©
Түпқараған ауданына ҚР Президентінің бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуын бақылау жөніндегі Маңғыстау облысы бойынша қоғамдық кеңесінің мүшелері, Маңғыстау облысы сайлау комиссиясының төрағасы Күмісқали Есен Күмісқалиұлы, «ҚазҒЗЖИМұнайГаз» ЖШС бас инженері Ешманов Киікбай Жақыпұлы, «Ұлттық рух» қоғамдық ұйымының төрағасы Сүгірбай Аят Исатайұлы, ҚР Ұлттық банкінің Маңғыстау филиалы директорының орынбасары Сүгіров Нұрлан Алтанмергенұлы, Маңғыстау облысы бойынша кірістер департаменті басшысының орынбасары Тасмағанбетов Құрманғали Нұрғалиұлы, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің кеңесшісі Жетібаева Алия Құсайынқызы іс сапармен келді. «7-20-25» бағдарламасын түсіндіру жұмыстары бойынша келген арнайы топ аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында бағдарлама бойынша түсінік берді.
«Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын бекітіп, «Баспана» арнайы ұйымын құрды. Бағдарлама бойынша ипотекалық қарыздар ұлттық валютада беріледі және оған тұрақты кірісі бар, меншік құқығында баспанасы жоқ азаматтар қатыса алады.
- «7-20-25» халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бағдарлама. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін береді. Ұлттық банк қысқа мерзім ішінде үлкен жұмыстар атқарды. Сонымен қатар Сенатта жаңа заң жобалары қабылданды. Бүгінде «Баспана» ұйымы екінші деңгейлі 7 банкпен келісімшарт жасап, қол қойды. Банктер «7-20-25» бағдарламасы бойынша қарыздарды рәсімдеумен айналысады. Сондай-ақ, республика бойынша бағдарлама қатысы жағынан облысымыз үшінші орында. Бүгінде 202 өтінім берілсе, соның 147-і ма құлданып, 81-не несие беріліп отыр, – дейді ҚР ҰБ РММ Маңғыстау филиалы директорының орынбасары Нұрлан Сүгіров. Осы жиында бағдарлама аясында бастапқы жарнаны әкімшілік тарапынан субсидиялау мәселесін аудан әкімі Айдос Таңғалиұлы көтеріп, қолдайтындығын ұсыныс ретінде жеткізді. Себебі жаңа әкімнің айтуы бойынша аудан әкімінің қабылдауына келетін тұрғындардың басым көпшілігінің басты мәселесі – баспана жәйы.
Бас ауыртар баспана мәселесі бүгінде жеке азаматтың басындағы жеке мәселесі де, үкіметтің күн тәртібінен түспейтін басты тақырыбы да болып отыр. Партия мен аудан әкімдіктерінен бастап облыс, республикалық түрлі әкімшілік жеке қабылдаулардың да 90 пайызы баспана мәселесін қамтиды екен. Басына бір күрке аңсамайтын адам жоқ шығар. Оның үстіне баласы енші алып, бір басы екі екеу болған әр қазақ үшін бұл таныс жағдай. Қаражатын қолма-қол төлеп, қоныс тойын тойлай беруге көбісінің қалтасы көтермейді. Ипотека деген шырмауыққа шырмалады, үстеме пайызды арқалайды. Ең соңында үйді алуын алғанмен, ай сайынғы несиесін төлеуге төлем қабілеттері жетпей жатады. Мәселен, 36 жасар ақтаулық Айбар 3 баласымен өз баспанасы болғанын армандайды. Алайда оның қолындағы 2 млн. теңгесімен құрылыс компанияларының жаңа үйіне алдын ала төлемінің бөлшегін жасағанмен, қалған қаражатын мерзімді уақытқа бөліп беретін төлеміне жетпей қинайды. Себебі оның 150 мың айлығының ішінде ішіп-жеуі мен жүріс-тұрысынан басқа да шаш-етектен шығыны бар емес пе? Бұл тұрғыдан қарағанда «7-20-25» бағдарламасы төлем қабілеті мен алдын ала жиған 2 млн. теңгесі үшін Айбарға таптырмас мүмкіндік ұсынады. 10 млнның 2 бөлмелік пәтері үшін ол алдын ала жиған сомасымен үйді таңдап, аталмыш бағдарламаға қатысушы 7 банктің біріне бара алады. Бастапқы жарнасын төлейді, қалған қаражатты банк 7 пайызбен есептеп, жоба мен 72 мың теңге есебінде несие кестесін жасақтап береді. Айбар 180 ай бойы осы соманы уақытылы өтеуге міндетті. Банктің ішкі талаптарын ескере отырып, Айбар жал ақысы жақсы жұмысқа ауысқан жағдайда несиесінің жылынан бұрын өтеу мүмкіндігін де қолдана алады. Бұл бір Айбар арқылы берілген мысал ғана. Жиын барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар да көптеп түсті.
«7-20-25» бағдарламасы дегеніміз...
Естеріңізге сала кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыз айында өткен Парламент палаталарының отырысында «7-20-25» жаңа тұрғын үй бағдарламасын ұсынған еді. Бағдарлама шілдеден бастап іске қосылды. «Қарыз алуға өтініш берген адамның жеке басының мәліметтеріне ғана қараймыз. Өз атына тіркелген жылжымайтын мүлігі жоқ болса жеткілікті. Ал, жақын туыстарының, балаларының, әйелінің немесе күйеуінің, ата-анасының атындағы баспана бағдарламаға қатысуға кедергі бола алмайды», – дейді ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев бағдарламаны таныстыруға арналған ең бірінші баспасөз конференциясында. Данияр Ақышевтің айтуынша, бұл бағдарлама «мемлекеттің арқасында күн көруге» емес, азаматтарды жеңіл несиеге қол жеткізу мақсатында әзірленген. «Бұны Елбасы бірнеше рет айтқан. Біздің мақсатымыз – азаматтар жеңілдікпен үй алып, оның қарызын мемлекетке жүктеп қою емес, керісінше ары қарай несиелерін төлей алуы», – деген болатын Ұлттық банк төрағасы сол таныстырылымда.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтау туризмі шетелдіктерді тәнті етті«7-20-25» бағдарламасының бір ерекшелігі онда нысаналы мемлекеттік қаржыландыру жоқ. Бағдарлама бойынша несиенің негізгі шарттары: жылдық үстеме 7%, басқа қарыз берген және рәсімдегеніне қатысты ешқандай комиссиялар ұстамайды, бастапқы жарна 20%, мерзімі 25 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама.
Үй бағасына қатысты бағдарлама не дейді?
Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында ипотекалық несие 25 млн. теңгеге, басқа өңірлерде 15 млн. теңгеге дейін. Жаңадан пайдалануға беріліп жатқан құрылыстан тұрғындар пәтерін таңдап, бастапқы жарнасын алып, банкке хабарласуына болады. Осы жылдың екінші жарты жылдығынан несие беру басталып кетті.
Бағдарлама арқылы баспана алғысы келетіндер үшін...
Біріншіден, сатып алынатын баспананы таңдау керек. Осы орайда тұрғын үйдің шекті құны белгіленеді. Бастапқы кезеңде тек жаңа тұрғын үйді сатып алу өтінімдері қарастырылады. Екіншіден, адамдар тиісті өтініммен және құжаттармен банкке келуі тиіс. Үшіншіден, баспана алуға ниетті адамда несиеге қызмет көрсету үшін қажетті табыстылық деңгейі болуы керек. Төртіншіден, тұрғын үй алатын адамның меншігінде баспанасы болмауы тиіс. Яғни, жаңа бағдарламаға баспанасы жоқ азаматтар ғана қатыса алады. Бірақ әрбір адамның төлем қабілеттілігіне баса назар аударылады. «720-25» бағдарламасын іске асыратын компанияның атауы - «Баспана». Банктер жаңа бағдарламаны іске асыруға дайын. Тәртіп бойынша екінші деңгейлі банктер халыққа ипотекалық заемдарды береді. Ал арнайы ипотекалық компания ол несиелерді сатып алады. Сөйтіп жылдық үстеме ақы 7 процентке түседі. Барлық заемдар теңгемен беріледі. Сосын бастапқыда арзан ипотека тек жаңа үйлерге ғана таралады. Бағдарлама 7 проценттік мөлшерлемеден, 20 пайыздан аспайтын бастапқы жарнадан және 25 жылға дейінгі несие мерзімінен құралған. Бұнда негізгі қағида мөлшерлеменің көбейтілмеуі, яғни қарызды беруде, қызмет көрсетуде ешқандай комиссия алынбайды. Басты талап ресми кіріс көзінің болуы, еңбек немесе кәсіпкерлік қызметінің расталуы. Ол үшін салық орган дарының немесе БЖЗҚ анықтамасын әкелуге болады. Яғни бұл бағдарлама мемлекеттік қызметкерлерге де, кәсіпкерлерге де арналған.
«Ипотека алуға ниетті жандардың тұрақты жұмысы болуы керек, кәсіпкерліктен табатын табысын да көрсетуіне болады. Өз атында баспанасы болмауы және қазіргі таңда төлеп жатқан ипотекалық қарызы болмауы шарт». Сондай-ақ кредиттік тарихында кемшілік болмауы да ескеріледі. Бағдарламаға қатысты сұрақ туындаған жағдайда «Баспана» ұйымының www.baspana72025.kz сайтына хабарласуға болады, сондайақ +7(727) 227 2025 нөмірі бойынша тегін call орталық тәулік бойы жұмыс істейді.
«7-20-25» бағдарламасына қатысуда қандай құжаттар талап етіледі?
Иә, азаматтарға осы бағдарлама арқылы алған ипотекасын 25 жылға созбай, ерте жауып тастауға мүмкіндік беріледі. Және де несиеңізді ерте төлеп тастағаныңыз үшін ешқандай айыппұл салынбайды.
Ипотека алу үшін қандай банктерге бару керек?
Жаңа тұрғын үй бағдарламасының операторы ретінде жаңадан ұлттық компания құрылды. Ол Ұлттық банктің еншілес «Баспана» деп аталатын компаниясы. «Баспана» операторы «7-20-25» бағдарламасы арқылы ипотека беретін 7 банкпен келісімшартқа қол қойған. Олар: Центркредит, Евразия банкі, АТФ банк, RBK, Халық банк, Цесна банк және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі. Жыл соңына дейін бұлардың қатарына Сбербанк пен Форте банк қосылады. Кейбіеулері жұмысты бастап кетсе, кейбір банктер техникалық себептерге байланысты жұмысты бастаған жоқ.
Милана ЕЛЕУСІНОВА