12 қыркүйек күні жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытатын Форт-Шевченко мектеп-лицейінде тіл мерекесіне орай әдеби-танымдық шара ұйымдастырылды. Шараға ауданның білім саласында жүрген басшылары, аудан мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары, аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы және облысымызда тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосушы, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруге атсалысып жүрген тіл жанашыры, математика оқулығының авторы, ардагер ұстаз, облыс ұстаздарының төл газеті «Маңғыстау мұғалімі» газетінің қызметкері Қуантхан Ванов Ырзаұлы шақырылды.
Әдебитанымдық шарада ұйымдастырушылар оқушыларға мемлекеттік қазақ тілінің мәртебесінің басқа тілдерден биік екенін көрініс ретінде де, баяндама жүзінде де жеткізуге тырысты. Сахна Форт-Шевченко мектеп-интернатының оқушылары дайындаған Ахмет Байтұрсынов өлеңдеріне арналған реквиеммен ашылды. Бағдарламаға сай «Ахмет Байтұрсынов және мемлекеттік тіл» тақырыбында Ж.Мыңбаев мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлдана Байжан баяндама жасады.
- Ахмет Байтұрсынов – қараңғылық тұңғиығынан жарық жұлдыздай жарқырап шығып, айналасына нұр, шуақ себумен өткен ағартушы. Жастайынан тағдыр талқысын көріп өскен Ахметті өсірген де, ғылым мен мәдениеттегі көсегесін көгерткен де халық үшін еткен еңбегі, елі үшін еңсере жасаған қызметі. Ұлт маңдайына біткен тұлғаның туған тіліне деген құрметі жоғары болды. Оны бәрінен биік қойды, - деп А.Байтұрсыновтың тілімізге қосқан елеулі еңбегін көрсетуге тырысты.
«Мемлекеттік тіл мәртебесі» тақырыбында баяндама жасаған «Дарын» орталығының директоры Гүлшат Қанжан: - Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” - деген. Әр азамат өзінің ана тіліне көзінің қарашығындай қарауы керек және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті, - деп мәселе көтерді.
«Соңғы кезде үлкен тақырып болып латын әліпбиіне көшу мәселесі көтеріліп тұрғаны белгілі. Дүниежүзі халықтарының 80%-ы осы әліпбиге көшкен, ал кириллица жазуын әлемнің тек 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен», - деп баяндамасын бастаған М.Горький мектеп-лицейінің тілші мұғалімі Айболған Шопанова «Латын графикасына көшу – өмірдің қажеттілігі» тақырыбын кеңінен қозғады.
Арнайы қонақ болып қатысқан Қуантхан Ванов «Әліпби – ұлттың болашағы» баяндамасымен қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшірудің қажеттігіне тоқталды.
– Латын әліпбиі – қазақ халқы үшін таңсық нәрсе емес. Халқымыз 1929-1940 жылдары да латын әліпбиінде жазды. Сол кездегі ұлы тұлғаларымыздың шығармалары мен қолжазбаларын латын тілінен бүгінгі ұрпақ қиындықсыз аударып алып, оқуда. Әлеуметтік желілерде де жастар латын қаріптерімен жазып отырғанын көріп отырмыз. Себебі латын тілі – технология тіліне, ғаламтор тіліне айналып келеді. Осы уақытқа дейін ұсынылған әліпбидің бірнеше нұсқалары бар. Бірақ маған қаралып жатқан нұсқалардың ешбірі ұнамады. Өзімнің ұсынып жүрген латынша нұсқам бар, - деп, өзі жасаған әліпбидің Вановша нұсқасын таныстырды.
- Жылдағыдай оқу жылы басталысымен өтетін Тілдер мерекесіне аудандық білім бөлімінің дайындығы оқушылар мектепке келместен бұрын басталды. Бұл мереке бұрын 21 қыркүйекте тойланып келсе, осы жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» 31.10.2017 жылғы №689 қаулысымен өзгеріс еніп, 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесі болып бекітілді. Аталған күн қазақ тілі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ғалым, ақын, публицист, педагог және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орайластырып, алғаш рет аталып өтуде. Дауға салса, алмастай қиған, сезімге салса, қырандай қалқыған, ойға салса, қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы – ана тіліміз, қазақ тіліміз жасай берсін!», - деп аудандық білім үйлестіру бөлімінің бас маманы Ерлан Ізбен әдеби танымдық шараны қорытындылады.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА