15 мамыр Халықаралық отбасы күніне орай Жаңаөзен жастар ресурстық орталығы және Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ қаламыздағы жас отбасылар арасында «Отан отбасынан басталады» атты спорттық сайыс ұйымдастырды. Салауатты өмір салтын насихаттай отырып, эстафета спорттық ойындарды дамыту және жас отбасылар арасында ұйымшылдықты қалыптастыру мақсатындағы сайысқа №6,7,8,10,16 білім ордалары мен «Өзен жылу» МКК, Маңғыстау облыстық медицина колледжі атынан шыққан 7 отбасылық команда қатысты.
6 кезеңнен тұрған додада отбасылар командасын таныстыру, үлкен резеңке допта секіру «Кенгуру», «Кім жылдам» жүгіру, допты екі аяқтың арасына қысып, кедергілер арасымен түсіріп алмай өтіп, ілініп тұрған шарды жару «Мергендер», шелектегі суды қасықпен тасып, шыдамдылық пен ептілікті қажет ететін «Ептілік», секіртпемен кедергілер арасымен секіріп өту «Секіртпемен жүгіру» сайыстарына түсіп, бақ сынаушы командалар спорттық белсенділіктерін көрсетті.
Сайысқа «Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығы» КММ бас маманы Қасым Байтөреев, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалар орталығы Жаңаөзен қалалық филиалы меңгерушісі Айгерім Сағызбаева және қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы Меруерт Теңелбаева қазылық етті.
Жарыс қорытындысы бойынша, барлық кезеңде алда болған Жарылғасовтар отбасы (№16 орта мектеп) жеңімпаз атанып, №8 орта мектептің «Алау» командасы 2 орын, №7 орта мектептің «Ақ отау» командасы 3 орынға ие болды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мұнай бағасы күрт қымбаттадыМәлік Жарылғасов, жеңімпаз «Ізбасарлар» командасының отағасы:
- «Дені саудың — жаны сау» демекші, бұл сайысқа отбасы мүшелерімізбен спортпен айналысатындықтарымызды көрсетіп, салауатты өмір салтын қолдау мақсатында қатыстық. Тобымыздың ауызбіршілігі, әрі шапшаңдық танытқанымыздың арқасында жеңіске жеттік. Отбасылық жарыс ұйымдастырып, ата-ана мен баланың қарым-қатынасын жақсартып, бір-біріне сенімділіктерін, қамқорлықтарын көрсетуге мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға үлкен ризашығылымды білдіремін. Барша отбасылардың шаңырақтарына бақ пен береке тілеймін. Елімізде сыйластық, жарастық орнаған отбасылар көп болсын.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтар, арнайы дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ, қатысушы командалардың барлығына ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар табысталды.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА