Былтыр «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған болатын. Елбасымыз экономиканы ауқымды түрде цифрландыруға көшкенде ғана жаһандық бәсекелестіктің артатынын айтқан еді. Сәрсенбінің сәтті күнінде Қызылтөбе лицейіне барып, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында IT-бағдарламасымен сабақ жүргізудің жаңа тәсіліне куә болып келдік.
Шараға «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тумышев пен Мұнайлы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұқанжан Камалов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева, «Bilim Land» компаниясының редакция бөлімінің басшысы Айнұр Төлеуханқызы және аудандық білім бөлімінің басшысы Есен Овезов пен мектеп директорлары, мекеме басшылары қатысты.
Қонақтар алдымен информатика кабинетіне бас сұқты. Онда бағдарламалау негіздерін тереңірек оқыту мақсатында информатика пәнінің мұғалімі Гүлназ Елжанова 5 сынып оқушыларына «Scrath» бағдарламасымен жұмыс жасауды үйретті. Балалар теледидар арқылы көріп жүрген мультфильмдердің барлығы осы бағдарлама арқылы суретке жан бітіріп, жасалатынын түсінді. Ал информатика пәнінің мұғалімі Ақзат Ерімбетова «Ультрадыбысты датчик» тақырыбында сабақ жүргізді. Балалардың бұл сабақта әртүрлі робот құрастырып, оларға бағдарламалар енгізіп, кез келген дыбыстар орнатуды үйрене алатынын көрсетті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңаөзен жастары «Шақпақ ата» қорымына бардыМектептің дәлізі бойында әртүрлі роботтар жасаған оқушылар өз жұмыстарымен таныстырды. 5 сынып оқушылары Дінмұхаммед Сүлеймен жүк көтергіш робот, Ардақ Сапар жер жыртуға арналған робот, Мейірбек Қосарбай сызық бойымен жүретін роботтың жұмыстарын көрсетсе, 7 сынып оқушысы Мәдина Кесікбаева еден жуғыш роботпен еден жууға болатынын айтты.
Лицейдің әдіскері Роза Қойбағарованың шәкірттері, халықаралық ғылыми жоба сайысының жүлдегері Арман Ермеков пен Құрманғазы Исламкулиев ІТ алаңында арнайы штрих кодтар арқылы жасақталған көрменің жұмыстарымен таныстырып шықты. Көрмеде киіз үй бейнесін, сандық, көрпе-төсектер мен қыл-қобызды суреттеген. Суреттер мен аспаптардың жанында арнайы штрих кодтар орналасқан. Осы штрих кодтар арқылы смартфонға жүктеп, бейнеленген сурет жайында бейне ақпарат ала алады. Сонымен қатар көрмеде Қазақстан картасы бейнеленген. Осы картадағы кез келген қала, облыс жайында да ақпараттарды білуге болады.
Лингофон кабинетіне келгенімізде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Нұржамал Нұрғалиева да бұл кабинеттен оқушылар штрих кодтар арқылы қазақтың ақын жазушыларының өмірімен, шығармаларымен танысып, тарихты білуіне жағдай жасалғанын және қазақ киноларын қарауға болатынын айтты. Осылай оқушылар көру, есту арқылы жадында сақтауға үйренетінін жеткізді.
География пәнінің мұғалімі Феруза Каракулова виртуалды көзілдіріктің көмегімен көптеген елдерге саяхат жасауға болатынын көрсетті. Ал цифрлы физика кабинетінде цифрлы лаборатория құрылғысы арқылы бүкіл физикадағы шамаларды анықтауға болатыны және суреттерді планшеттер арқылы қозғалысқа енгізіп, оқушы білімін арттыру мүмкіндігі көзделген.
Химия пәнінің мұғалімі Тазахан Ақжігітова мен биология пәнінің мұғалімі Мәншүк Байназарова арнайы шаблон арқылы ауадағы көмірқышқыл газының мөлшерін анықтау жолдарымен таныстырды. Күнделікті тұтынып жүрген газды сусын мен бұлақ суының құрамын зерттеді. Нәтижесінде газдалған сусынның қышқылы жоғары болып, бұлақ суы бейтарап болып шықты.
Шара соңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Қасымқызы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім саласы цифрландыруға көшуде екенін, осындай керемет сабақтар арқылы мұғалімдердің жаңашылдықты жақсы қабылдағанына куә болып отырғанын және білім саласында көш бастап келе жатқан мектеп екенін айтты. Осы сәтте сөз алған «Bilim land» компаниясының редакция бөлімінің басшысы Айнұр Төлеуханқызы «Жаңашыл мұғалім – 2018» байқауының «Сабақтағы ақпараттық коммуникациялық технологиялар» аталымы бойынша 1,5 млн. адамның ішінде оза шауып, жеңімпаз атанған №5 мектептегі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мая Джанбаеваны марапаттап, 500 мың теңгенің сертификатын табыстады.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тумышев шараның өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, келешек ұрпаққа керекті дүниелер екенін айтып, IT сыныбының ашылуымен құттықтап, еңбектерінің еселене беруін тіледі.
Жаңашылдықты бірінші болып қабылдап, жаңа технологиямен жұмыс жасауға білек сыбана кіріскен мектеп шарасы дарынды оқушылардың шеруімен жалғасын тапты.
Гүлнара ТАСБОЛАТОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="54471,54470,54469"]