзеге асырыла бастаған бағдарлама бүгінгі күнде жұмыскерлер арасында үлкен қызығушылық тудырып, өтініш берушілер қатары да артты. Бұл ретте бірқатар адамдар көптеген тұрмыстық мәселелерін, атап айтқанда тұрғын үй жағдайларын жақсарту, несие қарыздарын жабу немесе өз бизнесін ашу мүмкіндігіне ие болды. Бұдан бөлек, аталған мұнай-сервис компанияларының басшылығы қызметтің бейінді емес түрлерін жеке секторға шығарып, жұмыстан босатылған персоналды аутсорсинг жолымен қызметке қайта қабылдауды да бір жүйеге қойған.
Тығырықтан қалай шығамыз?
«Маңғыстауэнергомұнай» мекемесі – мұнай нарығында тығырыққа тірелген компанияның бірі. Аталмыш компанияға негізгі тапсырыс беруші – «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ тарапынан берілетін жұмыс көлемі бірнеше жыл қатарынан едәуір төмендеген. «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС бас директордың адам ресурстарын және еңбекақы төлеу жөніндегі орынбасары Бердіғұл Ізбасов компанияның бүгінгі табыс көлемі шығындарды жаппай отырғанын, 2015 жылдан бері мекеме шығындарын «ҚазМұнайГаз» АҚ Ұлттық компаниясы өтеп келе жатқанын айтады.
«5/50» бағдарламасының басты мақсаты да тығырықтан шығудың бір шешімі деп, 2017 жылдан бастап аталмыш бағдарлама бойынша жүргізілген жұмыс жайын баяндап берді.
«Жалпы 2017 жылдың қаңтар айы есебі бойынша мекемеде 629 адам жұмыс жасады. Электр жөндеушілер, көлік жүргізушілер, т.б. қосалқы жұмысшылар. Біздің басты міндетіміз – «Қаламқас», «Жетібай» кенорындарында электр қондырғыларына қызмет жасау. Соңғы жылдағы тапсырыс көлемінің төмендеуі, табыс көзінің азаюы және шығындардың кірістен асып түсуі бізге бірқатар шаралар қабылдауды, оның ішінде «5/50» бағдарламасын енгізуді қажет етті. Бұл бағдарламаны өз жұмысшыларымызға түсіндіру мақсатында арнайы комиссия құрылды. Кенорындарындағы білікті мамандармен бірлесе отырып, жағдайды реттеу бойынша бірқатар талқылаулар өткіздік», – дейді Бердіғұл Нұрмұханұлы.
«Маңғыстауэнергомұнай» мекемесінің құрамында қосалқы автокөлік цехы, сондай-ақ көлік жүргізушілер, күзетші-қарауылдар, еден жуушылар мен кеңсе тазалаушы қызметкерлер бар. Әкімшілік компанияның кірісі мен шығысын саралай келе, қосалқы қызметтегі жұмысшыларды негізгі құрамнан шығарып, аутсорсинг жолымен ауыстыруды, яғни «5/50» бағдарламасымен қаражат ұсынуды қолға алды. Ұжымға уақытылы шешім қабылдамаса компанияның банкротқа ұшырау қаупі, 5 жылға арналған жоспары кеңінен түсіндірілген. «Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 2017 жылы «5/50» бағдарламасын 120 адам пайдаланды. Негізінен қосалқы жұмысшылар кетті. Әр жұмыскерге 8-9 миллион теңгеден, жалпы 1 миллиард 50 миллион теңгеден аса қаражат бөлінді. Енді 2018 жылы қосалқы қызметкерлерді арнаулы сервистік қызмет көрсетуші басқармаларға ауыстыруды нәтижелі аяқтасақ, «5/50» бағдарламасы да тоқтатылады» деген Бердіғұл Нұрмұханұлы 2019 жылы компанияны табысы тұрақты жағдайға жеткізу жоспарланғанын айтты.
«5/50» бағдарламасы арқылы мекемеден қомақты қаражат алған жұмыскерлер арасында жеке кәсібін жолға қойғандары, банктердегі берешектерін жауып, балаларының оқу ақыларын өтегендері, сондай-ақ аутсорсинг жолымен жұмысқа қайта қабылданғандары да баршылық. Басшылық ұсынған бағдарламаны тиімді пайдаланған жанның бірі, «Маңғыстауэнергомұнай» мекемесінде 17 жылдан аса жұмыс жасаған Шұғай Сағындық алғашқы жұмысын электромонтерліктен бастап, мастер, учаске бастығы деңгейіне дейін көтерілген. Былтыр «5/50» бағдарламасын қажет деп шешкен ол мекемеден 14 миллион 700 мың теңге қаражат алып, банк алдындағы несиелерінен құтылған. Сондай-ақ жаңа салынған үйден пәтер алып, өз кәсібін де жоспарлап қойыпты. «Мұнайға қатысты инженерлік қызметтің бәрін атқарып келдім. Вахталық кестемен жұмыс істеуімізге байланысты отбасыма, балаларға дұрыс көңіл бөле алмайды да екенсің. Мен үшін бұл бағдарлама пайдалы болды. Жаңа үй алып, тың кәсіп бастағалы жатырмын. Отбасыма уақыт бөлу де – ер-азаматтың бір міндеті», – дейді Шұғай Сағындық.
Ортақ шешім орға жықпайды
«Мұнайтелеком» ЖШС – мұнай компанияларына сервистік қызмет көрсету үшін құрылған 50 жылдық тарихы бар мекеме. Компания Қаламқас, Жетібай, Қаражамбас кенорындарында қызмет көрсетеді. Жұмыс бағыты телекоммуникация, телерадиобайланыс, спутниктік байланыс, кабельдік желілер, интернет желілерімен қамтамасыз ету, өрт қауіпсіздік салаларын монтаждау, бейнебақылау жүргізу жұмыстарына негізделген. Қазіргі уақытта компания қосалқы қызмет түрлерін «5/50» бағдарламасымен аутсорсинг жолына ауыстыруды жүзеге асырып келеді.
«Мұнайтелеком» ЖШС бас директоры Әмірхан Бекжанов 2017 жылы компания кірісі 2,5 миллиард теңгеден, ал шығын көлемі 3,9 миллиард теңгеден асқанына алаңдаушылық білдірді. «Өздеріңізге де белгілі, кірісіміз шығынды жаппай келеді. Соңғы 5 жылдық есепке жүгінсек 6,3 млрд. шығынға кірдік. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсе түсуде. Оның 80%-ы еңбекақы төлеуге жұмсалады. Біз- дегі 376 жұмысшының 357-сі негізгі салада істейді, 80-і қосалқы қызмет түрлері. Компания жұмысын оңтайландыру бағытында шаралар қабылдап, аутсорсинг жолымен клинингтік қызметке ауыстырдық. Дегенмен бұның өзі компания шығынын жабуға қауқарсыз» деп қолға алынған «5/50» бағдарламасының орындалу барысын баяндады.
Оның айтуынша 2017 жылдың басынан «5/50» бағдарламасын ұжымға түсіндіру жұмыстары жүргізіле бастаған. Компания құрамындағы шығыны көп цехтарда адам саны көп болғанымен, кіріс азайған, шығын көлемі жыл сайын ұлғая түскен. «Жұмысты оңтайландыру мақсатында қабылданған шараның алғашқы 2 кезеңінде 84 адам жұмыстан шықты. Барлығына қалыптасқан ахуал түсіндірілді. Дағдарысқа ұшыраған жағдайда мекеме жабылса, 1 айлық еңбекақы беріліп, жұмыс мүлде тоқтатылуы мүмкін екенін айттық. Ал «5/50» бағдарламасы – уақытылы шыққан тиімді шешім. Осыны қызметкерлер жете ұғынды. Бағдарлама көптеген жұмысшыларға үлкен көмегін тигізгені де рас. Біреуі мойнындағы қарызынан құтылды, денсаулығы сыр берген азаматтар емделіп, ота жасатты. Әркім өз шаруасын бүтіндеді. Бағдарламаны пайдаланамын деушілерге әлі де мүмкіндіктер бар», – дейді Әмірхан Бекжанов.
«Мұнайтелеком» серіктестігі «5/50» бағдарламасы бойынша 2017 жылы 84 адамға 750 миллион теңге қаржы бөлген, алдағы уақытта 1 миллиард 600 мың теңге қаражат қарастырылып отыр. 2018 жылы түсіндіру жұмыстары жалғасып, оның орындалу барысын арнайы комиссия қадағалайтын болады.
«Мұнайтелеком» мекемесінде 8 жылдай электромонтер болып жұмыс істеген Дархан Қанатов – «5/50» бағдарламасын өз кәдесіне жаратқан жұмысшы. Ол аталмыш бағдарламаға ешбір тараптың мәжбүрлеуінсіз қатысқанын, өзі үшін өте тиімді болғанын айтады. - «5/50» бағдарламасымен өз еркімізбен келісімшартты тоқтатып, тиісті қаражатты алдық. Аз емес, қомақты қаржы. Ақтау қаласынан 2 бөлмелі пәтер алып, баспаналы болдық. Әлбетте бағдарламаның игілігі бар. Әркім өз керегіне жаратып, шаруа- ларын түгендеді. Қазір басқа мекемеде мұнай өндірісі саласы бойынша өз қызметімді жалғастырып жатырмын», – дейді ол.
Ал Азамат Әбілов есімді қызметкер соңғы уақытта денсаулығының сыр беруіне байланысты бағдарламаға уақытылы қатыстым деп біледі. «2008 жылдан бері «Мұнайтелеком» мекемесінде слесарь болып жұмыс істеп келдім. 2017 жылы 1 шілде күні бағдарлама бойынша кеттім. Соңғы жылдары көп ауырып, қиналып жүрдім. Жұмысқа жарамсыз болып қаламын ба деген уайымым бар еді. Бұл бағдарламаның маған берген ең үлкен пайдасы осы болды. Астанаға барып бүйрегіме ота жасаттым. Одан бөлек қарыздарымнан құтылдым. Үй шаруаларын бүтіндедім».
Жайық НАҒЫМАШ