©
Бүтін Маңғыстау өлкесінің, әсіресе өзі түбектің қарашаңырағы деп мақтан тұтатын Түпқараған ауданы мен Форт-Шевченко қаласының өмір-тынысынан тыс бір күн де өмір сүре алмайтын белсенді ағамыз Боқан Таңғұлов бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Ұстаз, партия, кеңес, әкімшілік қызметкері, аудандық, қалалық ардагерлер кеңесін көп жылдар басқарған ақсақал. Өзекті мәселелерді, өлкенің өткен тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігіне, белгілі тұлғаларына қатысты талай тақырыпты қозғап, республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда көптеген мақалалар жазып шығарған адам. Табиғатына тән болмысымен қолға алған ісін бітірмей тынбайтын, алған бетінен қайтпайтын қайсар мінезі бар, парасат-пайымының тереңдігімен ерекшеленген түбектегі белгілі азаматтардың бірі.
Боқан Таңғұлов 1938 жылдың 27 мамырында Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласына дүниеге келген. Орта мектепті 1956 жылы аяқтап, 1961 жылы Қызылорда қаласындағы бұрынғы Гоголь атындағы университеттің физика математика факультетін бітірген. 1961 жылы өзі оқыған мектепте физика және математика пәнінің мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастады. Балаларға білім беруден жалықпай 12 жыл табан аудармай ұстаздық еткен ол кейіннен мектеп директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметінде жалғастырған. Сол уақыттағы жергілікті партия-кеңес органдарының жолдамасымен 1964–1971 жылдар аралығында Гурьев (Атырау) облыстық медицина училищесінің Форт-Шевченко қаласындағы филиалының меңгерушісі қызметін атқарды. Осы кезеңде Маңғыстау ауданының денсаулық сақтау ісіне 300-ден аса мейірбике дайындауға тікелей атсалысады.
1965–1972 жылдарда жұмысшы жастардың Форт-Шевченко қаласындағы кешкі жұмысшы жастар мектебінің 600-ден аса оқушысына, жасы асқан қарттарға орта білім беру жұмысында қызмет етті. 1973 жылдан бастап еңбекші депутаттары Форт-Шевченко қалалық кеңес атқару комитетінің жауапты хатшысы, оның бастауыш партия ұйымының хатшысы және Маңғыстау балық тоңазыту басқармасының базалық комитетінің төраға орынбасары, Форт-Шевченко қалалық оқу бөлімінің оқушыларды оқыту, еңбекке тәрбиелеу және кәсіби бағдар беру инспекторы қызметтерін атқарды.
«Тәуелсіздік алған тұста 7 жылдай Форт-Шевченко қалалық Түпқараған аудандық кеңесінің аппарат жетекшісі болдым. 1973 жылы құрылған Маңғыстау облысы 1988–1990 жылдары экономикалық дамуы мешеу деп есептелініп, Атырау облысына бағындырылды. 1990 жылдың қаңтар айында сол кездегі Гурьев облыстық 25 партия конференциясы өтіп, оған Маңғыстау аймағынан барған 400 делегаттың бірі болып қатыстым. Сол 400 делегат жиынның күн тәртібіне енген Маңғыстау облысының қайтарылуын, экономикалық өсу мүмкіндігін дәлелдеді. Делегаттар Маңғыстаудың қайта облыс болып ашылуын құптап дауыс беріп, нәтижесінде бір ауыздан қаулы қабылданды. Сол сәт менің есімде ерекше сақталды. Өлкеміздің дербес өркендеуіне өзімнің үлесімді қосқаныма қуанамын, мақтаныш етемін. Елімнің тағдыры – менің тағдырым», – дейді Боқан Таңғұлов.
1990 жылдың басында Маңғыстау облысының әкімі болған В.А.Новиковтың кезінде жабылған Мұнайлы ауданының орнына Ақшұқыр мемлекеттік тәжірибе станциясы, Қызыл-Өзен ауылы және Таушық совхоздары құрамында болатын орталығы Таушықтан аудан құру жөніндегі ұйымдастыру комиссиясы құрылған тұста Форт-Шевченко қаласын мүшкіл жағдайдан шығару үшін тұрғындар атынан Социалистік Еңбек Ері Ізтұрған Оразбаев, А.И.Агафонов, С.Жүсіпбеков, Д.Сатимов, барлығы 42 еңбек ардагері Елбасыға өтініш хат жолдап, оған Елбасы ерекше көңіл бөліп, ауданға қатысты тапсырма берді. Осынау маңызды мезетте Боқан Таңғұлов Форт-Шевченко қалалық жоспарлау комиссиясымен бірлесе жасалған құрылатын ауданның техникалық-экономикалық құжаттарын Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің ұйымдастыру бөліміне тапсыру үшін іссапарға барды. 1992 жылы 6 шілдеде Түпқараған ауданын құру жөніндегі қаулы шығып, 1992 жылы 21 шілдеде Түпқараған ауданының 1-ұйымдастыру және тұрақты комиссиялар бөлімінің меңгерушісі болып Б.Таңғұлов сайланды. Осылайша ол 29 жылдан соң ауданның қайта құрылуына аянбай тер төкті.
«Түпқараған ауданының ардагерлері атынан 2013 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне «Түпқараған ардагерлерінің жанайқайы» атты мақала жолдаған едік. Бұл мақала «Егемен Қазақстан» газетінде 2013 жылдың 9 тамызында «Форт-Шевченко неге шағын қалаға жатпайды?» деген тақырыппен жарық көрді. Форт-Шевченко қаласының шағын қалаға жатқызылуын дәлелдеп, бұған бұл қаланың осы санатқа сұранып-ақ тұрғандығы дәйекті дәлелденген болатын. Ел үкіметі аудан ардагерлерінің сұранысына сергектікпен қарап шағын қалаға жатқызуы аудан халқын қуанышқа бөледі», – деп өткен күннің өзекті сәттерін еске алады ақсақал.
Ардагер ақсақал өлке тыныс-тіршілігі мен өсіп-өркендеуіне әркез алаңдаушылық білдіріп, басылым беттерінде дүркін-дүркін мақалалар жариялап тұрды. Бұған аймақтың ардагерлері туралы, елге еңбегі сіңген 150-ден аса еңбегі сіңген азаматтар жайында «Үш қиян», «Маңғыстау», «Огни Мангистау», «Зейнеткер Пенсионер», «Ардагер айнасы», аудандық «Ақкетік арайы» газеттерінде жарық көрген мақалалар дәлел.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтау тарихы архив құжаттары негізінде1997 жылы зейнеткерлікке шыққан кезеңнен бастап қалалық ардагерлер бастауыш ұйымының президиум мүшесі, ал 2002 жылдың 19 қыркүйегінен бастап Түпқараған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып жұмыс атқарып, аудан ардагерлері ұйымының қалыптасуына аянбай еңбек етті. Ардагерлердің талап тілектерін орындау мәселесін атқарушы органға қойып, табанды шешімді іске асырды. Өлкеміздің экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосудың нәтижесінде Түпқараған алдыңғы қатарлы дамыған ауданға айналды. Аудан аймағындағы елді мекендер түгелімен газдандырылды. Түпқараған аудандық ардагерлер ұйымы ардагерлер мен тұрғындардың ұсыныстарын атқарушы органға жеткізіп, шаруаны ойдағыдай шешуге және еңбекшілердің сайлауға үгіттеуде, Президентіміздің Қазақстан халқына Жолдауын насихаттауда жемісті жұмыстар атқарды, оның жарқын дәлелі – сайлау науқанының ұйымшылдықпен өткізілуі. Президент сайлауын да жұмысты тиянақты атқарғаны үшін аудан ардагерлер кеңесінің төрағасы Боқан Таңғұлов Елбасы Н.Назарбаевтың алғыс хатын алды.
Боқан Таңғұлов аудандық ардагерлер кеңесінде елге еңбегі сіңген ел азаматтарының есімін ұлықтауға байланысты бірқатар маңызды жұмыстар атқарды. Мәселен «Қазақ елінің зиялы азаматтары» атты кітапқа Жалау Мыңбаевтан бастап Маңғыстаудан шыққан 25-тен аса абыройлы азаматтардың есімдерін енгізу ісіне атсалысты.
Бұл күнде Түпқараған ауданының құрметті азаматы атанған Боқан Таңғұлов 2005 жылы 25 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалін алды. Боқан ақсақалдың абыройын асқақтатқан марапаттары жетерлік. Атап айтсақ, 1972 жылы СССР-дің құрылғанына 50 жылдығына байланысты Украинаның Достық форумында қатысқаны үшін Украинаны неміс фашистерінен азат етудің 60 жылдық медалін иеленсе, Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымының бірнеше Құрмет грамотасымен марапатталды. 2007 жылы сәуір айында Республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 20 жыл толған мерекелік пленумына делегат болып қатысқан абыройлы ақсақал 2012 жылы Түпқараған ауданының құрылуына 20 жыл толуына орай және Ардагерлер қозғалысының 20 жылдығына байланысты аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, «Тәуелсіздікке 20 жыл» медалімен, Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің грамотасымен, 2012-2013 жылдары ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің Ардагерлер ұйымына деген қамқорлығының белгісі ретінде осы аудандық қызметте жауапкершікпен жұмыс атқарғаны үшін алғыс хаттармен, «Маңғыстау облысының құрылғанына 40 жыл» медалімен марапатталды. Сонымен қатар Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, «Огни Мангистау» газетінің штаттан тыс тілшісі қызметтерін қоса атқарды. Республикалық ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесі 2014 жылы Түпқараған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Боқан Таңғұловқа ардагерлер қозғалысына белсене қатысқаны үшін «Құрмет белгісі» төс белгісін тақты.
Боқан Таңғұлов аудандық ардагерлер ұйымын 18 жыл басқарып, жасының ұлғаюына байланысты төрағалықты тапсырып, 2015 жылдың 24 желтоқсанынан бастап Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қалалық ардагерлер ұйымын қолға алды. Бұл жауапты қызметті де абыроймен атқарып, Форт-Шевченко қалалық ардагерлер ұйымының жұмысын жоспарлы іске асырады. 2015 жылдың 15 сәуірінде Елбасы Н.Назарбаевтың кезектен тыс президенттік сайлауында белсенді насихат жүргізіп, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың алғысына ие болды. Боқан ақсақал аудан және қала ардагерлерінің еңбектегі ерен істерін, жастарға патриоттық тәрбие беру жұмыстарын насихаттауда әсте жалыққан емес. Мемлекеттің маңызы зор «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қасиетті өлкенің тарихи мұралары мен жәдігерлерін жастарға насихаттаушы, өлкентанушы ретінде де қайраткер тұлға. Өмірлік серігі Аманкүл Мұрадова да – медицина саласында ұзақ жылдар абыройлы еңбек етіп, зейнетке шыққан ардақты ана. Ардагер ақсақал Аманкүл апа екеуі отбасында 4 бала өсіріп, оларға жоғары білім беріп, үлгіөнегесі мол шаңыраққа айналды. Бұл күнде балаларынан тараған 7 немересінің қуанышын көріп отырған ардагерлер қозғалысының белсенді өкілі Тәңірдің берген сексен жасына аяқ басқан Боқан асқақалдың өскелең ұрпаққа айтар өсиеті, ақыл-кеңесі сарқылмақ емес. Халқына қалтқысыз адал қызмет еткен данагөй қарияға мызғымас денсаулық, еңбегі еселеніп, есімі ел жадында жүре бергей деп тілейміз.
Жайық НАҒЫМАШ