©
Мұсылман қауымында «Мединада Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Пір Бекет» деген қасиетті сөз бар екенін бәріміз де білеміз. Осындағы есімі пайғамбарымыз Мұхаммедпен (с.а.с.), ұлы ойшыл, ақын, діни қайраткер Қожа Ахмет Яссауимен бірге әспеттеліп аталып келе жатқан Бекет Мырзағұлұлы – Пір Бекет діни ғұлама, данагөй, абыз, ағартушы, сәулетші, халық батыры. Ол Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылында 1750 жылы дүниеге келіп, 1813 жылы Оғыландыда жерленген. 2010 жылы Бекет атаның 260 жылдығы ел көлемінде кеңінен аталып өткені баршаға аян.
Бекет ата Атырау аймағында, Үстіртте 5 мешіт салдырады. Олар Құлсарыға таяу Ақмешітте, Үстірттің оңтүстік батысындағы Оғыланды тауында, Ескі Бейнеуде, Маңғыстаудағы Тобықтыда және Үстірттің оңтүстік шығысындағы Баялы деген жерде.
Бекет атаның аталған жерасты мешіттері – анық сәулет өнерінің ескерткіштері болып келеді. Оғыланды тауындағы мешіт ақ бор тасты тау шатқалының тереңірек орта қабатынан ойып жасалған. Бұл мешіт төрт бөлмеден тұрады. 63 жасында дүние салған атаның мүрдесі осы мешітте жерленген. Аңыздарға қарағанда Бекет ата бұл мешіттерді жыл маусымдарына қарай ауыл балаларын оқыту, сондай-ақ әрі-бері өткен жолаушылардың тынығып, өмірден озған ата-бабаларға зиярат ету үшін салдырған.
Қалың ел қуанса да, қорықса да әуелі Аллаға, содан кейін Бекет атаға сиынған. Бұл ақиық ақын Фариза Оңғарсынованың мына шумағынан да аңғарылады:
Әуелі Алла, Содан соң Бекет әулием! Аруағыңа бас идім! Сүйенерім өзің болғанда Мен неменеге жасимын.Пір Бекетті ұстаз, тәлімгер санаған ағартушылар, молдалар аз болмаған. Солардың бірі, бірегейі де Ержан хазірет болған. Бұл мақалада Бекет атаның жолын ұстанған Ержан хазірет жайлы сөз болады.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен «1997 жыл жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп аталғаны белгілі. Осыдан бергі кездерде Президентіміздің бұл шешімі жұртшылық тарапынан айрықша ризашылықпен қолдау тауып, республика, қала, аудан орталықтарында, елді мекендерде қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болған қайраткерлердің, қарапайым ел азаматтарының рухына құран оқу, елі, халқы үшін еткен қызметтерін халыққа паш етудің игілікті жұмыстары іске асырылып келеді.
Тәуелсіз елімізде еркіндіктің самал желі жеткеніне қуандық. Қуандық та есімізді жинап, өткен-өшкенімізді еске түсіріп, көп жылдар бойы қиюы қашып келген ақыл-ойымызды жаңа бағытқа бұрып, өмірде жазықсыз жапа шеккен асылдарымыз жайлы, олардың рухтарын көтеруге бағытталған жаңа қадамдар жасауға бет бұра бастадық. Сонда біздің ойымызда біз білетін Маңғыстаудың асыл-ардақтылары қайта оянып, олардың арасында обал мен сауаптың, имандылық пен қайырымдылықтың белгісіндей болып Ержан (Ермұханбет) хазіреттің бейнесі тұрды.
Маңғыстауда Ержан хазіреттің алдында, немесе қатарлас өмір сүрген Есек Абдолла хазірет, қырымқұл Әбді ахун, шоңай Шайқы ахун, Ыбырай ахун Құлбайұлы, бәли Нұрнияз ахун, тастемір жары Айдар ишан, бегей Тұрыс ишан, жаңай Шабар ишан, Көркембай молда, кеще жары Түйте молда, бәли Көкен молда, бектеміс жары Қарағұл, Тоқтамыс жары Төлесін молдалар болған болса, бұдан арғы заманда да адай елі арасында талайлаған пір Бекеттің жолын берік ұстаған ислам дінінің белді тұлғалары, Мекке мен Мединаға қиындықпен барып қайтқан қажылар аз болмаған. Солардың көпшілігі өзгермелі заман ағымында ескерусіз, елеусіз қала берген. Кеңестік идеологияның санамызға сіңгені сонша, ұлтымыздың тарихын ұмыттық. Ұл-қыздарымызды өзінің ана тілінен гөрі өзге-орыс тілін білуге, қазақ халқының тарихынан гөрі Ресей тарихын білуге бейімдеп білім, тәрбие беріп, ұлтымыздың ұстамды тәлімі, ұлағатты тәрбиесі жөніне қалды. Ал кезінде осы жайттарды сезіне біліп, ел-жұртының ертеңін ойлаған тұлғалар, дініне берік Ержан Төлегенұлы секілді көңілдері сәулелі, көзі ашық азаматтар патшалық дәуірлер мен кеңестік кезеңдерде алыс сібірлердің абақтыларына айдалды, жазықсыздан-жазықсыз атылып кетті.
Кең байтақ Қазақстанда қоғамдық, әлеуметтік өмірдің, мәдениет пен әдебиеттің қай саласы болмасын туған халқының өркен жаюы жолындағы еңбегі мадақталу орнына, керісінше, тоталитарлық жүйе кезінде өзіне пәле болып жабысып, арманда кеткен азаматтар аз болған жоқ. Солардың бірі – өзінің көзі тірісінде-ақ халық құрметіне бөленіп, ерекше беделге, құрметке ие болған, бар ғұмырын ұрпаққа білім беруге, оларды имандылыққа, тазалыққа, ынтымақты, түзу жолда болуға тәрбиелеуге арнаған, ислам дінінің ғұламасы-хазірет атанған, діни жоғары білімді Ержан Төлегенұлы еді. «Аза» кітабының 173-ші қатарында ол туралы былай деп жазылған: «Төлегенов Ержан, 1887. Ф.Александровск. Паналық жер өңдеу серіктігінің мүшесі. Батыс Қазақстан облысы бойынша НКВД үштігі... 25. 11. 37. 58-10. 11-бөлімі. 10 жылға бас бостандығынан айыруға, Гурьев облысы прокуратурасы 23. 05. 89 ақтады.» Бұдан көрініп отырғанындай, Ержан хазіреттің кінәсіздігі тек 50 жылдан кейін, өзі дүниеден өткен соң ғана мойындалған.
Мешіт ашып, балаларға әліпби үйреткен, мал бітпеген жарлы, ешбір кінәсіз, Ержан хазіреттің тек «молдасың» деп айыпталуы ақылға сыймайтын өрескел зорлық болатын.
Алласына сиынған Ержан хазірет бір емес, үш рет (1932, 1937, 1942 ж.ж.) кеңес түрмесіне қамалып, өмірінің 10 жылдан аса бөлігін айдауда азаппен өткізді. Осы кездердің барлығында да тергеу орындары оған зорлық-зомбылықтың неше түрін қолданып, оны мұсылмандық жолдан тайдырудың барлық амалдарын жасап бақты. Алайда бұл әрекеттері ешбір нәтиже бермеді. Өйткені Ержекең дініне аса берік, алған бағытынан, ұстанған жолынан қайтпайтын ер, барынша ұстамды, бір сөзді, өз ісінің Мұхаммед пайғамбар, пір Бекет жолымен сәйкес келетіндігіне шынайы сенетін, құранды, оның сүрелерін барынша қастерлеп өткен, құдай бір, құран шын деген сөздер өмірлік уағызы болған кісі еді.
1928 жылдан 1953 жылға дейін бақылауда, жауапталуда болған Ержан хазірет қамаудан келген соң да түрме тауқыметін жұқалап қана еске алатын. «Бәрі де жаратқан Алланың қалауымен болып жатады. Адам баласы шыр етіп жерге түскенде маңдайына жазылған бейнеті мен рахатын кесінді сызығы жеткенше көріп өтуге тиісті. Алла тағаланың ісіне ренжуге болмайды», – деуші еді.
Ержекеңмен түрмеде талай бірге отырған Құлшарұлы Бекен қарт Ержан хазіреттің ұлылығын бойлай еске алып, «Шыдамы берік, төзімі болаттай Ержекең түрмеде тамақ болмай аштан аш қалған кездерімізде біздерді сабырға шақыратын: «Құдай жеткізер, уайым айта бермеңдер, Алла жар болса аш қалмаспыз» деп тоқтам айтып, қолтығымыздан демеп күш беріп, сенімімізді беркітіп отыратын. Айтса айтқандай, біраз шыдасақ болды, сырттан азық келіп қалушы еді...» – деген болатын.
Ержан хазіреттің адами қасиеттерін жеткізіп айту – екінің бірінің қолынан келе бірмейтін іс. Өйткені ол кісінің қасиеттері жай адамдардан өзге, пенде деген ұғымнан жоғары еді. Оның ісі, сөзі, жүріс-тұрысы, кісілермен амандасуына дейін өзгелерден өзгеше, айрықша мейірімділігімен замандастарының назарын өзіне еріксіз аударатын. Ержекеңнің терең діни білімділігі соншалық, онымен ислам дінінің қағидалары, Құран сүрелерін түсіндіру, дүниенің жаратылысы, өмір мен өлім жайлы пікір сайыстарына баруға тіпті әжептәуір молда атанып жүргендердің өздерінің де батылы бара бермейтін. Хазіреттің орыс тілін білетіндігі, жоғары математика есептерін де шығара алатындығы, астрономия, жағырапияны меңгергендігі талас туғызбайды, баспа беттерінде айтылып та келеді. Ержекең осындай жан-жақты білімділігі, жоғары адамгершілік қасиеттері арқасында сол кезде бүкіл кіші жүзде хазірет атағын алған екі кісінің бірі болған, екіншісі – Атырауда тұратын Хасен деген кісі екен.
Ержан хазірет молдалық қызметі үшін, жаназа шығарғаны үшін жарлы-жақыбайлардан ақы алмайтын, ал дәулеттілердің ұсынған мал-мүлкін түгелдей жоқ-жітіктерге таратып беретін. Мысал келтірелік. Шайырда тұратын Жанжігіт Іздібаев ақсақал – Ержан хазіретті көре қалған көнекөздердің бірі.
«Әкем қайтыс болды да, ауылдас бір молдаға жаназасын оқыттым. Жаназа оқыған адамға бірдеме беретін әдетімізге орай молдаға бір жылқымды жетектеп бардым. Ержекеңнің үлкен беделін сыйлайтын, дін жолында көрнекті басшы деп білетін бұл молда «жылқыңды Ержан хазіретке апар» деп үш рет қайталады. Амалым қалмаған мен жылқымды жетектеп Шиліқұдықта отырған Ержекеңе апарып, келген шаруамды айттым. Сонда Ержекең байыпты да байсалды кейіпте өз шешімін білдіріп, жылқыңды ауылыңа апарып сой да, жартысын жаназа оқыған молдаға бер, қалғанын алты жілікке бөл, бес бөлімін күйі нашарлау бес сыбайлас үйлерге тарат, ал маған бір жілігін беріп жіберсең де болады, әкеңе ысқат намазын оқуды өз міндетіме аламын деді. Мен бұл тапсырманы бұлжытпай орындадым», – дейді Жанжігіт.
Ержан хазіретпен рулас бектеміс жары Жақсығат Матаев ақсақалдың естелігін де келтіре кетудің артықтығы болмас деп ойлаймыз. Жәкең сөзін: «Кеңес үкіметі кезінде «Дін – апиын» деп діни наным-сенімдерді жоюға бағытталған, оны коммунистік идеологиямен ауыстыру қажет деп шапқылаған партия белсенділері көп болды. Сол тұста облыстан (Гурьев) келген бір партия қызметкері «осы сіздердегі Ержан деген молдаға діни уағыздарын қойғызу, оны діннен бездіру керек» деп соңымыздан қалар болмады. Мен сол тұста ұжымшар басшысы едім. Ержекеңе дінге қарсы үгіттің ешқандай жүрмейтінін жақсы білемін. Содан қулыққа көшіп, сіз де сөйлесіп көріңізші, мүмкін үлкен орынның беделді адамы болғандықтан сөзіңізді қабыл алып, мұсылмандық жолдан бас тартар деп қойдым. Ол кісі барсам барайын деді. Біздер үйге кіріп, таныса бастағаннан кейін-ақ, Ержекең өзіне тән байыптылық, шешендікпен сөз бастап кетті. Шай келді, әңгіме айтылып жатыр, бір кездері ет келді, Ержекеңнің оралымды, ойлы сөздері жалғаса түсуде... Әлгі обком қызметкері Ержекеңе «кеңес» беріп, дінге қарсы үгіт-насихат айту былай тұрсын, тіпті сөзден қалды. Мұсылман дінінің имандылығына өзі де сенгендей болып, астан кейін рұқсат сұрап, әрі осында келгендегі әбес ниеті үшін кешірім өтініп кетумен болды. Былайырақ шыққасын бір ауыз тіл қатып, «апыр-ай, мына кісі терең білімді, жан-жақты, күшті кісі болды, оны өз дініне деген сенімінен қайтару мүмкін емес екен» – деген еді. Сондай-ақ күні кеше ғана өмірден өткен, елге белгілі Төлесін молда Ержекеңді еске алғанда «Ержан хазіретті біздің әкелеріміз молда етіп ұстады. Мен Ержекеңе оқып, әліпби танып, діни дәріс алдым. Үздік оқыдым. Ержекеңнің мінез-құлқы жұмсақ, ілтипат-ізеті мол, білімі ұшан-теңіз болатын. Бұл кісі өз түбегіміздегі өзіміз көзбен көрген соңғы пайғамбар ғой» деп жоғары баға берген болатын.
Көп жылдар Маңғыстау, Бейнеу аудандарының сауда орындарында, Бейнеу ауданының қаржы мекемелерінде басшы қызметтерде болған, көпті көрген, көп нәрсеге баға бере алатын соғыс ардагері Ізтұрған Меңдіқұлов ағамыз Ержан Төлегенұлын жақсы білетін, әңгімелерін көп тыңдаған ақжарқын, туралықты, әділдікті айрықша бағалайтын, асыра сөз айтпайтын кісі еді. Ізекең Ержекеңнің әңгімелерін еске алған кезінде «Жігіттің 7 атасы болады, олар: 1. Өз атасы 2. Нағашы атасы. 3. Қайын атасы. 4. Өкіл атасы. 5. Кіндік атасы. 6. Сүндет атасы. 7. Ұстаз атасы»– деуші еді деп, хазіреттің білімдарлығын таңдана айтып отыратын.
Әрі шежіреші, әрі шешен, діни білімді «Адайдың Алшыны» атанған А.Меңдалиев те Ержан хазіретті етене білетіндердің бірі еді. Алшекең: «Мен Ержекеңді жақсы білетін адаммын. Ержекеңнің білімі де, ақылы да көл-дария еді. Ол – Маңғыстаудың қараойында мұсылманның қасиетті діні үшін бір туып кеткен тұлға ғой. Ержекең дүниеден өткесін Маңғыстауда мұсылманшылық бір сатыға әлсіреді. Ержекең тұрмыстың тауқыметін, айдаудың ауыртпалығын, қамаудың қиян-кескі қиыншылығын көріп жүрсе де, ешқашан пендешілік жасап, мұсылманшылық жолынан тайғақтамаған», – деуші еді.
Маңғыстаудың белгілі діни білімді, молда, тақуаларының өзі арнайы ат сабылтып Шиліқұдық жерінде тұратын Ержекеңнің алдынан өтуге жиі барып тұратын. Олар Ержанның терең білімін, дін жолындағы үлкен ұстаз екендігін мойындап, оның алдында өздерін кіші санап, қолын алып қайтуды өздеріне зор мәртебе деп білген. Олардың ішінде заманында белгілі атақ-абройға ие болып жүрген шоңай Құлыш, бәли Көкен, шотан Мұқан, тіней Нұрғали, бәубек Айжанақ, тоқтамыс Бимұрза, бектемістер Қарақұл, Қойшыбай, тастемір Әбдіжаппар Айдаришанұлы, Ағзам Жанәділ, тағы басқа діни қайраткерлер болатын. Тіпті бұлардан басқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен, өзбек, қарақалпақ, түрікпен ағайындар арасынан шыққан діни білімді адамдар да Ержекеңе жол шалғайлығына қарамастан келіп-кетіп, пікір алысып тұратын.
Ержан хазіреттің бар байлығы кітаптары еді. Ол бос кездерінің барлығын кітап оқуға арнап өткен. Олардың арасында араб, парсы, шағатай, түркі, татар тілдеріндегі кітаптардың болуы Ержекеңнің осы тілдерді де меңгергендігін байқатады. Ержекең тұтынған кітаптардан Имам Абдулла Мұхаммед бин Салламаның «Дақойи қул ахбар» және Ахмад бин Али Аскаланидің «Мунаббиһат» атты кітаптары араб тілінен маңғыстаулық жас діндар, жорналшы Себасов Марат Бақбергенұлының аударуы және баспаға дайындауы арқылы жарық көрді. Бұл кітаптарды жеткізуші Ержекеңнің ізбасары Төлесін молда болған. Облыстық тарихи өлкетану мұражайының «Маңғыстау ахундары кітапханасына» кіретін бұл кітаптардың тұсаукесері «Маңғыстау ахундарының аманаты – асыл мұралардың елмен қауышуы» және шейх ғұлама Ержан хазіреттен қалған кітаптардың қазақ тіліне аударылған тұсаукесер руханият кеші деген атпен 2004 жылдың 16 маусымында өтіп, атаның өмір жолында көрген қиындықтарды жеңе біліп, тіпті осы жолда кездескен қайсыбір дінсіздердің өздерін Алла жолына сендіре білген ерекше қасиетіне тыңдаушылар бас иіп, есімін, халқына имандылық шарапатын шашуға бағытталған өмірлік ісін айрықша құрметпен атаған еді.
Ержекеңнің соңында кітаптарынан басқа қалдырған бүкіл өмір бойы халықты имандылыққа, Алланы сүюге, адамзаттың асылы – пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.с.) уағыздарын, Құранда айтылған талаптарды орындауға бағытталған насихаты әрбір мұсылман үшін шексіз байлық дер едік. Мұнымен бірге, Ержан хазірет өз қолымен түркі, шағатай тілдерінде жазған уәзилапасын өзінің шәкірті Төлесін молдаға аманат етіп қалдырған. Ал аудармашылық қызмет атқарған Қожагелді молдаға Төлесін молданың ізбасары, шәкірті, Таушық ауылындағы «Ержан хазірет» мешітінің имамы Нұриддин молда жеткізген. Бұл күндері елімізге ірі-ірі діни оқу орындарын бітіріп келіп жатқан жас кадрлеріміз аз емес. Олар да бұл аса жауапты іске кеңінен араласса, жоғарыдағыдай, Ержекең оқыған дүниелер қазақ тіліне аударылса, хазіреттің көз майын тауысып жазып кеткен естеліктері мен шәкірттеріне қалдырған басқа да уәзилапалары жинақталып, өмірге келсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Ержан балалық шағында Маңғыстау ауданының Тұщықұдық елді мекеніндегі атағы елге танымал Айдар ишанның мешітінде оқып алғашқы діни сауатын ашқан. Содан кейін білімге құштар жас сол кездегі ірі білім ордасы – Бұқара қаласына аттанып, жоғары білім алады. Ержекеңнің таңдағаны молдалық – жастарға тәлім-тәрбие, діни білім беру саласы болады. Бұқарадан шатырхат (диплом) алып келісімен бұрын өзі сауатын ашқан Айдар ишанның мешітіне молда болып орналасып, бала оқытқан. Кейінірек Ержекең Пір Бекеттің жолымен сол Тұщықұдық жеріндегі Сорқұдықтан мешіт салып, ауыл балаларына әліпби үйретіп, оларды қайырым мен мейірімге, обал мен сауапқа тәрбиелеген. Ержекең осылайша Бекет атаның діни уағыздарын насихаттаушы, жастарды, халықты кісілікке, тазалыққа, адамгершілікке, бір Алланы медет етуге тәрбиелеудегі үлгісін жалғастырушы болды.
Төлегенұлы Ержан хазірет 1887 жылы қазіргі Қаражанбас, Қаламқас жерінде-Керелде, кеңес үкіметі кезінде Орта-еспе деп аталған ауылдық Кеңесте өмірге келіп, 1966 жылы жасы 79-дан сексенге қараған шағында дүниеден озды, денесі ежелден елге белгілі Шақпақ ата қауымына жерленді. Ержекең діннің әрпі мен рухына өте адал болған. Ол замандастарына «Адамның тәні топырақтан жаралған, өлген соң топыраққа араласуға асығады, өлген адамға аса биік, сарайдай етіп там салу қажет емес, бұлай ету бәсеке-байрақ, мұны шариғат қолдамайды. Барлықты, байлықты жарыстырмай, шашылып-төгілмей-ақ ит-құс түспейтіндей үсті ашық, биіктігі бір жобадағы там салса болады және бұл менің ойдан шығарғаным емес, атам заманнан бері қарай келе жатқан мұсылман халықтарының бізге, болашаққа қалдырған өсиет-өнегелері», – дейді екен.
Ержан хазірет Төлегенұлына өзінің қалдырған өсиеті бойынша Шақпақ атада ықшам, үсті ашық там салынған. Осы жерде бір айта кететін жайт: бұрынғы ата-бабаларымыз белгілі бір қауымға қайтыс болған кісіні қойғанда, оның алдындағы аты елге мәшһүр, сыйлы, қасиетті деп саналатын адамға салынған тамнан асырып кесене салуды әдепсіздік деп есептеген. Ержекеңнен кейін өмірден озған, хазіреттің білімді, сенімді шәкірті Қарағұл Жәнібекұлы молда да осы Шақпақ ата қауымында жерленген. Бұл кісіге салынған там аласа, шағын ғана. Бұл жерде там салушылар Ержекеңе салынған тамнан артық етпеу жағын ескерген.
Әрине, бұл ретте мына бір жайды да айтпай кетуге болмайды.
Бұған дейін Шақпақ атаға, онда жерленген Ержан хазіретке келіп тағзым ету, тілек-үміт пен түнеу, өзге де өмірден озған ата-бабалардың рухына арнап дұға оқу жергілікті халыққа оңай болмай келген еді. Өйткені елді мекендерден 100 шақырым, одан да әрі жатқан бұл аймақта зиярат ете келушілерге жаздың ыстығынан, қыстың суығынан пана боларлық ешбір құрылыс жоқ болатын. Осыған байланысты Ержан хазіреттің өмірге келгеніне 110 жыл толған 1997 жылы бектеміс руының бір топ азаматтары ақылдаса келе Ержан ата басына түнеухана салу жөнінде шешім қабылдады, Ержан хазірет қоры құрылып, оның төрағасы болып осы жолдардың авторы, орынбасары болып Жылқыбек Оразов, шаруашылық басшысы, атқарушы директоры болып Тауман Оразбеков сайланды.
Дұрыс жол қатынастары жоқ, шатқалдар арасынан халықтың ойынан шығатын кең 4 бөлмелі төбесі күмбезді биік құрылыс тұрғызу, қасынан шырақшыға арнап 2 бөлмелі үй, аулағырақ малына қора салу, төңірегіне шөлге шыдамды бірнеше түрлі ағаш көшеттерін отырғызып көгалдандыру, айналасына таттанбайтын темірден қоршау салу жұмыстары қиынның қиыны еді. Оның үстіне жаңа ғана тәуелсіздік алған еліміздің, халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлары да қиындау болатын. Бұл қиындықтар ауызбірлікті, жігерлі жігіттерге кедергі бола алған жоқ. 15 кісіден тұратын ұйымдастыру комитеті құрылып, облыс орталығынан, елді мекендерден жырақ, бірақ Ержекеңнің мәңгілік мекен тапқанымен, басқа да ата-бабаларымыздың жатқанымен жақын, осы бір үш жағынан биік таулар қоршаған, терістік бетінен кәрі Каспийдің ақшулан толқындары жағаға соғып жатқан аймақтан Ержан хазіретке арнап түнеухана үйін салудың аса жауапты ісіне комитет мүшелері бір кісідей кірісіп, әрқайсысы өз тапсырмаларын орындаумен шұғылданып кетті. Құрылыстың архитекторы Сүлеймен Қабдірешев, бас шебері Жаңбырбай Әбдіқадіров болды. Комитет жетісіне екі рет сейсенбі, бейсенбі күндері жиналып, сан алуан материалдардың келтірілу жайын, құрылыстың жүрісін қатаң бақылап отырды.
Ержан хазірет өз өмірінде анау алыс, мынау жақын, бай, кедей демей, халыққа бірдей қызмет еткен болса, оған арналған түнеухана үйін салуға да бүкіл облыс халқы, мекеме, өндіріс басшылары бір кісідей атсалысты. Соның арқасында күмбезінен бастап түгелдей Жаңаөзеннен келтірілген ақшаңқан ұлутаспен әрленген түнеухана тоғыз айда (1997 жылы – 4, 1998 жылы – 5) толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.
Келушілерге жағдай болу үшін үй ішіне кілем, көрпелер төселіп, жастықтар тасталған, аяқ-табақ құралдарымен қамтамасыз етілген. Бір бөлмеде мұражай жасақталып, онда Ержекеңнің тұтынған заттары, киімдері, кейбір кітаптары қойылған, сондай-ақ түнеухананың салыну кезіндегі істелінген жұмыстар жөнінде стендтер жасалып, көптеген ескілі-жаңалы суреттер ілінген. Осыған байланысты үйдің кіреберіс алдына мрамордан тақтайша орнатылып, онда келушілерге арналып төмендегі сөздер жазылған: «Уа, инабатты да көзі қарақты қонағым! Бұл – ғимарат саған арнап ежелден әулиелі орын Шақпақ ата қорымында салынған қасиетті Ержан хазірет үйі. Осындағы бар мүмкіндікті қажетіңе пайдаланып, өзіңнен кейін қаз-қалпында өзгелердің де игілігі үшін қалдырып кетеді деп сенеміз» делінген.
1998-ші жылдың 22 тамызында Ержан хазірет үйінің халық игілігіне берілуіне орай садақа берілді, 30-дан аса киіз үй, палаткалар тігіліп, 800-дің үстінде адам қатысты. Садақаға келгендер, одан кейін де атаға тағзым етіп, түнеухананың игілігін көрген әйел-ер, жас-кәрі адамдардың барлығы да айдалада бұрын-соңды болмаған еңселі құрылысты көріп, алдымен ата есімін ардақтайтын ұрпақтары, елі бар Ержан хазіретке иман тілеп әруағына бас исе, келесі кезекте құрылысты салушыларға үлкен ризалықтарын шашу шашулары арқылы білдіріп, рахметтерін айтумен қатар, осы шараға орай әдейі түптелген дәптерге өз пікірлерін қалдырып келеді. Мысалдар келтіре кетелік. «Еңбектеріңіз Алладан қайтқай. Менің атам Өтесін Ермағанбетұлы түрмеде қайтыс болған кезінде оның жаназасын шығаруға рұқсат етілмеген. Қайсар Ержекең оған бағыштаған жаназа-намазды камерада отырып оқыған. Топырағыңыз торқа, жаныңыз жәннатта болғай, Ержеке!» Ордалы Қосай. 22.08.98. «Мен Исаев Лепес, қажылыққа екі рет барғанмын. Тұрар жерім Өзбекстан Республикасы, Гагарин қаласы. Енді, міне, Ержан хазіретке зиярат етуге келіп, қатты риза болып отырмын. Ниеттеріңізді Алла қабыл етсін» 26.05.99. «2001 жылдың 19 мамыр айында Шақпақ ата қауымындағы ағаларым Жүзбай мен Сахи басына белгі тас қоюға келіп, Ержекеңе салынған мешітте болдық. Осыны салған, қызмет жасаған адамдарға өте риза болдық. Көп рахмет. Еңбектерің Алладан қайтсын.» Дербісов Аманқос. Ата басына зиярат етуге келушілердің ризалықтары, ізгі тілектері осылайша жалғаса береді.
Шақпақ ата жерасты мешіті мен қорымын, жаңадан тұрғызылған түнеухананы көруге, Шақпақ ата әулие мен Ержан хазіретке тағзым етуге көпшілік, еліміздің жоғары лауазымды адамдары, министрлер, парламент депутаттары, ақын- жазушылар сапарларының орайына қарай келіп тұрады. Жоғарыда айтылған дәптерде олар да қолтаңбаларын қалдырып отырған. Қазақстан парламентінің төрағасы Өмірбек Бәйгелді мен халқымыздың мақтанышы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының Маңғыстау елін аралай келіп, Шақпақ атаны, Ержан хазіреттің түнеуханасын көрген кездерінде сол дәптерге Өмекең: «Ата-баба әруақтарын риза ету – ұрпақ парызы. Әруақтар халқымызды, ұрпағын қолдай жүрсін. Өмірбек Байгелді. 06.12.1999» деп қолтаңбасын қалдырған болса, Әбіш: «Кісі аяғы сирек басатын жапан түзді мәдениеттендіруге бағытталған, ата-баба әруағын ұлықтауға арналған еңселі үй болып шыққан екен. Бұл үйді тұрғызушыларға көп-көп рахмет. Әр кез әруақтар қолдасын. Әбіш Кекілбаев. 06.12.1999» деп жазған еді.
Түнеуханаға кейіннен электр жарығы беріліп, жағдай бұрынғыдан да жақсара түсті. Сол 1998 жылы түнеухананың бітуіне байланысты алғашқы садақа берілгеннен бері әрбір жыл сайын маусым айының үшінші жетісінің сенбі, жексенбі күндері Атаға арнап садақа беруді тұрақты іске асырып келеміз. Халықтың берік қолдауына ие болып отырған бұл елеулі ісіміз бұдан былай да жалғаса бермек.
2010 жылы Оғыланды тауының қатпарлы оңтүстік қапталынан өзі қашаған таңғажайып мешітте мәңгілік мекен тапқан, ислам дінін уағыздаушы абыз, әулие, Бекет ата Мырзағұлұлының 260 жылдық мерей тойы Маңғыстау облысында, сондай-ақ Қазақстанның бірқатар аймақтарында кеңінен аталып өтті. Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбай: «Қиянатқа жол бермес әділдіктің, күпірлікке жол бермес адалдықтың, қараулыққа жол бермес шапағаттылықтың, қатыгезділікке жол бермес мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес парасаттылықтың асқан үлгісін танытқан, елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат, жаудан елді арашалаған батыр, дауда әділетті арашалаған қази, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған пірәдар, әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, ел иесі, жер киесі» – деп қастерлеп, қадір тұтқан Пір Бекеттің бұл тойына ҚР Мұсылмандар Діни басқармасының сол кездегі бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісалының, алыс-жақын шетелдерден айтулы дін басыларының (Иран, Әзірбайжан, Ресей, Өзбекстан, т.б. елдер бар), белгілі дәрежеде жаңарып отыратын өлкеміз басшыларының Маңғыстауда Пір Бекеттен кейін де белгілі дін иелерінің, соның ішінде жоғарыда аталған жергілікті діни ғұламалармен бірге, Ержан хазіреттің де Бекет ата жолымен, ислам дінін уағыздаумен өткендігін білгендері, осыған орай, оның еңбегіне арнап түнеухана үйі – ескерткіш салудың әрі орынды, әрі қажеттілік болғанын кеңінен толғап ризалық пікірлер айтулары жиналғандардың көңілінен шыққан еді.
Жоғарыда жас діндар Марат Бақбергенұлының Ержан хазірет оқыған екі кітапты аударғаны туралы сөз еткен едік те, оған қатты қуанғанбыз. Енді Ержан хазіреттің өз қолымен арап, шағатай тілдерінде жазған уәзипаларын көрсек деп армандаған едік.
Жаратушы Құдіреттің демеуімен инженер, жас, ізденімпаз, сол Тұщықұдық ауылында туып-өскен, жеткілікті діни білімі бар азаматтың арқасында бұған да (атасы Қойшыбай Темірбайұлы ақсақал кезінде Ержекеңе қол берген, әкесі Нұржігіт совхозда техника инженері болып, қоғамдық мал шаруашылығын өркендетуде елеулі табыстастарға ие болған) қол жетті.
Ержан хазірет (Ермұхаммед) жазған «Иманшарт» намаз түрлері туралы ғибадат амалдары болса, «Өсиетнама» шығармасы өмірмен қоштасқан пенделерді шығарып салу рәсімдеріне арналған. Ержекең жазған шығармаларды табуға қол жеткізген, біріншіден, Бисенбек Нұржігітұлының ізденімпаздығы болса, екіншіден, белгілі ғалым Қабиболла Сыдиықовтың әкесі Сыдиық ақсақал мен Ержекеңнің арасындағы үзілместей достығы, өзара сыйластығы деп білемін. Бұл тұрғыда Қабекең мен оның мәңгілік жары Гүлшаттың да қағазға деген аса тиянақтылықтарына риза болып айтып өтудің артықтығы жоқ деп олаймын.
Бисенбек Нұржігітұлының келесі бір елді риза етерлік жаңалық ойы Ержан хазіретке арнап көлемі жағынан да, әсемдік-көрнектілігі жағынан да ерекше, өз қаражатымен ескерткіш- құрылыс (атауы мешіт пе, Ержан хазірет мазары ма, түнеухана ма? Ақылдасу арқылы шешілмек) салу. Біздер Бисенбек ініміздің бұл ұсынысын шын жүректен қолдай отырып, ұстап тұру қиындығы мол бұл құрылыстың Ержан хазіреттің, жоғарыда айтылғандай, туғанына 110 жыл толуына арналып тарихта алғаш рет 1997- 1998 жылдары бүкіл Маңғыстау елі, жауапты басшылары, бектеміс тайпасының жанашырлары болып тұрғызған, тәуелсіз еліміздің бірқатар басшылары қолдау көрсетіп қол таңбаларын қалдырған бұрынғы түнеухана ескерткіштің тарихи маңызы мен мақсатына назар аудару керек, оны аңыздарға сүйеніп салынды деп шетқақпай етуге болмайды демекпіз. Бұлайша аңыз бен тарихтың арақатынасын ажырата білмеу білімді жастарға жараспаса керек. Өйткені халқымыз тарих айнасы – аңыз бен ақиқат деп шегелеп айтқан ғой. Ендеше, ол ғимараттың да сақталуы тарихи жадымыз тұрғысынан дұрыс болмақ.
Дүйсембі ӘРІПОВ, Маңғыстау облысының құрметті азаматы.