Осыдан 73 жыл бұрын Отан үшін от кешкен, сіз бен біздің болашағымыз үшін жанын қиып, алаңсыз бейбіт күн үшін қан жұтқан, тылдағы тынымсыз тірлікті жандандырған жандар арамыздан сиреп, олардың жасаған ерліктері біз үшін аңызға айналып келеді.
Бейбіт күннің бірінде алаңсыз қызметін жасап жүрген Қаржаубай атамыз 1940 жылы ақпан айының 5 жұлдызында Кеңес Армиясының құрамына шақырылып, әскери борышын өтеуге аттанады. Олар әскерде жүргенде сұрапыл соғыс басталып, жауынгерлік жолын Ұлы Отан соғысында жалғастырған.
Балапанов Қаржаубай Нұрқасымұлы 1916 жылы 12 наурызда Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. 1934–1940 жылдар аралығында КСРО Халық комиссариятының бұйрығымен Маңғыстау ауданындағы учаскелік өнім беру жөніндегі салық агенті қызметін атқарған. 1941 жылдың маусым айынан бастап Совет Одағы Коммунистік партиясының мүшесі.
1941-1942 жылдар аралығында 251-атқыштар полкінің курсанты, 26-атқыштар бригадасында отряд командирі, 1942 жылы Грузияда Батуми қаласынан 13 шақырым қашықтықта түскен суреті атаның шаңырағында сақтаулы екен (сурет алдыарты сканерленген). 1942 ж. 137-атқыштар полкінде отряд командирі, 1942-1943 ж.ж. 1331атқыштар полкінде отряд командирі, 1943 ж. соғыста жараланып, №3676 әскери госпитальда емделген. 1943 ж. – 9 гвардия атқыштар бригадасы отряд командирі. 1944 жылы ұрыста екінші рет жараланып әскери госпитальда емделген. Сол жылдың 4 наурызында денсаулығына байланысты әс керден босатылып, елге оралған. Еткен еңбегі бағаланып, 1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін медалімен, І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаратылыстанудың жайы мен жаңа стратегиялар талқыландыАуылға оралғаннан кейін партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің инструкторы, мал дайындау мекемесінің орынбасары, Борлы ауыл шаруашылығы артелінің төрағасы, «Қой шаруашылығы» фермасының басшысы қызметтерін атқарған. Осы мекемеден 1976 жылы зейнеткерлікке шыққан. Соғыстан оралған соң 1945 жылы Үмітхан апаймен отбасын құрып, 1 ұл 1 қыз өсіріп, олардан немережиен сүйіп, қызықтап, 1993 жылы 77 жасында дүниеден озды. Бүгінде атаның ұрпағы Форт-Шевченко қаласында тұрып жатыр. Аталарымыз бен әжелеріміздің қайсарлығымен, батырлығымен келген бейбіт күн баршамыз үшін қымбат.
Жадыра ЖОЛДАСОВА