©
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ құрылымында мұнай сервистік қызметін көрсететін компаниялар бар. Соның бірі саналатын «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС – электр желілері мен электрлік орнату қызметтеріне мамандандырылған мекеме. Компания мұнай өндіруші нысандарында, атап айтқанда «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың мұнай мекемелерінде қызмет көрсетеді. Негізгі тапсырыс беруші – «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының Қаламқас, Жетібай кенорындарында орналасқан электр желілерімен қамтамасыз ету қызметтері ұсынылады.
Маңғыстауэнергомұнай» компаниясы өзге де мұнай-сервистік қызмет көрсетуші әріптес серіктестіктермен қатар 2014 жылдан бүгінгі күнге дейін күрделі экономикалыққаржылық жағдайда жұмыс жүргізіп келеді. Бұл – бірінші кезекте сыртқы және ішкі факторлардың ықпалы, әлемдік мұнай нарығындағы мұнай бағамының тұрақсыздығы әсерінен туындаған жайт. Осы уақыт ішінде компанияның табысы күрт төмендеп, шығынға ұшыраған. Әлемдік экономикалық дағдарыс салқыны, әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуі біздегі мұнай өндіруші компанияларға айтарлықтай кері ықпал тигізіп отыр.
Қалыптасқан күрделі ахуалға байланысты «ҚазМұнайгаз» ҰҚ» АҚ-тың бизнеспроцестерді трансформациялау және басқарма деңгейін қысқарту мен операциялық модельге көшу арқылы қайта құрылымдау жұмыстарын жүргізді. Мұнай-сервис компанияларының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында персоналмен байланысы жоқ шығындар оңтайландырылып, компанияларға сырттан жұмыскер алуға мораторий енгізілді, сондай-ақ қосымша тапсырыстар да қарастырылуда. Ал мұнайсервис компанияларын ҚМГ құрамында сақтау үшін оларды бәсекелік ортада біршама жоғары деңгейге шығару қажеттігі алға шықты. Бұл бірінші кезекте қызмет сапасын арттыру, жұмыскерлерді оқыту, персоналдың біліктілігін көтеру мәселелерін қарастырады.
«ҚазМұнайГаз» тарапынан зейнеткерлік жасына жақындаған қызметкерлерді мерзімінен бұрын зейнет демалысына жіберуге ынталандыратын бағдарлама да бар. Компания басшылығы соған ұқсас «5/50» бағдарламасын да ұсынады. Бұл бағдарламаға өтініш білдірген жұмыскерлер бес жылдық еңбекақысының жартысына тең қаражатқа ие болады. 5/50 бағдарламасына сәйкес шешім қабылдаған жұмыскерке орта есеппен 10 млн. теңге өтемақы төленеді. Бүгінде бағдарламаның игілігін көріп, компания төлеген қомақты өтемақы арқылы әртүрлі әлеуметтік, отбасылық шаруаларын түгендеп, тұрмысын түзеп алған азаматтар да жетерлік. Мәселен, бағдарлама арқылы алған мол қаражатты банк алдындағы берешек несиелерден құтылу, баспаналы болу, балаларын жоғары оқу орнында оқыту, жеке кәсіптерін ашу және т.б. Біз аталған бағдарламаларды тиімді пайдаланған мекеменің бірі «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС бас директоры Нұрдәулет Қосбаевпен тілдесіп, компанияның бүгінгі ахуалы жайында білген едік.
«Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС-де соңғы уақытта мұнай-сервис компаниялары тарапынан түсетін тапсырыстар көлемі қысқарған. Бұдан бөлек, компания өнімдерінің өз құнының жоғарылығы, сондай-ақ еңбекақы төлеу қорының үлес салмағының басым болуы да мекеме жұмысын тұралатып келген. Ал еңбекақы төлеу қоры қазіргі кезде барлық шығындардың 70 пайызын құрап отыр. «Мәселен, 2018 жылы жоспардағы табыс көлемі 78 млрд. теңге болса, шығын 9,4 млрд. құрайды. Осындай жайттарға байланысты компания қазір дағдарыс алдында тұр. Бұл келеңсіздіктерді жою үшін 2014 жылдан қазіргі күнге дейін компанияның экономикакалық ахуалын жақсартуға байланысты әртүрлі түсіндіру жұмыстары мен шаралар жүргіздік. Бұл алғашқы қадамдар – шығындарды қысқартуды оңтайландыру, өндіріс шығындарын азайту, сондайақ әкімшілік басқарудағы шығындарды қысқарту, компанияларға сырттан жұмыскер алуға мораторий жариялау. Дегенмен бұл шаралар компанияны тығырықтан алып шыға алмады. Жоғарыда атап өткендей, бұл дағдарыс мұнай бағамындағы тұрақсыздық, өндіріс заттарының өзіндік құнының өсуі, жоғары еңбекақы төлеу қоры үлесіне тікелей байланысты», – дейді мекеме басшысы.
«Маңғыстауэнергомұнай» компаниясына 2015–2018 жылдар аралығында «ҚазМұнайГаз» тарапынан дотация есебінде қаржылай көмектер жасалып келген. Бүгінгі күнге дейін ұлттық компания қазынасынан 9,8 млрд. теңге аударылған. Алайда бұл жағдай бұдан ары жалғаса беруі мүмкін еместігі белгілі. Осыған байланысты компания шығындарды оңтайландыру, мекеме құрамындағы салалық емес қызметтерді нарыққа шығару (арнайы техникалар мен көліктер), штат санын азайту, зейнеталды жас, «5/50» бағдарламасы секілді қажетті шаралар мен бағдарламаларды қабылдады. Сондайақ табысты арттыру, жаңа технологияларды қолдану, қызметтер аясын кеңейту де компанияның болашаққа қойған жоспарында. Бағдарламалар 2018 жылы нәтижелі жүзеге асырылса, компания 2019 жылы табысты деңгейге көтеріледі.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған зейнетақы қалай есептеледі?«Басын ашып айта кетер жайт, бұл бағдарламалар біржақты қаралмайды. Әркез жұмысшы ұжымдарымен бірлесе жасалатын, тараптардың келісімі мен атқарылатын шаруалар екенін ескере кеткен жөн. Бұл мәселелерде жариялылық пен ашықтық қағидаларын ұсынамыз. Осы уақытқа дейін ұсынған бағдарламаны 120 жұмысшы қабылдады, зейнеталды жастағылар бағдарламасымен 25 адам, зейнеткерлік бойынша 9 адам кетті, «Өзенмұнайгаз» мекемесіне 5 адам ауысты. Осылайша «5/50» бағдарламасы бойынша компания жалпы 2017-2018 жылдарға 140 адамды қамтуды жоспарлайды. Бағдарламаны қалаған жұмыскерлерге 8 млн. теңге көлемінде өтемақы беріледі. Бұл қаражат қызмет өтілі мен біліктілігіне байланысты өседі», – дейді Нұрдәулет Рахымұлы.
Оның айтуынша, «5/50» бағдарламасы бүгінгі күнге дейін жұмыс керлердің ерікқалауы мен өтініштері бойынша арнайы комиссия отырысында қаралып келеді. 2 жылда бағдарламаға сәйкес салалық емес мамандықта 75 адам, басқа мамандықтарда 65 адам жұмыс істейді. Бағдарламаны әр адам әртүрлі себептерге байланысты таңдайды екен. Мәселен, отбасылық жағдайын түзеу, материалдық жағдайын жақсарту, денсаулығына да байланысты немесе жеке кәсіп, шаруа жасағысы келетіндер де бар. «Дегенмен бағдарламаны қалаған адамның бәріне беріп, жаппай жұмыстан босату деген болмайды. Өндірістік қажеттіліктерге байланысты кей жағдайда осы бағдарламаны алғысы келген бірқатар қызметкерлердің өтінішін кері қайтардық. Бұдан бөлек, 20 адамды қайта оқытып, басқа мекемелерге орналастырдық. 21 адам жоғарыда аталған жағдайларға байланысты тиісті қаражаттарын алып, келісімшартты тоқтатты. Жалпы «ҚазМұнайГаз» компаниясына қарасты мекемелер арасындағы трансформациялау жұмыстары оң нәтижелер берді. 2018 жыл басынан бері электр желілері қондырғыларын орнату бойынша толықтай жұмыс көлемін атқарғалы отырмыз. Біз қазір «OilServicesCompany», «Oil ConstructionCompany» компанияларына электромонтаж құрылыс жұмыстарын толықтай жүргіземіз. Осы бағыттағы компанияның табыс көлемі 1,5 млрд. теңгеге жетіп отыр. Жыл соңына дейін табыс көлемін 2,7 млрд. теңгеге жеткіземіз деп ойлаймын. Бұл жетістіктер – «ҚазМұнайГаз» бен біздің мекеме арасындағы бірлескен бағдарламалардың жемісі», – дейді Нұрдәулет Қосбаев.
«Бұрын бізде өзіміздің жедел арнайы техникаларымыз болды, онда біздің штаттық персоналдар жұмыс істеді. Біз бұл жұмыскерлерге екі ұсыныс бердік. Біріншісі – жұмыскердің ниеті болса, денсаулығы жараса, біліктілігі жетіп жатса, оларды қайта оқытып, біліктілігін арттырып, электромонтер, электрослесарь қызметіне ауыстыру. Бұл бағытта 2 жыл ішінде 41 адам қайта оқып, тәжірибеден өтіп, аталған қызметтерге ауысты. Бұдан бөлек, біздің құрамда құрылысшылар және көлік жүргізушілері де болды. Салалық емес қызметкерлерді топтарға бөліп айтсақ, күзетшілер, қарауылдар, техникалық тазалықшылар, осы кәсіп иелеріне «5/50» бағдарламасы ұсынылды. Барлығы да бағдарламаны өз мақсат-жоспарларына қарай, ерікті түрде, өз қалауларымен таңдап, тиесілі қаражаттарын алды», – деп сөзін түйіндеді Н.Қосбаев.
«Маңғыстауэнергомұнай» компаниясы өз әлеуетін сақтай отыра, мекеме жұмысын оңтайландыруға бағытталған бағдарламалардың игілігі жұмыскерлер үшін де тиімді болуын әркез осылай жүйелеп отыратын болады. Уақтылы қабылданған бағдарлама мен тиісті шешім мұнай өндіру, сервистік қызмет саласындағы компаниялардың алдағы жұмыс ауқымына айтарлықтай дем беріп, әлеуетін көтере түсті.
Жайық НАҒЫМАШ