Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы жаңғыру негізі – адами капитал сапасын арттыру мәселесі облыстық тамыз кеңесінен соң өткен Ақтау қаласы білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінің пленарлық отырысында да кеңінен талқыланды.
Кеңеске мемлекеттік және жекеменшік балабақша, жалпы білім беретін орта мектеп, жекеменшік мектеп, қосымша білім беру ұйымдары басшылары, тәрбиешілер мен мұғалімдер, қамқоршылық кеңесі мүшелері, мектеп инспекторлары, спорттық мекемелердің өкілдері, ата-аналар қатысты.
Алдымен қатысушыларға 2017-2018 оқу жылындағы білім беру саласының жетістіктері туралы бейнефильм ұсынылып, жиынды қала әкімінің орынбасары Г.Қалмұратова жүргізіп отырды.
Алғашқы сөз иесі Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Мұқырұлы: – Құрметті конференцияға қатысушылар! Төрт мыңнан астам ұстазы бар қала педагогика қызметкерлерін Конституция күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Жуырда қаламызды бүкіл әлемге танытқан үлкен тарихи оқиға – Ақтау саммиті өтті. Бұл шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға барлығымыз атсалыстық. Сол үшін сіздерге рахмет айтамын, – деп бастады өзінің құттықтау сөзін.
Одан әрі баяндамашы қаланың экономикалық және әлеуметтік жалпы жағдайына, тұрғын үй, халықты баспанамен, жұмыспен қамту, әлеуметтік жағынан қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, құрылыс-жөндеу, абаттандыру жұмыстарының алдағы жоспарын айта келе, қаладағы салауатты өмір салтының қазіргі жағдайына тоқталды.
Қалада 94-і футболға арналған 102 спорт алаңы жұмыс істейтіні белгілі, оның 5-еуі жөндеу жұмыстарын күтіп тұр. №2, 10, 28 мектептердің жанынан мемлекеттік жекеменшік әріптестікпен 3 ангар типтес спорт залдар салынып, пайдалануға беріліп, №21 мектеп аумағында жаңа футбол алаңы салынған. 17-шағынауданда «НКОК» компаниясының демеушілігімен 1500 баланың жаттығуына арналған спорт сарайы құрылысы басталыпты. Аталған шағынауданда көптен күткен 1500 балаға арналған спорт кешені, жалпы көлемі 20 мың м2 оқушылар сарайының құрылысын жүргізу үшін жер бөлініп, жобасы жасақталып жатқаны айтылды.
– Соңғы 12 жыл ішінде салынған №29 орта мектеп балаларды қабылдауға дайын, оның материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қосымша 89 млн. теңге бөлінді. Мектеп смарт-жылыжаймен, стем зертхана, робототехника кабинетімен жабдықталды, «Ақылды мектеп» жобасы аясында цифрлық бақылау-өткізу құрылғылары орнатылды. Сонымен қатар №4 гимназия IT лицей болып қайта тіркеуден өтті, – деген қала басшысы бұдан әрі білім бөлімі алдындағы тұрған басты міндеттерге тоқталып, басшылық жүйесін жаңартуға көңіл аудару қажеттігін, кейбір мектептер мен балабақшаларды 15-тен 24 жылға дейін отырған басшыларды конкурстық комиссиядан өткізіп қайта тағайындаудың мезгілі жеткендігін айтты.
Екінші міндет – білім сапасын көтеру екенін айтып, №3, 8, 11, 13, 15, 21 орта мектептер мен № 7, IT экономикалық лицей ұстаздарының еңбегін ерекше атап өтті.
Одан әрі, білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында нақты шаралар алу қажеттігі ескертілді.
– Бүгінгі таңда қаладағы мектептер сыйымдылығы – 30 мың орын болса, мектеп жасындағы нақты бала саны – 37 882. Жыл сайын бала саны 7 пайызға артып отыр. Жаңа шағынаудан тұрғындары үшін ең кемі 5 мектеп, 6 балабақша құрылысын салу қажет, – деді Ғ.Ниязов.
Шығыс – 2, 3, 31, 31 «а», 31 «б» шағынаудандарында тұратын балаларға арналған жаңа мектеп құрылысын салуға мүмкіндік туып отырғанын, мектептердегі өзекті мәселелердің бірі балаларды ыстық тамақпен қамтуға тоқталған қала әкімі бұл көрсеткіштің қала бойынша – 67,8%-ды құрайтынын атап өтті.
Балалардың қауіпсіздік мәселесі – бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі екені белгілі.
- Балалардың қатысуымен болған төбелестер, мектепке келмеу фактілері, тәрбие жұмыстарының жанұямен бірлікте өз деңгейінде жүргізілмегендігі салдарынан оқу жылында өзіне-өзі қол салған екі факті тіркелді. Бүгінгі таңда құқық бұзушылықтары үшін ішкі істер басқармасында 45 бала есепте тұр. Сонымен қатар қалада ресми тіркелген 49 сәтсіз отбасы бар. Бұл ретте қалалық білім бөліміне қарасты білім дамыту орталығының мамандары мектеп ұжымымен, ата-ана, құқық қорғау органдарымен бірлікте мәселеге қоғамның көңілін аудара отырып, жүйелі жұмыстар жүргізуі тиіс, – деді шаһар басшысы.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана Тулебаева мектепке дейінгі тәрбиеге баса назар аударды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Алты құлаш әулие» жанынан жаңа мешіт салынады- Қазіргі таңда 3-6 жас аралығындағы кезекте 1862 бала тұр, 3 балабақша «Айрақты» тұрғын үйінің 1-қабатынан 240 орынды «Айзере & Айсәуле», 75 орынды «Сәби», 30 орынды «Алтын ұя» балабақшалары ашылды. Бүгінгі таңда мемлекеттік тапсырыс алып отырған 33 жекеменшік балабақшада 235 бос орын бар. Балабақшадағы бос орындар қала әкімдігінің сайтында жарияланып тұрады, – деді.
Одан әрі орта білімге өткен жылы көптеген өзгерістер енгізілгенін жеткізген баяндамашы, білім беру деңгейінде кестеге сәйкес жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстары жалғасуда екенін, 1, 2, 5, 7-сыныптар көшірілгенін айта келіп:
- 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап 3, 6, 8-сыныптар мазмұны жаңартылған бағдарламамен оқи бастайды. Бұл сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар келіп, мектептерге таратылуда. Сонымен қатар осы жылы 1–11 сыныптарға арналған жаңа мемлекеттік білім беру стандарттары, жаңа типтік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары бекітілді. Ағымдағы жылдың соңына дейін балалардың 75%-ы жаңартылған мазмұнда білім берумен қамтылатын болады. Жаңа оқу жылында 10 мектеп № 5, 7, 11, 13, 17, 20, 21, 28, IT лицей, экон.лицей пилоттық режимде жаратылыстану ғылымдары циклі пәндерін ағылшын тілінде оқытуды бастайды.
Жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін 1894 мұғалімнің жалақысы 30%-ға көтерілді. Өткен жылы ағылшын тілінде оқыту үшін тіл курстарында оқыған 81 мұғалімнің 79-ы 1 қыркүйектен бастап өз пәндерін ағылшын тілінде жүргізуді бастайды, – деді С.Тулебаева.
Бұдан соң баяндамашы педагогтерді аттестаттаудың жаңа жүйесі іске қосылғанын айтып, аттестаттауға 406 мұғалім қатысқанын, оның 268-і өтіп, қалған мұғалімдердің қараша айында қайта тапсыра алатынын айтты. 1 қыркүйектен бастап аттестаттау нәтижесі бойынша біліктілік санаттары үшін үстемақы енгізілуі – жағымды жаңалық.
Кеңес барысында мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесі бойынша Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы «Педагогикалық шеберлік орталығы» филиалының директоры Қ.Боранбаева, №21 орта мектептің физика мұғалімі А.Сатанбаева, облыстық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Л.Шамгонова, IT лицейдің қамқоршылық кеңесінің мүшесі И.Беляева, №11 мамандандырылған физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы, өзін-өзі басқару ұйымының мүшесі Р.Үсенов, №20 орта мектептің 9-сынып оқушысы Қ.Сембаева сөз сөйледі.
Ең үздік білім беру ұйымы қатарында – №7 мектеп-лицейі, №8 орта мектеп, ҰБТ қорытындысы бойынша №11 мамандандырылған физика-математика мектебі, IT лицейі, №8 орта мектеп басшылары, сонымен қатар білім беру ұйымдарына қолдау көрсетіп жүрген «НКОК» компаниясының басшылығы, «Ақ жол құрылыс» ЖШС, «BS строй» ЖШС, «Актау Восток» ЖШС басшылары қала, облыс әкімі алғысымен марапатталды.
Мереке қарсаңындағы басқосуда облыстық байқаулар мен сайыстарда жеңімпаз атанған ұстаздар қала әкімінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен және алғыс хатымен марапатталды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ