9 мамыр жақындаса Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерімізді және соғыстан оралмай қалған боздақтарымызды бір сәтке еске алып жатамыз. Жетпіс жылдан аса уақыт өтсе де, өзгелер үшін өз жанын пида еткен боздақтардың қай жерде жоғалып, қай жерде жерленгенін іздеп-табу ойымызға келмеген. Менің төмендегі еңбегімді бағалаушылар, «сенікі еңбек, ерлік» деп жатады. Еңбек болса еңбек шығар, ал ерлікті жасаған – сонау алыста қалған аталарымыз, әкелеріміз, ағаларымыз. Менікі боздақтар алдындағы борыш, парыз деп білем.
Бір газетте: Жарқырап екі көзің шамдай жанған, Күтуші ең балдарыңды қан майданнан, Жалғанда күту деген қандай жаман, Ақыры қаза болдың сарғайғаннан, – деп анасы туралы жаза келіп, менің еңбегімді, «талайдың ойына келмеген, небір білімділер, ғалымдар ойламаған ең игілікті, қайырымды іс жасаған» деп бағалапты жасы 70-тен асқан жылойлық ардагер ұстаз. Осы еңбегімді ел елеп, ескергенмен, менің өкінішім - әкемнің көзі тірісінде әкесінің бейітін тауып, бір уыс топырақ салғыза алмағаным. Әкем Құлғара 2013 жылы о дүниелік болды.
Сол бір сұрапыл жылдары арғы атам Керуенбайдың төрт ұлының үшеуі ел қорғауға аттанса, кенжесі Тынысбай әкеміз қолына шыққан жарадан әскерге алынбай, елде қалып, ай сайын аудандық әскери комиссариатқа барып, дәрігерлік байқаудан өтіп тұруға мәжбүр болған. Екінші ұлы Көңіл кәкем 1942 жылы елге ауыр жараланып оралды да, тұңғышы Ыбырай мен үшінші ұлы Науар із-түссіз жоғалғандар санатында кетті.
Әлеуметтік желі арқылы аталарымды іздеу барысында, бұрынғы Гурьев облысы, Жылы Қосын ауданынан Ұлы Отан соғысына аттанған жауынгерлердің әр тобының қай жылы аттанып, қай жерде жаттығып, қандай әскери бөлімнің құрамында соғысып, қандай елді мекендер үшін шайқасқанын анықтауға тура келді. Олар соғысып өткен қала, село, деревня, хуторлардағы бауырластар зиратындағы ескерткіш тақталарына жазылған тізімдерді қарап шықтым. Жеке көлігіммен соғыстың ошақтары болған Волгоград, Воронеж, Орел, Курск, Тула, Москва және т.б. облыстарын аралауыма тура келді. Тынбай ізденудің нәтижесінде екі атамның жерленген жерін 2016 жылы тауып, анықтадым.
Ыбырай атам 1943 жылы 26 тамызда Украинаның Сталин (қазіргі Донецк) облысы, Лиман ауданы, Щурово селосында опат болған. Науар атам 1942 жылдың 19 қаңтарында әскерге алынып, 429 команданың құрамында Чкалов (қазіргі Оренбург) қаласының түбінде әскери дайындықтан өткеннен кейін, наурыздың 29-да сол жерден соғысқа аттанған. Аталған команда, Ресейдің Тула қаласында екінші рет қайтадан жасақталып, Брянск майданына бет алып келе жатқан 211-атқыштар дивизиясының қатарын толықтырған. Атамның 887-полкі 18 сәуір күні Орел облысы, Верховье (қазіргі Залегощь) ауданы, Прудки (қазіргі Нижняя Залегощь) селосының солтүстік-батыс бетіне келіп бекінген. Полктің немістермен алғашқы ұрысы 3 мамыр, екіншісі 25 мамыр күндері орын алған. Ең үлкен ауыр шайқас маусымның 11-і күні болып, полктің жеке құрамының жартысынан астамы шығынға ұшыраған және із-түссіз жоғалған. Менің де атам осы ұрыста қаза болған. Атаммен бірге Нижняя Залегощь бауырластар зиратына әр уақытта қаза тапқан 80-нен астам қазақ жауынгерлері жерленген.
2017 жылдың 9 мамырында Науар атамыз жатқан бауырластар зиратына барып, туған жерінің топырағын салып, тағзым етіп, Құран бағыштап қайттық. Украинаның Донецк облысындағы қазіргі ахуалға байланысты Ыбырай атамыздың басына бару мүмкін болмай тұр.
Аталарым қызмет еткен бөлімдердің штаб бастықтарының жоғарыға берген әскери хабарламаларында, Керуенбаев Ыбырай – Коруембаев Исрай, Керуенбаев Науар – Курунбаев Наар, артындағы жоқтаушысы Талайлы әжемнің аты – Галайты болып жүр. Бұдан шығатын қорытынды, қазақ жауынгерлерінің аттарын орыстар қалай естіп, қабылдаса, солай құжаттарға түсіріп отырған. Менің де аталарымның аты-жөніндегі қате осылайша кеткен.
Өмір мен өлімнің шайқасында ажал құшып, бауырластар зиратына жерленген жауынгерлердің 60-70 пайызының есімдері ескерткіш тақталарына жазылмай қалған. Бүгінде олардың артында, қаза болған қызыл армияшы туралы мәліметтер берілген сарғайған әскери хабарламалар ғана қалған.
Науар атамның есімін мемориалдық тақтаға жазу туралы Орел облысының басшыларына өтініш хат жолдағанымда, атамның 204 қаруласының есімдері де жазылмай қалғанын анықтағанымды баян етіп, боздақтар тізімін жіберген болатынмын. Алғашында өтініш хат тексерілуге жіберілгені туралы хат алсам, үш айдан соң, мен жіберген тізімнің расталып, ескерткіш тақтасына жазатындарын хабардар етті. 2017 жылдың шілде айының соңында, араға 75 жыл салып, ел үшін опат болған ерлердің есімдері жазылған мемориалдық тақта орнатылды. Олар – қазақ, орыс, украин, әзірбайжан, грузин және т.б. ұлттардың өкілдері еді. 204 жауынгердің есімдерін ұлтына қарамай төрт ай бойына ізденіп, анықтау себебім – окоптың сызында отырып, қара су мен қара нанды бөліп жеген, артынан ажал құшып, бірін-бірі құшақтап, мәңгілікке ұйқыға кеткен, атамның қандыкөйлек қаруластары еді. Осы тақтаны орнатуға еңбек сіңірген Нижняя Залегощь селосының басшысы Андрей Филиппович Красницкий мырзаға алғысым шексіз.
Соғыстан оралмай қалған аталарын, әкелерін, ағаларын таба алмай жүрген жандарға септігім тисін деп, осы іспен қолым бос уақытымда айналыса бастадым. Сегіз ай ізденістің нәтижесінде, мың жарымға жуық жылойлық боздақты тауып, Атырау облысы, Жылой ауданының аудандық «Кең Жылой» газетіне ұсынған болатынмын. Мақала жариялана бастағаннан бастап, газет бетінен өз тумаластарын тапқан ұрпақтарының қуаныштарында шек болмады. Бірі телефонмен, бірі өз аяқтарымен келіп алғыстарын айтушылар көп болды. Әсіресе алды 93 жас, соңы 75 жасқа келген ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың, құдды әкелері тіріліп келгендей қуанып, әкелеріне деген сағыныштарын баса алмай, жас балаша еңкілдеп жылағанда, тұтқаның бер жағында менің де көзіме жас алып тұрған сәттерім болды.
Былтыр маусым айынан бастап, бұрынғы Гурьев облысының Маңғыстау, Шевченко аудандарынан және Маңғыстауда туып, қилы кезеңде Түрікменстан асып, сол жерден соғысқа аттанып, елге оралмаған боздақтарды іздеуге отырған болатынмын. Бір жылға таяу уақыттың ішінде екі мыңға жуық маңғыстаулық боздақтарды таптым. Табылған боздақтардың 70 пайыздан астамы «із-түссіз жоғалды» деп есепке енгендер. Дәлел болар құжатым жоқ маңғыстаулық боздақтарды газет бетіне бере алмадым. Оған себеп, әскери хабарламасында аты-жөндері қате, қай жерде туып және қай әскери комиссариаттан шақырылғаны жазылмаған.
Төмендегі боздақтар тізіміне түсінік бере кетсем, соғыс мезгілінде жауынгер қаза болып немесе жоғалған жағдайда, жауынгер қызмет еткен бөлімнің штаб бастығы жоғарыға әскери хабарлама жіберіп отырған. Әскери хабарламада, жауынгердің аты-жөні, алғашқы жерленген немесе жоғалған жері және т.б. жауынгерге қатысты мәліметтер көрсетіледі. Кей бір әскери хабарламаларда қате кетіп, қаза болды деген жауынгерлердің тірі қалып, кейіннен қаза болғандары, елге аманесен оралғандары да бар. Хабарламада «із-түссіз жоғалған» жауынгерлердің есімдерін жоғалған жерінің бауырластар зиратының ескерткіш тақталарынан кездестірсем, қайсыбірін тұтқындар лагерьлерінен таптым. Қазіргі таңда осы әскери хабарламалардың барлығы Ресейдің Подольск қаласындағы орталық әскери мұрағатында сақтаулы. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары кейбір бейіттерден жауынгерлердің сүйектері қазып алынып, басқа бауырластар зиратына қайта жерленген. Қазіргі кезде жауынгердің алғашқы жерленген жерінің облыс, аудан, село, деревня аттары өзгерген немесе басқа облыс, ауданның басқарылуына берілген болуы мүмкін. Мысалы, Маңғыстаудан Ұлы Отан соғысына аттанған, заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың әкесі Қоқымов Кекілбай әскери хабарламада, «Кохонов Кокильбай», жары Айсәуле «Айса», туған жері Гурьев облысы, «Курильская», Маңғыстау ауданы «Накстовский», «аул №10» (бұрын Оңды ауылы №10 ауыл деп аталған) болып жазылса, алғашқы жерленген жері Смоленск облысы, Глинковск ауданы, Милеево деревнясы болып көрсетілген. Қазір ол жер Тверь облысы, Западнодвинск ауданы, Ильино поселкесі деп аталады. Тізімдегі мен анықтаған жауынгерлердің де аты-жөнінде қате кездесуі мүмкін. Себебі менің сүйенген мәліметтерімде есімдері осылай берілген.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жақсылық Үшкемпіров: «Мен мал бағу кәсібіне тектен-тек келген жоқпын»Маңғыстау түбегінен соғысқа аттанып, ұрыс даласында қаза тауып, есімдері енді ғана белгілі болған маңғыстаулық боздақтардың тізімі менің қолымда, кейін де қалған ұрпақтары, тумаластары болса, боздақтар басына барып, рухына бас иіп, тағзым етсе құба-құп (Маңғыстаудан соғысқа аттанып, қаза тапқандар тізімі).
Отан үшін опат болған ерлердің анық аты-жөндерін анықтауға өз үлестерін қосқан, Ресейдің Подольск қаласында орналасқан Ресей қорғаныс министрлігінің орталық мұрағат қызметкері Надежда Михайловна Петиковаға, Қазақстанның облыстық әмбебап ғылыми кітапханаларының басшыларына және әскери комиссариат қызметкерлеріне алғысымды білдіремін.
Төменде берілген жауынгерлер тізімінен өз тумаласын танып жатса, редакциямен байланысып, менің ұялы телефонымның нөмірін немесе электрондық поштамды алып, хабарласуларыңызды сұраймын.
Жәнібек НАУАРОВ Боранқұл селосы, Бейнеу ауданы