Мемлекеттік қызметшілер күніне орай «Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының» аймақтық филиалында Маңғыстау облысының әкімі, саясаттану ғылымының докторы Ералы Тоғжанов мемлекеттік қызметшілер корпусымен кездесті. Өңір басшысы кездесуде мемлекеттік қызметшілерге дәріс беріп, «Аймақтық деңгейдегі көшбасшылық» тақырыбында баяндама жасады.
Облыс басшысының дәрісіне аймақтық мемлекеттік қызметтегі «Б» корпусының басшылық лауазымындағы мемлекеттік қызметшілер, облыстық, қалалық басқарма басшылары, аудан ауыл әкімдері, бөлім жетекшілері қатысты. Ералы Тоғжанов мемлекеттік қызметшілерді төл мерекесімен құттықтай келе, елге қызмет етудің маңыздылығы мен жауапкершілігі туралы ой-пікірін ортаға салды.
«Баршаңызды мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтаймын. Мемлекеттік қызметтің еліміз, мемлекетіміз үшін аса маңызды екенін білесіздер. Осы мақсатта арнайы мемлекеттік қызметшілер туралы заң да қабылданған. Біз сіздермен күні түні жұмыс жасауымыз да мүмкін. Сіз бен біздің басты міндетіміз – осы халықтың жағдайы, әлауқаты мен тұрмыс-тіршілігін жақсарту. Істеріміздің нақты нәтижесі болмаса, бұл жерде көптеген сұрақтар туындайды. Баланың дүние есігін ашқаннан бастап, тұрғындардың өмір сүруі, тіршілігі, денсаулығы, әлеуеті – барлығы біздің мойнымызда. Бірде-бір қоғамдық, саяси мәселелер біздің назарымыздан тыс қалмауы керек. Бұл салаға – мемлекеттік қызметке біз халықтың алдында адал қызмет етуге келдік. Ешкім сіз бен бізді жетектеп алып келген жоқ, өз ерік-қалауымызбен елге қызмет етуге келгендіктен, жауапкершілік пен міндеттерімізді қалтқысыз орындауымыз қажет» деген облыс басшысы мемлекеттік қызметтің қыр-сыры мен мақсат-міндеттеріне тоқталды.
«Мемлекеттік қызметке келгендегі мақсатымыз тек өсу, лауазымды қызметтерге көтерілу деп ойласақ, онда қате болғаны. Ең бірінші мәселе – өзіңе жүктелген қызметке жауапкершілікпен қарау, қызметтің мақсатын тереңінен түсіну. Әрі келген бетте қордаланған шаруаның барлығын шешіп тастаймын десең де ештеңе шықпайды. Бұл мәселелер бізге дейін де болды, біздің кезімізде де болады, бізден кейін де болады. Бұл – өмір. Өмір болғасын қоғамда мәселе болмай тұрмайды. Мәселе – сол шаруаларды ұтымды да тиімді орындауда. Мемлекеттік қызметте жүрген адам шешім қабылдай алуға қабілетті болуға тиіс. Ол шешімдер кейбіреулерге ұнамауы да мүмкін. Алайда сол шешімді орындау үшін сіздер қанша еңбек, тер төгесіздер. Дұрыс қабылданған шешім – жұмыстың 50 пайызы, алайда шешімнің нақтылығына өзіңіз сенбесеңіз, онда жұмыс нәтижесіз болмақ. Ал шешімді жүзеге асыру – істің толық орындалғаны. Бізде әңгіме айтып отыруға немесе мәселені айлап талқылап жүруге уақыт жоқ. Ертең ол мәселе кеш болуы да мүмкін. Сондықтан алдыңызға келген шешілуі тиіс жұмысты уақтылы орындауға әрекеттенгеніңіз қажет. Себебі уақыт күтпейді. Бір сағаттың ішінде, 10 минуттың ішінде қабылдайтын шешімдер де болады. Шешім қабылдауға қабілеті жоқ адам мемлекеттік қызметте жетістік терге жетпейді», – деген Ералы Тоғжанов осы ретте Елбасы саясатын алға тартты.
«Елбасымыз осы тұрғыда баршамызға үлкен өнеге алатын көшбасшы тұлға десек болады. Астанаға көшкенде Елбасы тарихи маңызы зор шешім қабылдады. Оңай шешім болған жоқ. Қиын кезеңде жанға жайлы, саялы Алатау етегіндегі Алматыдан Арқаның төсіне қоныс аударуға қарсы болғандар да, сенімсіздік білдіргендер да көп болды. Сол Астанаға қазір үлкен өзгерістер енді, жасыл желекке бөленді. Елорданың іргесін жағалай қымтай 100 гектар жерге орман өсірілуде. Бұл – Елбасының қабылдаған тарихи шешімі. Біз оның бүгінгі жемісін, нәтижесін көріп отырмыз» деп, облыс әкімі Маңғыстау өңіріндегі өзекті мәселелерге назар аударды.
«Маңғыстауда көптеген мәселелер бар. Бүгінге дейін 50 шақты ауыл, елді мекенді араладық. Облыстың орталығында отырып сөз айту оңай. Алайда елді аралап, халықпен етене жақын сөйлесіп қана мәселелердің дұрыс шешімін шығаруға болады. Аудан, ауыл аймақтың жағдайын, әлеуметтік мәселелерін оңтайлы шешу үшін бүгін сіздермен, ауыл-аймақ әкімдерімен кездесіп отырмын. Ауылдағы халықтың сенімін ақтау үшін белсенді түрде, аянбай тер төгу қажет. Сіздерге артылған халықтың сенімі зор, әрі тікелей айтар болсақ, ауылдың әкімі Елбасының өкілі саналады. Елбасымыздың жүктеген міндеттері мен сенімі бар. Сондықтан осындай маңызы үлкен салада сіздерге көп міндеттерді орындау талап етіледі. Жан дүниеңмен беріліп мемлекеттік қызметте жұмыс істемесең істің бәрі бекер. Бұл ретте ең алдымен жауапкершілікті әрбір мемлекеттік қызметші сезінуі тиіс», – дейді облыс әкімі Е.Тоғжанов.
Облыс басшысының айтуынша, өңірдегі өзекті мәселелер облыстың негізгі даму көрсеткіштеріне қатысты. Негізгі мәселе – өндіріс саласы. «Облысқа басшы болып келген уақытта өндіріс көлемі 96,9% болды. Елбасының алдын да осы көрсеткішті 100%-ға жеткізуді мақсат еттім. Инвестиция саласы 82 пайыз болды. Оны да 100%-ға көтеруге уәде бердім, 101,2 пайызға жеттік. Құрылыс саласы – 79 пайыз еді, 102 пайызға шығардық. Өндіріс саласын жылдың соңында 99,8 пайызға көтердік. Бұл көрсеткіштерге жету оңай болған жоқ. Мұнай саласындағы шешімін күткен шаруалар да шаш етектен. Мұнай саласына нақты талдау жасап, есеп-қисабына табандап отырмағанда, біз тығырықтан шыға алмас едік. Бұның бәрі – облыстың әл-ауқаты, экономикалық мәселелері. Елбасы экономика мен саяси мәселелерді алғашқы орынға тектен-тек қойған жоқ. Мемлекет басшысы ең алдымен экономикалық реформаларды толықтай өткізді. Негізгі бағыт-бағдарларды айқындады. Елбасы сондай-ақ Конституциялық реформаларды өткізді. Үшіншіден үлкен саяси шешімдер, бағдарламалар қабылдады. Оның соңғысы бәріңізге мәлім, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы ел дамуының басты бағдарына баланды» деген Ералы Тоғжанов Елбасы саясаты мен бастамаларының ел болашағы үшін маңызды рөл атқарғанын атап кетті.
«Елбасы саясаты еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығын қамтамасыз етуге арналған. Ал тұрақтылықты орнату үшін ең алдымен қоғамдық келісім болуы керек. Елдің бірлігі керек. Осы арқылы мемлекетіміздің тәуелсіздігі де нығая түседі. Елбасымыз әлемге Қазақ елін мойындатты. Кезінде біздің дербес мемлекет болатынымызға күмән келтіргендер де болды. Бүгінгі өткен біздің тарихымыз Қазақстанды әлемге, мұхиттың арғы жағындағы елдерге тәуелсіз ел ретінде әйгіледі. Көрші елдермен дипломатиялық қатынастарымыз реттелді. Тәуелсіздікті алған кезден бастап Мемлекет басшысы ядролық қарудан бас тартып, еліміздің бейбітшілік саясатын жариялады. Қырып-жоюшы қару-жарақтан бас тарту арқылы бүкіл дүниежүзіне сенімділік қарым-қатынасын орнатуға ұсыныс жасады. Басқа мемлекеттермен сенімділік, достық қатынасы түзілмесе Қазақстанға ешбір инвестор да келмес еді, экономикалық байланыс орнатпас еді. Сол сенімді қарым-қатынасты орнату үшін Елбасымыз қаншама күш-жігер жұмсады», – деді Ералы Тоғжанов. Облыс басшысы осы ретте өңірге тартылған инвесторлық әлеуетіне де тоқтала кетті. «Маңғыстау облысына келген уақыттан бері 50-ден аса инвесторларды қабылдадық. Облыстың әлеуеті өте үлкен. Біріккен Араб Әмірлігіне барғанда көзімізбен көрдік, Әмірлік экономикалық тұрғыда үлкен көпірге айналған. Оларда да мұнай бар. Мұнайдың арқасында көтерілді, мұнаймен саяси-экономикалық мәселелерін шешіп алды. Бірақ жеме-жемге келгенде мұнаймен бүкіл болашақты қамтамасыз ету мүмкін еместігін біледі. Олар транспорттық логистикалық хаб қалыптастырды. Табыс көздерін құрды. 15-20 шм жерге созылған хабтардың арқасында мемлекеттер мен материктердің арасын байланыстырып жатыр және оның басында қаптаған халық жоқ. Елбасымыздың қазір бізге міндеттеген цифрландыру бағдарламасы ол жақта табысты жүзеге асырылуда. Барлығы электронды түрде саудаланып, қызметтер көрсетілуде. Мемлекет басшысы тапсырған бағдарламалар біздің елімізді де осындай мүмкіндігі мол, технологиялық тұрпатта дамыған елге айналуға арналған», – деді Е.Тоғжанов.
Өңір басшысы Ералы Лұқпанұлы Маңғыстау облысының мұнай өндірісінен бөлек, өзге де табыс көздерін арттыруға баса назар аударылатынын айтты. Мәселен, тек Маңғыстауда қабылданған «Нұр капитал» жобасы облыс аумағында шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Жоба аясында аймақтағы кәсіпкерлерге 1 пайызбен несие беріліп, жаңа кәсіпорындарының ашылуына қолдау көрсетіледі. Бұл өз кезегінде Маңғыстау облысында жаңа жұмыс орындарының ашылып, халықтың жұмыспен қамтылу көрсеткішінде көтере түспек. Қазірде облыста шағын және орта бизнес субъектілерінің саны – 106,7% немесе 48,6 мың бірлікке жеткен. Инвестицияның нақты көлем индексі жыл басындағы 81,7% бүгін 95,3%-ға дейін артты. «Маңғыстау облысында кәсіпкерлерге 1%-дық несие ұсынатын «Нұр капитал» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама Елбасы тарапынан қолдау тапты. Бүгінгі таңда құны 2 млрд. теңге болатын 110 жоба мақұлданды. Сонымен қатар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша биыл 1,8 млрд. теңге шағын несие бөлінді», – деді Ералы Лұқпанұлы.
Ал Президенттің бес әлеуметтік бастамасы бойынша облыста атқарылып жатқан жемісті жобалар да аз емес. Ипотекалық несиенің қолжетімділігіне бағытталған «7-20-25» бағдарламасы да үймен қамту көрсеткішін қамтамасыз етуге зор мүмкіндіктер береді. Бағдарламаның параметрлерін, өңірдегі тұрғын үйге сұраныс пен нарықтағы үйдің орташа бағасына жүргізілген талдау нәтижелерін есепке ала отырып, Маңғыстау облысы бойынша бір қарыз алушыға несие 25 млн. теңге көлемінде бекітілді. Жалпы, құрылыс саласы бойынша өңірдің нақты индексі 117,3% немесе 54,4 млрд. теңгені құрайды. Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбек ақысын көбейту үшін олардың салықтық жүктемесін азайту бойынша атқарылған жұмыстар да нәтижелі.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қазақтың қастерлі дүниесі«Салыстырмалы түрде төмен жалақы алатын қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесі 10 есеге азайтып, 1 пайыз ғана болады. Біздің облыс бойынша 250 мың жалдамалы қызметкердің ішінде 22 мыңнан астам адам осындай төмен жалақы алады. Салықтық жүктемесінің азаюы арқылы олардың жеке кірісі жылына орта есеппен барлығы 800 млн. теңгеге көбейеді», – дейді облыс әкімі.
Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студенттерді жатақханамен қамту бағытында өткен жылы облыста 215 грант, оның ішінде 50 грант өңір экономикасына қажетті мамандарды дайындауға бөлінген. «Цифрландыру енгізілуіне байланысты, Елбасы информациялық технологияны меңгерген мамандарды көбейту қажеттігін атап көрсетті. Осыған байланысты биыл тағы да қосымша 50 грант және техникалық мамандықтар бойынша магистратурада оқытуға 25 грант бөлінді. Білім беру саласында алдымызда тұрған өзекті мәселенің бірі – студенттерді жатақханамен қамту. Бүгінгі таңда 2600 орындық 6 жатақхана құрылысы жоспарланды, оның ішінде колледждер үшін – 4 (Ақтауда әрқайсысы 500 орындық 3 және Жаңаөзенде 100 орындық 1 жатақхана) және Есенов университетіне 1000 орындық 2 жатақхана. Жатақхана салу үшін жер телімдері белгіленді», – деді облыс басшысы.
Өңірдегі өзекті мәселенің бірі Президент бастамасында қамтылған халықты газбен қамтамасыз ету облыста ойдағыдай жүзеге асырылып отыр. Қазіргі уақытта облыста барлық елді мекендер газбен қамтылды, оның көрсеткіші – 99,8%.
«Жалпы өңірімізде елді мекендерді газдандыру бойынша өзекті мәселе жоқ. Біз халыққа қызмет ету жолында барлық әлеуметтік, экономикалық мәселелерді жан-жақты саралап, зерделей отыра, бар күш-жігерімізді салып жұмыс жүргізуге қашанда дайынбыз. Барша мемлекеттік қызметшілерді, қоғам белсенділері мен жұртшылықты бір мақсатта, елді өркендету жолында жұмыла жұмыс жүргізуге шақырамын. Істеріңіз табысты болсын», – деп ойын түйіндеді облыс әкімі Е.Тоғжанов.
Жиын соңында қатысушылар аймақ басшысына өз сауалдарын қойып, пікірлерімен бөлісті.
Жайық НАҒЫМАШ Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ