Зырлап өтіп жатқан жылдар-ай десеңізші! Кеңес елінің Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіне де 73 жыл уақыт болыпты. Өткен күндерге ой жіберіп, тарих беттерін парақтар болсақ, жеңіске жетуге сол кездегі Кеңес Одағының басқа ұлттарымен бірге қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосқанын білеміз. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті.
Осы Ұлы Жеңісті біртабан болса да жақындатқан жандардың арасында өз әкемнің де болғанын мен мақтаныш етемін. Біздің әкеміз – Мұханмеди Жолболдин 19 жасында соғысқа өзі сұранып аттанып, 152-атқыштар бөлімінің құрамында Сталинград шайқасындағы үлкен жеңіске өз үлесін қосқан жауынгерлердің бірі. Қалмақ даласындағы ұрыс деген аты бар бұл шайқас 1942-жылдың жазында басталыпты. Мамай қорғанында 140 тәулік бойы ұрыс жүріп, Совет жауынгерлерінің қаhармандық ерлігіне куә болған бұл ұрыста, яғни 1942 жылдың 5-қыркүйегінде әкеміз ауыр жараланып госпитальға түседі. Жазылып шыққасын қайтадан майдан даласына оралады. 1943-жылы қайтадан жараланып, госпитальға түсіп, шынтағы мен саусағын кестіріп, соғысқа жарамсыз болғандықтан елге оралыпты. Елге оралғаннан кейін НКВД-ға қызметке орналасады. 1945-жылдан КПСС мүшесі болған әкеміз сауда саласының материалдық-техникалық жабдықтау, әлеуметтік қамту бөлімдерінде түрлі жауапты қызметтер атқарды. Маңғыстау мұнайын алғаш ашқан «Маңғышлақ мұнай-газ барлау тресінің», Қарақия (Ералиево) ауданының, Құрық кентінің өркендеп өсуіне алдыңғы қатарлы ел азаматтарының қатарында аянбай еңбек етті. Еңбегі еленіп, бірнеше дүркін аудандық, поселкелік Кеңес депутаты болып сайланды, соғыста көрсеткен ерлігі үшін, еңбектегі жетістіктері үшін бірнеше медальдармен, төсбелгілермен марапатталды. Жастайынан еңбекке араласып, елінің абыройлы азаматы болған әкеміз 57 жасында өмірден озды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Қарақия ауданының әкімдігі аудан орталығы Құрық кентінен Мұханмеди Жолболдинге ескерткіш белгі орнатып, демалыс орнына атын берді. Облыс, аудан әкімдігі мен мәслихатына, аудан ардагерлеріне шын жүректен алғысымызды білдіре отырып, бұл аттақ бүкіл соғыс және еңбек ардагерлеріне деген құрмет деп білеміз.
Әкеміз қатысқан Сталинград майданы жөнінде неміс-фашист генералы Г.Дерр кейін «Сталинградқа жорық» деген еңбегінде: «Германия жердегі әскерінен ғана емес, тек авиация жөнінен ғана Сталинград түбінде бүтін бір армиясынан айрылды»,- деп жазыпты. Осы деректен-ақ бұл ұрыстың қаншалықты жойқын болғандығын аңғару қиын емес тәрізді.
Фашистік Германияның алаңсыз отырған елге тұтқиылдан жасаған шабуылы талай отбасын ойран етіп, талай боздақты құрбан етті. Қаншама ұрпақ әке мейіріміне шомыла алмады... Ең қиыны, бұл соғыста күштер де тең емес еді. Күннен-күнге қатары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлерін көрген сайын қазіргі жас ұрпақтың соларға деген құрметі өшпесе екен, деген ізгі ой осы мақаланы жазуыма себеп болып, қолыма қалам алғызды. Аналар мен балалардың көз жасымен, әкелердің маңдай терімен келген Ұлы Жеңістің арқасында 73 жыл бейбіт аспан астында ғұмыр кешіп отырмыз.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ұлы мұратқа жетудегі алғашқы қадамдар... Неменеге жетістің бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр, Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр, - деп Мұқағали тебіренгендей, Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдарымыздың қарасы да жыл санап азайып барады. Бұл, әрине, өмір заңдылығы десек те солардың жанымен, қанымен, терімен, күшімен, ісімен, ерлігімен келген Жеңіс күнінің мәні өшпек емес! Бұл - Ұлы мереке! Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың аманат еткен, қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды!
Ұлы Жеңістің 73 жылдығына орай Мұханмеди Жолболдин ұрпақтары өз қаржымызға демалыс орнының кіре берісін қайта жарақтандырып, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың туған жерге тағзым бастамасына өз үлесімізді қостық деп есептейміз.
Әкемді еске ала отырып, бірі майданнан аман оралған, бірінің сүйегі жат жерде қалған барша Кеңес жауынгерлеріне, олардың өшпес рухына тағзым еттім...
А.ЖОЛБОЛДИНА, барлық ұрпақтары атынан