©
Биыл — еліміздің жүрегі Астана қаласына 20 жыл. Бас қаламыздың туған күніне дайындық жұмыстары әлдеқашан басталып та кетті.
Дүйсенбі күні облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ залында облыс орталығындағы мектептердің жоғары сыныптарында оқитын ұлты қазақ емес оқушылары «Астанаға — 20 жыл!» тақырыбында қазақ тілінде диктант жазды. Ондағы мақсат — жасөспірімдерге елордамыз туралы мағлұмат беру, балалаларды отансүйгіштікке, Отанын қадірлеуге үйретіп, ұлттық патриотизм рухында тәрбиелеу және мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендерін байқау.
Оқушылардың жазған жұмыстарын комиссия тексеріп, бағалады. Нәтижеде № 4 гимназия мектебінің 9-сынып оқушысы Алена Тушканова 1-орынды иеленді. Ал осы гимназияның 10-сынып оқушысы Никита Гаврилов 2, №23 мектептің 9-сынып оқушысы Нұрсұтан Дастанбекұлы 3-орынға ие болды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қазақстанда ең көп орташа жалақы — МаңғыстаудаОблыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Амангүл Жайылханова балаларды мерекемен құттықтап, игі тілегін айтты. Жеңімпаздарға тиісті дәрежелі дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сондай-ақ диктант жазған оқушылардың барлығы да құралақан қалған жоқ.
Диктант жазудан қатарластарынан үстем түскен балалар мемлекеттік тілді үйрету арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасына қатысатын болады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА