Өткен аптада аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі «Оңдасын Строй» ЖШС мекемесімен бірлесе отырып, орталық жасыл алаңда халықаралық турнир өткізді.
Турнирге Астрахан облысы, Павлодар ауданынан келген бір топ ардагер спортшыларынан құралған Құрманғазы атындағы аудандық мәдени орталық пен Ақтау қаласындағы «Маңғыстаумұнайгаз», «Қайрат» және Қарақия ауданынан «Қарақия-ОңдасынСтрой» командалары бақ сынады. Спорттық шараның жоғары деңгейде өткізілуіне Қарақия аудандық әкімдігі мен спорт бөлімінің мамандары белсене атсалысты.
Сапқа тұрғызылған командалар алдында аудан әкімінің орынбасары Е.Күмісқалиев, «Оңдасын Строй» ЖШС мекемесінің бас директоры Б.Боранбаевтар сөз кезегінде қонақтарды мереке күнімен құттықтап, турнирге қатысушы команда мүшелеріне жеңіс тіледі. Ән мен күйден шашу шашылып, мерекелік көріністерден соң келесі сөз кезегін алған Астрахан облысындағы Павлодар аудандық Құрманғазы атындағы мәдени орталықтың директоры А.Абулғазиев аудан әкімі Қ.Бековке шексіз ризашылығын білдіріп мәдени орталығының атынан Алғыс хат табыстады және қонағы ретінде ескеріп, жылы қарсы алғандары үшін шексіз ризашылығын білдірді. Сондай-ақ аяқ доптың дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан бапкер ардагерлерден құралған туристік командасына биыл төрт жыл толып отырғандығын айтты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бейнеуде «Өз балаңа үлгі бол» республикалық конференциясы өтті- Мен футбол ойынын жан-тәніммен жақсы көремін. Сондықтан түрлі маман иелері, яғни мұғалімдер, дәрігерлер мен кәсіпкерлерден құралған командамды өзім жинағанмын. Біздің ауданымызда 150 мың қазақ халқы тұрады. Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 195 жыл толуына байланысты, сонымен қатар Астрахан губерниясының 300 жылдығына орай ауданымызда бірнеше рет халықаралық турнирлер өтті және де алдағы уақытта да өтпек. Қазіргі таңда Қарақия ауданымен тығыз байланысқандығымызды мақтан тұтамыз. Ауданымызда өткен халықаралық турнирлерде бақ сынаған былғары доптың шеберлері қарақиялықтар екі жыл қатарынан жеңімпаз атанып, кубокты жеңіп алды. Жеке басым Қарақия ауданына жиі келіп тұрамын. Ал спорт шеңберінде ардагерлер командасымен бірінші мәрте келуім. 2016 жылы гастрольдік сапармен келіп, концерттік бағдарламада өнерлерімізді ортаға салғанбыз. Халық еңбегімізді жоғары бағаласа, аудан әкімі біздерді марапаттап, аудан атынан иығымызға дәстүрлі шапанын жапты, - деді Амангелді Абулгазиев.
Турнир ашық деп жарияланғаннан кейін кездесулер басталып кетті. Төрт командалық топ ойынға белсене бел буды. Нәтижесінде «Маңғыстаумұнайгаз» командасы жеңімпаз атанса, Құрманғазы атындағы аумақтық мәдени орталық екінші орынға ие болды. Үшінші орынды «Қарақия-Оңдасын Строй» мен төртінші орынды «Қайрат» командалары қанағат тұтты. Номинациялар бойынша «Қарақия-ОңдасынСтрой» командасынан Т.Кабдрахманов «Үздік қақпашы», «Қайрат» командасынан Марат Оразбаев «Үздік қорғаушы», «Маңғыстаумұнай» командасынан Сабыр Жары «Жартылай қорғаушы», Құрманғазы атындағы аумақтық мәдени орталық командасы «Үздік шабуылшы» болып табылды. Турнирде бақ сынаған барлық ойыншыларға жүз, жетпіс, елу, отыз мыңдай қаржылай сыйлықтар берілді. Жүлдегерлерге, үздік деп танылған ойыншыларға дипломдар табыс етілсе, жеңімпаз атанған команда кубокті қанжығасына байлады. Кейін турнирге қатысушы қонақтарға арналып «Ақжол» мейрамханасында дастархан жайылды.
Майра ТӨЛЕУОВА