Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық акциясы бастау алды. Аталмыш шараға облысымызға белгілі ардагерлер, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, этномәдени бірлестік өкілдері, «Өнер» АРТ галереясының суретшілері, РЖҚ «Жаңғыру жолы» өңірлік штабының өкілдері мен облыстағы белсенді жастар қатысты.
Шара басталғаннанақ сөз алған облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов акцияның мән-маңызын атап өтті:
«Үлкен көлемдегі акциямыз көптеген әулиелер мен машайықтар дүниеге келіп, жан баласына хақ жолын сілтеген киелі Маңғыстау өңірінен бастау алуы да тегін емес. Жалпы, аталған шара үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – 5-9 мамыр аралығында соғыс ардагерлері, батыр бабаларымызды ұлықтау мақсатында қамқорлық акциясы өтті. Екіншісі – 28-30 мамыр аралығында қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін ауқымды шарамыз өтіп, енді үшінші кезеңіміз, жылдың соңына дейін жалғасқалы тұрған көне мұраларымызды жас буын өкілдеріне таныстырып, олар да көргенін келешек ұрпақтарына жеткізуі үшін тарихымызды кеңінен насихаттау. Ұлы жазушымыз Әбіш Кекілбаев айтпақшы: «Маңғыстау – аспан астындағы мұражай» екені айдан анық. Расында, бұл топырақтың әрбір түйір тасын алып қарасаңыз, тарихтың қатпар-қатпар іздері сайрап жатыр. Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет деп қазақ айтқан. Ендігі акция көшінің келесі қонақтайтын жері – Бекет ата қонысы болмақ. Онан соң тоқтап қалмай, көптеген тарихы мол, шежірелі төбелерді аралып, 2шілде күні акцияны Атырау облысына тапсырамыз. Жалпы, республика көлемінде өткелі жатқан акцияның Маңғыстау облысынан басталуында да терең мән жатыр, бұл – халықтың бізге деген ыстық ықыласы! », – дей келе, жұртымыздың амандығын тіледі.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Тар қапастағы тағдыр иелері…«Атаңның ботасын алма, батасын ал. Бота өліп қалады, ал бата өміршеңдігін көрсетіп, жарылқап жүреді» деп қазақ халқы айтпақшы, одан әрі сөз алған Шаймұрза Байпақов ақсақал тарихтан толғап, сыр шертіп, ел алдында қол жайып, тәрбиелік маңызы зор, жастарға үлгі боларлық пайғамбаралар есімін атай отырып, батасын берді. Кезек концерттік бағдарламаға кеп тіреліп, көк байрағымызды көкте желбіреткен патриоттық әндерді түрлі ұлт өкілдерінің жас жеткіншектерінен тыңдадық.
Басқосуда аталған экспедиция мүшесі, аудандық жастар орталығының басшысы Алдаберген Қонарбаев:
«Акцияға жалпы облыс аумағынан 70-тен аса белсенді жастар жиналды. Басым бөлігі – туризм саласы бойынша білім алып жатқандар. Бұл саладағы жастарды көп тартуымыздың себебі келешек елдің сауықтыру кешенін қолына алар осы бозбала мен бойжеткендер боларына сенім білдіріп, тәжірибе жинақтату», – деп, жастардың болашағына серпін берді.
«Өнер» АРТ галереясының 30-ға жуық суретшісі шеберлік танытып, Отпан таудың ұнаған көріністерін өз қалауларынша көркем етіп бейнелеп, аталған кешеннің мұражайына сыйға тартты. Сондай-ақ этномәдени бірлестік мүшелері ерекше ынтызарлық ниетпен кешеннің маңын қоршай тал отырғызды. Болашақ бөбектердің саясында ойнап жүргені көз алдымызда қылаң ете берді..!
Адамзат ұрпағының жалғасып отыруынан кейде мәңгілік іспетті көрінеді. Ұрпақ өткенін ұмытса – ең үлкен құлдырау осы. Жастарға тірек болып, рухын асқақтата түсер осындай игі бастамалар көптеп қолға алына берсе, құба-құп.
Мадияр ТӨЛЕУОВ Суретті түсірген автор