Роза әпкеммен жұмыс бабымен қатысып жүрген басқосулардың бірінде таныстым. Өңірімізде белсенді жұмыс жүргізіп жатқан 20 шақты этномәдени бірлестік бар ғой. Көбінесе осы этномәдени бірлестіктердің қатысуымен өтетін жиындарда кездестіремін оны. Кіммен болса да ашық-жарқын сөйлесе кететін Роза Ғұмарқызының аспан түстес мейірімді жанары оның жайлы мінезін айғақтап тұрғандай көрінетін. Ал онымен жақынырақ әңгімелескенімде бұл татар қызының өзінен басқа төрт ұлттың басын біріктіріп, ынтымағын жарастырып отырғанын білдім де, қайран қалдым. Құдай-ау, соңғы жылдары өзге түгілі, өз ұлтынан қыз алысқандар да тіл табыса алмай, ажырасу көбейген кезде, арғы түбі әр алуан, салты мен санасы басқа бес ұлттың басын біріктіру дегеніңіз өнеге емес пе?
Роза Атырау қаласында Ғұмар деген татар кісінің отбасында дүниеге келген. Әкесі Индерде, анасы Салима Құлсарыда туған. Олар осыдан 50 жылдан астам уақыт бұрын жаңа салына бастаған ақ маржан Ақтауға, бұрынғы Шевченкоға қоныс аударып, жас қаланың алғашқы кірпіштерін қаласты. Ал Ресейдің Саратов қаласына қонаққа барған Роза Володя есімді орыс жігітімен танысып, бірін-бірі ұнатқан екі жас көп ұзамай шаңырақ көтереді.
1978 жылы түрлі себептермен жас отбасы 6 және 2 жасар екі ұлымен Ақтауға көшіп келеді. Әке мен шешенің құшағы перзенті үшін қашан да ашық емес пе, олар Розаның ата-анасының пәтерінде бір жыл тұрады. СМУ88 мекемесінде құрылысшы болып жұмыс істеп жүрген күйеуіне пәтер берген соң олар жаңа пәтерге көшті.
Ол кезде Розаның анасы тас шығаратын карьерде жұмыс істейтін. Қаршадайынан 1941-1945 жылғы екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, соғыстың соңына дейін майдан даласында болған Салима Шияпованы бүкіл қала құрмет тұтатын. Қазақтың батыр қыздары сияқты ол да пулеметші болып, талай фашисті жер жастандырғаны үшін «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған.
[caption id="attachment_52697" align="alignleft" width="209"] Анасы Салима Шияпова[/caption]- 9 мамыр жақындағаннан-ақ менің анамда тыным болмайтын, - деп еске алады Роза Блохина. - Оны жеңіс күні құрметіне әр түрлі шараларға, кездесулерге шақыратын. 9 мамыр күні анамыз үстіне гимнастеркасын, аяғына керзі етігін киіп алып, қолына күйеу баласы сыйлаған саратов гармошкасын алып, мерекелік шеруге баратын. Ал біздер, немерелері, достары мен көршілері болып, барлығымыз анамды қоршап жүретінбіз. Бүгінде ол кісілердің қатары сиреді. Мен де демалыстамын. Шүкір, ұзақ жылдарғы еңбегімнің зейнетін көріп отырмын. Балаларымның әкесі Владимир Ивановичтің өмірден ертерек өтіп, перзенттерін қызықтай алмай кеткенінің жанға батқаны болмаса...
Роза Ғұмарқызы көп жылдар бойы «Қаражанбасмұнай» компаниясында жұмыс істеген мұнайшы. Негізінен атқарған лауазымы — қауіпсіздік техникасының инженері. Үш ұлы да білімді, білікті азаматтар болып жетілді. Барлығы да экологтар. Роза балаларының туған жер тазалығы жолында күресетін мамандық таңдап, сол бағытта жұмыс істеп жүргендерін мақтан тұтады.
Бір қызығы, орыс жігіті мен татар қызынан туған үш бала шаңыраққа бірінен соң бірі үш түрлі ұлттың қыздарын келін қылып түсірген. Ең үлкен келіні қазақ қызы, ортаншы келін еврей қызы, оның анасы армян, ал кенже келін болгар қызы. Түсініп көріңіз енді, осындай елдерден құдаларың болса, қайсысының салтын жасар едіңіз? Мұндайда барлығының тілін тауып, жастарды ауызбіршілікке тәрбиелеудің оңайға түсе қоймасы белгілі. Әрқайсысының өз ата салты мен ұлттық ұстанымы болғандықтан талғам-түсінігі де әр түрлі. Олардың аралас-құралас болатын туыстары тағы бар. Ал Роза көргенді ана ретінде олардың барлығының ортақ тілін тапты. Үй болып, бөлек кеткендері де қара шаңырақта бас қосып, бір дастархан басына жиналғанша асық. Үш ұлдан көріп отырған 6 немере мен 1 шөбере барлығының ортақ қуанышы. Олардың бірін бірі сағына көріп, асыр салып ойнағандарын шүкірлікпен тамашалағаннан артық бақыт жоқ ана үшін.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Елімізге ақпараттық қауіпсіздік саласында 32 мың маман керекҮш ұлттың қыздары отағасы, балаларымен бірге жиналып қалғанда көбінесе қазақша ет асып, татар бәлішін пісіреді екен. Орысша щи де бұл әулеттің сүйікті асы көрінеді.
Келіндеріне татар бәлішін пісіруді үйреткен қайын енеден осы бәлішті дайындауды бізге де үйретуін сұрағанбыз. Қажет десеңіз, жазып алыңыз:
1,5 стакан жылы сүтке 1 ас қасық қант, 1 шай қасық тұз, 1 ас қасық ашытқы, аздап ұн салып, тындырып қояды. Бұл — ашытқы. Енді 700 гр фарш дайындап, оны қызған табада сәл қызартып, қуырып алады да, орамжапырақпен араластырады. Ашытқы көтерілген соң жұмсақ қамыр илеп, жазып, екіге бөледі. Біреуінің бетіне фарш салады да, оның үстін екінші шелпек қамырмен жауып, 180 градусқа дейін қыздырылған пешке салады. 45 минуттан соң татар халқының зур бәліші дайын, мерекелік дастарханға қоя беріңіз. - Менің әжем болды. Біз ол кісіні Дәу ани деп атайтынбыз. Әжем орысша білмегендіктен онымен тек татарша сөйлесетінмін. Содан балаларым да татар тілін әжептәуір біліп қалған. Ал немерелерім мені Айбика деп атайды. Татаршадан аударғанда әже деген мағына береді. Дәу аниім бес уақыт парыз намазын қаза қылмаған кісі еді. Әжем намаз оқыған кезде ұлдарым сес шығармастан, аяқтарының ұшымен жүретін үйде. Қазір мен намаз оқығанда немерелерім де сөйтеді. Жалпы, менің балаларым мен немерелерім үшін ислам парыздары — аса құнды дүние. Әулетімде бес ұлттың өкілдері өмір сүріп жатқаны білінбейді де бізге, - деп жымиды Роза Ғұмарқызы.
Әлбетте, әулет басы орыс ұлтынан болғандықтан олардың негізгі тілі — орыс тілі. Өзара осы тілде сөйлеседі. Мемлекеттік тілді де біледі. Алайда әрқайсысының анасының тілі де жадтан шығып жатқан жоқ. Дүние есігін ашқаннан бес тілдегі сөздерді естіп келе жатқан балалар бірін-бірі жақсы түсініседі. Олар үшін туған елі, көп ұлтты Қазақстаннан асқан киелі мекен жоқ. Жеұйығы да осы ел.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА