Осынау кең байтақ еліміздің киелі өңірлерінің бірі – маңғаз өлке Маңғыстау түбегінен қаншама есімі мәшһүр тұлғалар өмір сүрді. Маңғыстау десе алдымен Бекет ата, Шопан ата, Шақпақ ата, Қошқар ата деп жалғаса беретін кіл әруақты бабаларымыз есімізге түсетіні айдан анық. Жалпы, Маңғыстау өңірі – дін жолын ұстану дәстүрі бойынша ежелден жалғасын тауып келе жатқан киелі де шежірелі ел.
Маңғыстауда Форт-Шевченко деген байырғы қала бар. Ол қаланың негізгі тарихи атауы «Ақкетік» болған. Кейін орыстардың қол астына кірген сәтте қаланың атауы «Форт-Александровск» деп аталып кеткен екен. Форт-Шевченко қаласы – Маңғыстаудың киелі қарашаңырағы. Кезінде киелі қарашаңырақтан елдің ұлттық мүддесі жолында күрескен Жалау Мыңбайұлы, Зұлқарнай Баймырзаев, Төлесін Әлиев, Нәдір Қылыш, Тобанияз Әлниязов, Байбоз Қилыбаев сынды арыстар түлеп ұшқан.
Маңғыстауда жергілікті Адай руының Қосай ата тақтасынан екі атақты хазірет шыққан деседі. Бірі Абдолла хазірет Жаналыұлы (1856–1919), екіншісі Әлжан хазірет Баймырзаұлы (1842–1917).
Әлжан хазірет Маңғыстау өңірінде мұсылман дінінің кең қанат жаюына үлес қосқан ғұлама дінбасыларының қатарынан орын алған. Ол – Меккеге қажылыққа барып бес парызын өтеген жан ретінде де халық арасында сыйлы болып өткен тұлға. Әлжан – 29 жасында орысты мойындатқан діндар. Қағбаға қиын жолмен барып тәу еткен қажы. Ақкетік қаласында мешіт салып, ол дін ордасы Ақмешіт аталған шарғы ұйымдастырушысы.
Форт-Александровск қаласында ең алғашқы қазақ мешітін сол кездегі судья Николай патшаға қызметімен жағып, медаль алған А.Байзақұлы деген 1888 жылы халықтан қаржы жинап салдырып, осы мешіттің имамы болып Әлжан ишан басқарады. Әлжан 1917 жылы қайтыс болғаннан кейін орнына азаншы болып туған інісі Оспан Баймырзаұлы бекітіледі. Екеуі де өте білімді, араб тілінен судай сауатты кісілер болған деседі.
Өлке мұрағатында сақталған Маңғыстау уезінің бастығы Закаспий облыстық бастығына жолдаған құжатында: «Форт-Александров- скідегі қырғыз (қазақ) мешітін Маңғыстау уезі, Түрікменадай болысы, Шалбар ауылының қырғызы (қазағы) 1878 жылы Хиуада білім алған Әлжан ишан қажы Баймурзаев басқарады. Мешітке аздаған жергілікті қызметкерлер мен саудагерлерден басқа елдің көшпенділігіне байланысты адам сирек барады. Мешітті жеңіл жөндеу және оны жылыту, жарықпен қамтамасыз ету тек халықтың молдаға берген аздаған көмегінің есебінен жүргізіледі. Молданың күн көрісі де соның ішінде. Молданың өзі кедей тұрады. Қолындағы 3 сиырдан басқа малы, иелігінде жер, суы жоқ. Мешіт жанындағы шағын кішкене үйде тұрады. Онда мектеп орналасқан. Оны молданың тек өз үйінде оқып, өзінен білім алған баласы Салтанат басқарады» делінген.
Әлжан хазіреттің шежірелік тақтасына тоқталсақ: әкесі Баймырзадан үш ұл: Тоқжан, Әлжан, Оспан. Тоғжаннан Есқали, одан Бәли. Ал Оспаннан мемлекет және қоғам қайраткері, сталиндік репрессия құрбаны болған Зұлқарнай Баймырзаев (1898–1938). Әлжанның өзінен Салтанат.
Атақты жыраулардың бірі Сәтекең (Сәттіғұл Жаңғабылұлы) өз жырларында тарихи тұлғалар хақында көп деректер қалдырғаны белгілі. Ол «Алты арыс Қосайға арнауында» Әлжан хазіретке біраз сөз арнаған. Сол толғаудың хазіретке байланысты жерінен үзінді беріп өтейік:
... «Бес арыс Шалбар» болғалы, Шетінен басы хан еді, Халық үшін қайыр-дұға еткен Әулиелері де бар еді. Әлжекедей хазірет Дүниеден көшкенде Аспанның айы тұлданған Шарғат-діннің шамы еді. Шайхы еді шарғы аударған, Шәһәрдан мешіт құлданған. Жиырма тоғыз жасында Ұлуғы пірден бата алған, патшадай басы бұлданған. Секілді діннің тіреуі Қосайдың екі пірі еді, Қопадағы Абдолла Әлжеке еді біреуі. Қол көтеріп бұлардың Жұрты үшін еді тілегі. Тіршілікте үстінен Мүриті кетпей түнеді. Біразырақ айтайын Әлжекедей ишаннан Құдай үшін үй салған, Бар еді нышан-иманы. Хан көтеріп қадірлеп Адай халқы сыйлады. Дүние-фәни дәрілден Керуені көшкенде Естіген жандар қимады. Арғы атасы Өгізден Қалмақтың шебі қирады. Қағбаға тәубе-қаж қылып Дін үшін жанын қинады. Артында қалған Салтанат Ақ мешітін бұл да ұстап Болып тұр жұрттың имамы. Не демейді дұшпаны, Атаның жолын тұтқанда Сыпайы мақсым бұл күнде Халықтың болып ұстазы Учитель болып школға Патшадан орын ұстады. Тағылым беріп наданға Ұзартты сөйтіп қысқаны... – дейді, ал осы жырдың кезекті жолдарында:Секілді діннің тіреуі Қосайдың екі пірі еді – Қопадағы Абдолла, Әлжеке еді біреуі... – дегені, біз жоғарыда атап өткен Абдолла хазірет Жаналыұлын айтып отырғаны.
«Қопадағы Абдолла» дегені Атырау облысындағы Сағыз станциясының бұрынғы атауы «Қопа» деп аталған екен, сондағы Абдолла деп отырғаны – біз үстіңгіде атап өткен екі хазіреттің бірі.
Әлжан ишанмен бірге Сағызда, көк мешітті ұстаған ғұламалардың бірі (осы Абдолла хазірет болуы керек) Әлжанмен бірге оқыған деседі. Софылық мектептің түлектері жыл сайын сол көк мешітте кездесіп отырады екен деген де ауызекі әңгіме сақталған.
Салтанат та әкесінің жолын жалғастырып, дін жолын ұстанады. 1891 жылы Форт-Александровск қаласында дүниеге келген. Әкесі сынды арабша білім алып, Фортта мешіт-медреседе шәкірт тәрбиелеген атақты ишандардың санатында болған.
1907 жылы Астраханда жаңа әдісті мектепте оқыған, 1913 жылға дейін жергілікті балалардың сауатын ашқан екен. Әлжан 1917 жылы өмірден озғаннан кейін орнына туған інісі азаншы Оспан Баймырзаұлы бекітіледі. Оспан мешітті 1920 жылға дейін басқарып, кейін Салтанат 1920–1938 жж. дейін имандылықтың ақ туын жықпай, 18 жыл бойына қызмет етеді.
Ал Оспан 1929 жылы өмірден озады. Ағасы Әлжан екеуінің бейіті қазіргі Түпқараған ауданындағы «Сейди-Сислам ата» қорымында жерленген.
Салтанат Әлжанұлы дін жолында қызмет еткен кезең нағыз атеистік белең алып тұрған қызыл кезең еді. Көп ұзамай ол қыспаққа алына бастайды. Жүрген жері, басқан ізі, айтқан сөзі бәрі-бәрі қара тізімге алынады. Кей құжаттарда Салтанаттың өз қолымен жазған арызы сақталған. Ол хатта: «әкесі Әлжан мен інісі Оспанның ешқандай имам, молда болмаған екендігін, өзін Оспанның ұлы екендігін, кедей отбасынан шыққанын» жазса, енді бір деректе Салтанаттың: «әкем Әлжан сауатсыз, тек мешітте қарауыл, азаншы етіп пайдаланған, екеуі де (Оспан да) имам болмаған» деуінің негізсіздігі көрінеді. Өйткені сол тұста заман ағымына қарай Салтанат өкінішке орай, тегін жасыруға тура келді. Дінге мұндай көзқарас халықты имандылықтан, ізеттіліктен, қайырымдылықтан, салт-сана, әдет-ғұрыптан, ұлттық сезімнен айырудың бірден-бір таптырмайтын жол болып, Кеңес үкіметі бұл мәселені өзі аренадан кеткенше күн тәртібінен түсірген жоқ.
Өз ауылының адамдарының айдап салуымен, күншілдік пиғылмен Салтанат Әлжанов қара тізімнен босатылмай, Гурьев облысы бойынша УНКВД үштігінің 58-2, 6, 8, 11 жазаның ауыр түрімен 27 желтоқсан 1938 жылы «халық жауы, дін өкілі» деп айып тағылып, ату жазасына кесіледі.
Салтанаттың әйелі Меткел Аманиязованың айтуы бойынша, келіні Алма Жанбатырқызының ұлы Әбдірәсулге жеткізуінше 1938 жылы үйге былғары қара күртелі, фуражкалы екі адам Салтанатты іздеп келіп, алып кеткенін, артынан іздеп барғанда кездесуге рұқсат бермегенін айтқан екен дейді. Қатал Кеңестік дәуірдің суық күні-ай...
Осы сәтте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қиын сәтті басынан өткізе тұра: Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес дарға асып, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны, – деген өлең шумағы есіңе оралады. Иә, қаншама арыстарымыз сталиндік репрессияның қызыл құрбанына айналып кете барды. Әттең-ай...
Бүгінгі таңда Әлжан ишан қажы ұстанған екі ғасыр, отыз жылдай уақыт өтсе де Алланның үйі «Ақ мешіт» әлі күнге дейін қаз-қалпында тұр. Салтанат Әлжанұлы 1938 жылы ұсталып кеткеннен кейін, мешіттің иесі болмай, мешіт ғимаратының көк күмбезі құлатылып, мешіт өз атауынан алыстайды. Соғыс жылдарына дейін «Қосшы» одағының қоймасына, ал соғыс жылдары зат сақтаушы қойма болады. Бүгінде ол ғимарат – «Жақсыбек» атты дүкен.
Қасиетті Алла үйін, есімі мәшһүр аталар ұстанған «Ақ мешітті» ұрпақтарына қайтарар күн туды деп есептейміз. Бүгінде аталардың тағылымын, бабалардың дәстүрін сақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттауда үлкен өнегелі жұмыс болар еді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Елу жылда — ел жаңаАрада қанша уақыт өтсе де бір Алланың құдыреті шексіз ғой, 2004 жылы Қарақия ойпатына қарасты Алатөбе маңында жетібайлық Самиғолла Үмбетов есімді саятшы аң аулап жүріп, қашқан түлкіні індетіп барып, інді қазғанда аузынан жәшікте сақталған біршама беттері сарғайған құнды кітаптар табылады. Бірнеше кітапқа соғылған диаметрі 42 мм мөр таңбада шеңбер бойымен жоғарғы жарты доғада «Имамь Мулла Киргизской мечети», ортада көлденең үш жолда «вь ФОРТЬ АЛЕКСАНДРОВСКЬ», төменгі жарты доғада «Салтанать Альджановь» деп жазылған. Жазу үлгісі төңкеріске дейінгі орыс графикасы. Сонымен қатар имамның өз қолымен жазылған, араб графикасындағы тектік таралымы: «Имам Молла Салтанат Әлжани»-11 Адай ұлы-10. Құдайкеұлы-9. Қосайұлы-8. Байболұлы-7. Мәмбетқұлұлы-6. Тоқтамысұлы-5. Өгізұлы-4. Қазанғапұлы-3. Баймырзаұлы-2. Тоқжан-1. Әлжани-Салтанат және оған кітап сыйлаушы қолымен харакеттері сақталып жазылған: «Үшбу кітап Салтанат Әлжанұлыныкі», «Сахиб Салтанат», «Ай ахун мулла Салтанат», «Үшбу әл-хидайт мүбарак болсын Султанат бин Әлжани, Ишан хажы Баймырза ұлы» сияқты дерек көздері бар.
Табылған кітаптардың бірі «Хидоя/фикх – Сенімді нұсқа-толық шариғат кітабы/, авторы Бурханаддин Марғинани, бұның түсіндірмелері Әл-кифаиа, жеткілікті Жалалиддин Хорезми, әл-Кәрлани, 1904 жылы жарық көрген.
Енді бір кітаптардың бірінде «Шар ул бухаия-Шарһул уа каие финх, хидояның үзінділері, қысқартылған нұсқасы – араб тілінің граматтика- сы туралы жинақ екен. Бұл кітапта Салтанат ахунның өзі қолымен әр парағына түсіндірме сөзбен жазған қолтаңбалары бар. Кейбір парақшаларында араб тілінің граматикасына байланысты жазған дәріс қағаздары да сақталып тұр. Негізі табылған кітаптардың жалпы саны 16. Бұл кітаптардың әлі күнге дейін сақталуы былай қойғанда терең зерттеуді қажет ететінін көрсетіп-ақ тұр.
Әлжанұлы Салтанат ишаннан үш ұл: үлкені Қапсұлтан, ортаншысы Қансұлтан, кішісі Әнуар.
Үлкені Қапсұлтан 1913 жылы туған. Ұлы отан соғысына қатысып, даңқты ерлік көрсетіп, «Қызыл жұлдыз» орденін алған. Жастайынан әкесінің немере інісі Зұлқарнай Баймырзаевтың тәрбиесінде болып, Зұлқарнай Мәскеуге оқыту үшін алып кетеді. Сонда білім алып, орыс әйелмен отбасын құрып, қалып қояды. Володя, Валера есімді ұлдары дүниеге келеді. Валера атты ұлынан немересі Михаил бүгінде Мәскеуде отбасымен тұрады.
Ал ортаншы ұлы Қансұлтан 1915 жылы туған. Ұзақ жылдар бойы Таушық ауылында банк саласында еңбек еткен. Әкесінің мұраларын жинастыруда осы кісінің еңбегі өлшеусіз. Қансұлтаннан Әбдіразақ пен Әбдірәсул. Кішісі Әнуар 1920 жылы туған. Маңғыстау түбегінің алғашқы кеңестік ағартушылары қатарында оқытушы қызмет атқарған екен. Әнуардан Сержан тарайды. Сержан Әнуарұлы – Ақтау қаласының алғашқы іргетасын қаласқан құрылысшылардың бірегейі, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы». 2016 жылы 74 жасында өмірден озды.
Ал Салтанат ахунның шөбересі Кенжебек Сержанұлы – бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің 3-курс студенті. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Аталарының мұраларын бүгінде жинақтап, кейінгі буынға насихаттауда еңбек етіп жүр.
Иә, ислам дінінің кең қанат жаюына орасан үлес қосқан діни ғұламалардың бірі Әлжан ишан Баймырзаұлы мен Салтанат ахун Әлжанұлының өнегелі өмір жолдары мен дін саласындағы құнды мұралары күн өткен сайын тарих қойнауына еніп бара жатыр. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» ұлттық мақаласы аясында ұмыт болып бара жатырған қос тұлғаның есімдерін жаңғырту, жас ұрпаққа насихаттау, жүйелеу, зерделеу жұмыстарын жүргізу керек-ақ.
Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор