Халқымызда «қайырымдылық» деген қарапайым да жағымды сөз бар. Бұл сөз айтуға оңай болғанымен, әр адам оны қолымен оп-оңай істей алмасы анық. Қайырымдылық үшін бізге ең алдымен ықылас керек екен. Өйткені адамзат бойындағы осынау асыл қасиет — әлденеге мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі. Ал қайырымдылық сынды игі іс жиі жүзеге асып тұрса, нұр үстіне нұр.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Жаңаөзен қаласында тұратын жас кәсіпкер Қарлығаш Чоманова ешқандай құзырлы органдардың өтінішінсіз-ақ өз ықылас-ниетімен үнемі қайырымдылық жасап жүретінін айтқым келді. Өзгеге өнеге болсын.
Жаңаөзендегі «Жібек жолы» сауда орталығындағы бутикте жұмыс істейтін Қарлығаш Асқарқызы өз кәсібін ашқалы 10 жылдан асты. Әрине, сонау Түркияға қатынап, клиенттерінің талғамына сай киім-кешек іздеп-тауып, жүздеген келі тауарды Жаңаөзенге жеткізіп, оларды қолжетімді бағада ұсыну дегеніңіз нәзік әйел затына жеңіл шаруа емес. Жоқтан бар жасап, жаңа құралып келе жатқан қаржыға алған заттарды әлдекімдерге тегін бере салу да кез-келген кәсіпкердің қолынан келе беретін іс емес. Ал Қарлығаш бірнеше мәрте осылай қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға таратып беру үшін киім-кешектерді жергілікті мешіттерге тапсыратын.
Жақында Құрбан айт мейрамы құрметіне акция бастаған «Музон» бутигінен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бірінен соң бірі өздеріне шақ киімдерді таңдап алып, қуанышпен шығып жатты. Олар алғышында «тегін» дегенге сеніңкіремей, аңтарылып қалған.
- Сауда орталығы жақында ғана жөндеуден өтіп, осында сауда нүктесін қайта ашып отырмын, - дейді Қарлығаш Чоманова. - Қаламызда артық-ауыс киім сатып алуды жағдайы көтермейтін қыз-келіншектер аз емес. Олардың өздеріне ұнаған киімдерге қызыға қарап, амалсыз қайырылмай кететінін де байқаймыз. Соларға көмектескім келеді де тұрады. Бұл жолы әйел-қыздарымыз бутикке келіп, киімдерді өздеріне өлшеп, қалағанын алсын деген ниет қой. Қасиетті Құрбан айт мейрамын жақсы көңіл-күймен өткізсе екен деймін. Бүкіл маңғыстаулықтарды осынау ұлық мейраммен құттықтаймын.
Халқымыздың санасы мен салтына ең қастерлі үш күн болып сіңген Құрбан айт мейрамы қарсаңында жасаған қайырымдылығына риза болған келушілер Қарлығашқа шексіз алғыстарын жеткізіп, қабыл болсын айтты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА