«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» жобасына Елбасы берген түсінікте: «Туған жер деген - кіші Отан. Туған жерден басталған сүйіспеншілік сол кіші Отаннан ұлы Отанға - туған еліне, байтақ Қазақстанға деген сүйіспеншілікке ұласады. Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы бағдарламаның мәні неде? Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді-мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі», – дейді.
Қазақстанның ұшы-қиырсыз кең даласында белсенді туризмнің сан алуан түрлерін дамытуға мүмкіндік мол. Туризмді дамытуға үлкен мүмкіндігі бар аймақ - Маңғыстау облысы. Облыста туризмді дамытудың алғашқы қадамдарының бірі - ірі туристік компания өкілдеріне арнап «Маңғыстауды 7 күнде аралау» іс-шарасын ұйымдастыру қолға алынса, бұл саладағы жұмыстар мен шаралар оқушылар арасында да үлкен қызығушылық туғызып тұр.
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданындағы Дарын қосымша білім орталығындағы «Туризм және өлкетану» бөлімі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «2015-2018 жылдарға арналған балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту жөніндегі жоспарға» сай ашылып, 2016-2017 оқу жылынан бастап аудан мектептеріндегі оқушылармен жұмыс жасап тұр. Бөлімнің жұмысы өз нәтижесін бере бастады. Бірнеше облыстық сайыстарда оқушыларымыз аудан қоржынына жүлделер салды. Қазіргі таңда әлемдік экономикада туристік сала – аса жанды және болашағы зор салалардың бірі. Бүгінгі таңда белсенді жорықтың кең тараған түрлерінің арасында саяхаттың, жаяу туризмнің келешегі өте-мөте зор.
Әр сайында бір-бір тарих жатқан, түртіп қалсаң, тау-тасы да сөйлеп кеткелі тұрған Маңғыстау өлкесі тарихи орындарға бай өлке болса, оның бір бөлшегі - Түпқараған ауданы, осы өңірдің кіндігі, қарашаңырағы. Оның аймағындағы әрбір елдімекеннің өз тарихы бар және ол оқушылар үшін зерттеу қызығушылығын тудырады. Шығысында Маңғыстау, оңтүстігінде Мұнайлы ауданымен шектесетін Түпқараған ауданы – Маңғыстау облысының батысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. Аудан Каспий теңізінің жағасында орналасқан. Орталығы – Форт-Шевченко қаласы.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай аудандағы Максим Горький атындағы мектеп-лицейдің 6 оқушысы, 4 мұғалімі Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы бойынша 2017 жылғы мамыр айының 15-20 жұлдызы аралығында ұзақтығы 132 шақырымға созылған 6 күндік, қиындығы І туристік жаяу жорығын ұйымдастырды. Топ мүшелерінің өзара бөліскен қызметтері бар. Жорық маршруты: Форт-Шевченко қаласы - Қызылөзен ауылы - Саура жері - Түлкілі сай жері, 43 шақырым - С.Шапағатов ауылы - Ақшұқыр ауылы, соңғы нүктесі Ақтау қаласы болды.
Оқушылар, топ мүшелері, осы шағын қаланың тұрғындары. Топта өздерімен бірге жорық маршрутының картасы және Форт-Шевченко - Ақтау бағытының профилі болды. Аудан, тіпті облыс жұртшылығы, аудан әкімдігі, ата-аналар, ауданның мектептері бұл топтың жүрісін әлеуметтік желі арқылы бақылап, түсірілген фото, желіде жарияланған жайларға қатысты пікірлер жазып, тілектестігін білдіріп отырды. Білім бөлімі тарапынан берілген тапсырмаға сай жаяу жорық кезінде оқушыларды жолда сол ауылдағы аудан мектептерінің оқушылары күтіп, тамақтандырып, кездесу жасап отырды.
«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді... Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» деген Елбасының мақаласында айтылғандай, оқушылар барған жерлерінің бәрінде тарихи ескерткіштер мен қорымдардың басында сенбілік жұмыстарын жүргізді, дүниеден озған жандарға құран бағыштап, қорымның тарихын, кімге арналғанын, қай ғасырдың ескерткішіне жататынын анықтады. Осы жорық негізінде жасалған іс-шаралар мен жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Менің Отаным - Қазақстан» республикалық туристік-өлкетану экспедициялық жасақтарының слетінде М.Горький мектеп-лицейінің топ оқушылары І орын иеленіп, облыс мерейін үстем етті. Облыста жаяу тұңғыш туризмді дамытудың алғашқы сүрлеуін салды.
Бір қуанарлық жайт-оқушылардың жеңілден ауырға қарай қызығушылығының ар- туында. Бұл топ жорық категориясын жоғарылатып, күзгі каникул күндері Форт-Шевченко – Тұщықұдық бағытында тағы да қиындығы ІІ категориялы жаяу жорыққа шыққан болатын.
«Дарын» қосымша білім орталығындағы «Туризм және өлкетану» бөлімі 2017 жылғы 29 қарашада аудандағы 9 мектептің өлкетану үйірмелері жетекшілерімен «Мектептерде туризм және өлкетану жұмыстарын ұйымдастырудың тиімді механизмі» тақырыбында семинар ұйымдастырып, осы сала бойынша жетекші мектеп - М.Горький атындағы мектеп-лицейінің ұстаздары Джұмашев Біржан, Таспаев Жоламан, Дюсалиев Арматтардың іс-тәжірибелерімен танысты. Мектеп оқушылары Шүйлі сайында мұғалімдерге шеберлік сыныбын ұйымдастырды. 2018 жылғы 2 наурыз күні Маңғыстау облыстық білім басқармасының облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының басшылығымен, Түпқараған аудандық Дарын қосымша білім орталығындағы туризм-өлкетану бөлімінің ұйымдастыруымен «Білім беру ұйымдарында туризм және өлкетану жұмыстарының жабдықталуы» атты облыстық семинар өтті. Семинар жұмысына Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы, Маңғыстау аудандары мен Ақтау, Жаңаөзен қаласы мектептерінен өлкетану үйірмесінің жетекшілері, әдіскерлер, география пәні мұғалімдері қатысып, өз ауданының мектептерінде осы туризм бағытындағы жұмыстардың жабдықталуы, оқушылардың өлкетану-туризм жұмыстарына қатысуы үшін құрал-саймандармен, қажетті нәрселермен жабдықталуы туралы ой бөлісті. Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Утесбаева туризм-өлкетану жұмыстары үшін аудан мектептерінде 7-8 миллионның құрал-жабдықтары сатып алынғаны туралы айтып, осы саладағы жұмыстардың ақпарламасын жасады. Семинардың 2-бөлімінде М.Горький мектеп-лицейінің, Баймырзаев орта мектебінің, Дарын орталығының осы сала бойынша сатып алынған құрал-жабдықтарымен таныстырылып, Дарын орталығындағы «Туған өлке» үйірмесінің оқушылары шеберлік сыныбын көрсетті. Семинар соңында облыстық балалар мен жас- өспірімдер туризмі орталығының директоры Маржан Идекешова бұл саладағы жұмысқа мектеп, аудан тарапынан қатты көңіл бөліну қажеттігін, мектептер арқылы оқушыларды қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етпейінше жұмыстың нәтижелі болмайтынын баса айты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Астананың 20 жылдығына арналған сайт ашылдыОсы семинар жұмысының ұйғарымы бойынша 2018 жылғы «Менің Отаным - Қазақстан» республикалық туристік-өлкетану экспедициялық жасақтары слетінің облыстық кезеңін барлық құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген әрі туризм-өлкетану жұмысындағы жетекші аудан ретінде осы Түпқарағанда өткізуге келісілді.
2018 жылғы 19-20 наурыз күндері өткен «Менің Отаным - Қазақстан» республикалық туристік-өлкетану экспедициялық жасақтары слетінің облыстық кезеңінде тағы да Түпқараған ауданының тобы жүлделі І орынға ие болып, республикалық кезеңге жолдама алды.
Міне, құрылғанына азғана уақыт өтсе де өз жемісін беріп үлгерген туризм-өлкетану бөлімінің ұйымдастырған жұмыстары, жалпы оқушылармен жүргізілген жаяу жорықтардың тиімділігі мынада:
- Дені сау, мәдени-тарихи ескерткіштерін толық білетін патриот жастарымыздың өсуіне үлкен мүмкіндік туғызу;
- Аудан, облыс тұрғындарының басқа елдерге саяхаттарынан гөрі Маңғыстау облысының ішкі туристік бағыттағы маршруттары арқылы демалыс орындарына қызығушылығын арттыру;
- Оқушылар арасында бұрын көп біле бермейтін туринструктор мамандықтарына қызығушылық арттыру, яғни оқушыларға кәсіптік бағдар беру;
Оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеу ісінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы баға жетпес ұсыныс болды. Әрі жас буын өкілдері халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсуі үшін нақ осындай бағыт-бағдардың маңызы зор. Қазағым «Отан отбасынан басталады» дейді. Ал Ұлы Отанды сүюдің іргетасы алдымен, кіші Отанға-туған жерге деген сүйіспеншілікпен қаланады.
Гүлшат ҚАНЖАН, Дарын қосымша білім орталығының директоры
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="54465,54466,54467"]