Күйші, сазгер, өнер зерттеушісі Қарғабай Рафаэль Сиғалиұлының аудан жастарымен еркін форматта кездесуі өтті. Өзінің өмірін домбырасыз елестете алмайтын тұлға жастарға қазақ күйлерінің құдіретін түсіндірді, өзінің шығарған кітаптарымен таныстырды, өмірден түйген ойларымен бөлісті.
Форт-Шевченко қаласында 1962 жылы дүниеге келген Рафаэль Сиғалиұлының домбыраға ден қойып, күйлерді үйренуі 10-11 жастарынан басталады.
– Әкемнен 6 айлығымда айырылыппын. Өсе келе сол кісіден қалған қара домбыраны сабақтан қолым босай сала дұрыстап тартып білмесем де тыңқылдатып отырады екенмін. Сөйтіп отырған бір сәтте Бисембай Мұқанов ағайымыз көріп, домбыра үйірмесіне жазды. Осы кезден бастап аудандық мәдениет үйі мен үшін ыстық жерге айналды, - дейді сөзінің басында.
1974 жылы Бисембай Мұхановтан күй үйрене бастап, 1976 жылы ауданға келген жас маман, күйші Айтберген Жаңбыршыдан дәрісін жалғастыра береді. Домбыраға қатысқан 3 жылының өзінде Бүкілодақтық фестивальден лауреат атанып, аудан жанындағы ұлт аспаптар оркестріне мүше болып алынады. 1985 жылы өнер консерваториясына түсіп, 1990 жылы ауданға маман болып оралады. Консерваторияда Қаршыға Ахмедияров сынды халық әртісінен домбыра үйренген кейіпкеріміз 1990-2002 жылдары Түпқараған аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып істеп, өзінің алған білімін аудан мәдениетінің дамуына үлес қосумен жалғайды.
– «Күй құдіретін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өмірімнің қуанышында да, қайғысында да серік болған домбыраны құрметтеуім бөлек. Бұрындары күйді ауылда бір адам үйреніп келсе, басқа ауылдастар соның үйіне арнайы барып, үйреніп қайтатын. Басқа техниканы айтпағанның өзінде теледидар жоқтың қасы. Адамдардың бірінен-бірі ән үйренуі, күй, би үйренулерінің соңы кішігірім думан болып жататын. Біздің ата-бабаларымыз болған ғұн заманынан бері халқымыздың асыл мұрасы болып жүрген күй өнерінің ғұмыры ұзақ болатынына сенемін, себебі қазір домбыраны меңгеруге мол мүмкіндіктер берілді, оны үйренемін деуші жастар да көп» деген Рафаэль аға өзі де күйлер шығарғанын айтады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда «7-20-25» бағдарламасы бойынша 97 адам баспаналы болды«Бекбаулы ата», «Ақкетік», «Сүйінші», «Адайдың зары» атты күйлерін өмірінің әр кезеңінде түрлі жағдайларды сипаттап шығарған. Тек қана күй шығарып қоймай, естеліктер мен деректерді білетін адамдармен кездесіп, сұхбаттасқанды жақсы көретінін айтты.
- Кішкентай кезімнен өзімде бір дәптер болды. Қай жерден қандай жақсы сөз оқыдым, сол дәптеріме жаза береді екенмін. Кейін өзіме балалық шақтағы сол дәптерім көмек болды. Кітап оқу сүйікті ісім болды, сондықтан оны көп сатып аламын. Бұл күнде үйімде 1500 кітап қорым бар. Өзім кез-келген кітапты емес, ұнаған кітапты сатып аламын. Адам өзіне ұнайтын нәрсесін ешкімге бергісі келмейді екен. Ақсақалдармен көп әңгімелесіп, көп мағлұматтар жинап жүремін. 2012 жылы «Құлсары ата», 2014 жылы «Жыңғылды – киелі мекенім», 2016 жылы «Белгілі Нұрбаулы атым Адайларға» атты кітаптарым жарық көрді. 2017 жылы шығарған «Ақкетік – өнер ордасы» атты кітабым аудандық мәдениет үйінің паспортына айналды. Себебі онда аудандық мәдениет үйінің тарихы, онда еңбек еткен өнерпаздардың өмірбаяндары мен еңбек жолдары қамтылды, - деп, өзінің күйшіліктен бөлек басқа да сүйікті істері бар екенін танытты.
2002-2010 жылға дейін өнер ордасынан жырақтап, басқа салада жұмыс атқарады. Осы сәттерінен естелік келтіргенде:
- Қырыққа дейін әртіс болдым, қырықтан кейін таксист болдым деп кейде әзілдейтін едім. Адам баласы қандай жұмыс болсын қашпауы керек. Мектеп бітіргеннен кейін 1 жылдай «АТК» карьерінде дизилист болып жұмыс жасағанмын. Одан кейін өнер саласында өзімді сынадым. «Сөздің турасы жақсы, түйенің бурасы жақсы» деген екен Есен Ерменбет бабамыз. Басшылықтағы бір кісімен келіспей, өнерден кетуге тура келді. Сол кездерде менің шығарған кейбір күйлерімнің нотаға түсірген нұсқалары да жоғалды. Өмір бойы ұстанған мақсатымның ішінде шыншыл болып өту де бар. Жастардың да ешкімге жалтақтамауына, өз ісінің тура жанашыры болып өсуіне әрдайым тілеулес болып жүремін, - дейді.
Өнерде әлі өзінің лайықты бағасын ала алмай жүрген әріптестерінің біразын атап өтті. Маңғыстау күйлерін зерттеуші, біразын нотаға түсіріп, оны республика көлемінде танытушы Айтберген Жаңбыршинге «Түпқараған ауданының Құрметті азаматы» атағы берілсе, жақсы болар еді деген де ойын жеткізді.
Клара МЕҢДІБАЙҚЫЗЫ