©
Жапырақтары түсіп жоқ болып, жетім қалған ағаштарымен сұп-сұр, сүреңсіз көрінетін, не жайқалған гүлдері, не үзіп жерге жемісі жоқ ескі бақ кімді қызықтырсын? Бағбаны қанша баптаса да, тамыр тартқан түбі құнарсыз болса, оған түсетін ұры жоқ. Ішіндегілер ғана әр жерден көрінген азын-аулақ жемісімен жүрек жалғап, соны қанағат тұтар. Ал маңынан өткенде жемісінің иісі бұрқырап, нәрлі жерде жайқалып тұрған, күтімі жақсы баққа көзі түспейтін адам жоқ. Ол бақтың жемісін жеп, қызығын көріп жүргендерге қызғанышпен қарайтындардың да, өзінде болмағасын, оған ұрлыққа түсіп, быт-шытын шығарғысы келетін қара ниеттілердің де аз болмасы анық.
Дінде де солай. Ең соңғы және қияметке дейін өзгермейтін ислам дінінің күштілігінен қаймыққандар сан ғасырлардан бері дінді бөлшектеумен айналысып, бүгінгідей күйге жеткізді. Солардың күш салуымен хақ дінімізді теріс насихаттайтын ағымдар да қаулап өсті. Бүгінде жұрттың біразы өзіміздің мәдениетіміз бен тәрбиеміздің өзегіне айналған дініміз бен жолдан қосылған жат ағымдарды ажырата алмайтын деңгейде екендігін жасыра алмаймыз. Ал жат ағымдар салған ылаңның кесірінен адам баласы көптеген қайғылы жағдайларға тап болып, кейбірінің соңы соғыстарға да ұласып жатқанын әлем көріп отыр.
Жақында Мұнайлы аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуды ұйымдастыру» жобасын ұтып алған Ауған соғысы ардагерлерінің Ақтау қалалық «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігі жұма күні ауданның Батыр ауылында тұрғындармен кездесу ұйымдастырды.
Батыр ауылы әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиналысты ауыл әкімі Қалнияз Оңдабаев кіріспе сөзбен ашып, бүгінде ислам атын жамылған алуан түрлі ағымдардың көбейіп кеткенін, оның алдын алу үшін көп болып бірігудің маңызы зор екендігін атап айтты.
Сөз кезегін алған Ауған соғысы ардагерлерінің Ақтау қалалық «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Матжан Шаулиев:
- Қазіргі таңда технологияның көз ілеспес шапшаңдықпен дамып келе жатқанын көріп отырмыз, - деді. - Барлық сала солай тез даму үстінде. Сонымен қатар дініміз де кең қанат жайып, көркеюде. Бұл жақсы, әрине, бірақ біздің асыл дінімізді теріс пайдаланып жүргендер де аз емес. Кей мемлекеттерде дін саясатқа араласып, іштен төңкерістер де жасалып жатқаны шындық. Біздің елімізде сондай апаттардың алдын алу үшін жастармен қатар олардың ата-аналары да діни сауатты болғаны абзал. Дінді жақсы білгендіктен ата-бабаларымыз дін мен дәстүрді шебер сабақтастыра білген. Ал бүгінде бабадан келе жатқан салтымызға қарсы шығып, оқшауланып жүргендер де бар. Елімізді кәпірлер елі санап жүргендер де бар, өкінішке орай. Жастардың көпшілігі басқа қалаға барып, оқыған кезде жат ағымдардың құрығына түседі екен. Олар жастарға жатақханамен көмектеседі, қысылса, қаржылай көмектеседі. Сөйтіп, әбден сеніміне кіріп алғасын баламыз да ол ұстанған дінге бет бұрады. Дін болғанда дұрыс бағыт емес, теріс ағымға қалай түскенін білмей қалып жатыр жастарымыз.
Мұнайлы аудандық «Ар-Рахман» мешітінің бас имамы Айдос Муталиев қызықты әңгімесін «экстремизм» сөзіне түсінік беруден бастады.
- Әлемге қауіп төндіріп тұрған экстремизм деген сөздің өзі оның арғы түбі қайдан шыққанын айқын көрсетіп тұр. Қазақта да, Құранда да экстремист деген сөз жоқ. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз хадисінде мұсылманның тілімен де, қолымен де басқа біреуге зиян келтірмейтін адам екенін айтып кеткен болатын. Ал қазір діни экстремизм дегенді, «Алаһу Акбар» деп, бір жерді жарып жатқан адамдарды көріп отырмыз. Оның қай жері мұсылман сонда? Мұсылман жолында жүрген қазақ халқы балаларын «ешкімнің ала жібін аттама, обал болады» деген сөздермен тәрбеиелеп, өсірді. Жазықсыз адам түгілі, жануарға да зиян тигізуден тиды. Ешкімнің ала жібін аттамауға, ақысын жемеуге тәрбиеледі. Ал жат ағымдар жетегінде шырмалып, әр жерде бүлік шығарып жүргендерді мұсылман деп атауға ауыз бармайды, - деді ол.
Сондай-ақ А.Муталиев қасиетті Құраннан аяттар мен хадистерд түсіндіре отырып, хақ діннен, ұлттық тәрбиеден ажырап бара жатқан ұрпақтың ертеңіне алаңдаушылық білдірді және жастардың өзге біреуден дін үйреніп, жат ағымға еріп кетпеуі үшін баланы мешітке апарып, имамға тапсыру керектігін айтты. Мешіттердегі имам-молдалардан ғана діни сауат ашып, сабақ алған балаларда өзге ағымдарға қарсы тұра алатын имани иммунитет қалыптасады.
Ауыл тұрғындары дән мәселесіне байланысты сұрақтар қойып, сауалдарына жауап алды. Ал ауыл әкімі Батыр ауылында мешіт салуға екі жер дайын екенін жеткізді. Алайда, әзірше мешіт құрылысын бастауға кірісе қойған ешкім жоқ. Ал ауыл тұрғындары осынау игі істі қолға алар қалталы азаматтар табылып жатса, ары қарай өздері де көмектесіп, ортақ іске үлес қосатын ниеттерін білдірді.
Ақтау қалалық «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігі осындай жиынды Мұнайлы ауданының Баянды ауылында да өткізді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА