Белгілі қаламгер-қайраткер, Қазақстанның құрметті журналисі, Маңғыстаудың баспасөзі мен телевизиясының дамуына елеулі үлес қосқан азамат Жоламан Оңдыбайұлы Бошалақ 75 жасқа шықты.
Елге белгілі қаламгер, курстасым, әріптесім Жоламан Бошалақтың 75 жылдық мерейтойына орай мақала жазып, ыстық лебіз, игі тілегімді білдіру мақсатымен қолыма қалам алғанда бұған дейінгі жарты ғасырдан астам өміріміз көз алдымнан бейне кинолентасындай сырғып өте берген. Жолекең еліміздің батыс өңірінен 1966 жылы елдегі жалғыз мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне оқуға түскенде жасы әлі айхай 25-ке жете қоймаса да боз жорғадай бозбалалықтан арыла қоймаған біздер үшін сақа жігіт болып көрінетін еді. Солай екен. Орта мектептен соң ауыл шаруашылығын механизациялау училищесін үздік бітіріпті. Кеңшарда түрлі жұмыстар жасаған. Газеттерге мақала, сықақ өлең, әңгімелері шығады. Бірте-бірте әдеби ортаға ойысады. Сөйтіп, университетке өмір өткелдерінен өтіп келіпті. Сондықтан болар біздер Жолекеңдерге қызыға, таңдана қарадық. Ал бізден жасы он жылдай үлкен қызылордалық Әбдібай Уәлиев болса біз мектеп табалдырығын енді аттағанда ол орта мектепті бітіріп үлгерген болып шықты...
Бір сөзбен айтқанда бұлар бізге аға, біз оларға іні бола білдік-ау деймін. Үнемі әзілдеп күле сөйлеп, арқамыздан қағып қанаттандырып отыратын Жолекеңдер өзгені де сыйлап, өзін де сыйлата білетін. Біз Баққожа Мұқай, Шөмішбай Сариев, Жақау Дәуренбековпен бөлмелес болсақ, Сұлтанәлі Балғабаев, Смағұл Елубаев, Аманжол Арғынгелдин қашанда Жолекеңнің жанынан табылатын. Ал бұл азаматтарды көзі ашық, көңілі ояу жандарға таныстырудың қажеті шамалы деп ойлаймын. Өйткені бұлардың соңғысынан басқаларының бәрі – қазақ әдебиетінің қарымды қаламгерлер сапынан өз орындарын ойып тұрып алған азаматтар.
Ал аягөздік Аманжол болса өзінің елінде ұзақ жыл аудандық басылымның тізгінін қолында берік ұстады, арасында аудан әкімінің орынбасары, аудандық әкімшіліктің аппарат жетекшісі, ауыл әкімі қызметін абыроймен атқарды. Яғни ол да өмірден ертерек аттанып кеткеніне қарамастан егемен еліне, тәуелсіз мемлекетіне бір кісідей қызмет етіп үлгерді.
Атыда, заты да ұқсас сол Аманжол мен Жоламан жұптары айырылмай үнемі бірге жүретін. Мүмкін, Аманжол марқұм да себепкер болды ма екен, Жолекең оқуға түскен беттен өзімізбен бірге оқитын аягөздік ару Гүлжауһар есімді ақын қызбен тез тіл табысып кеткен. Бойлары да, ойлары да биік жарасты жұпқа біз сүйсіне қарайтынбыз. Кейінде сол шынайы достық сүйіспеншілік сезіміне ұласып, бұлар оқу бітіріп жатқан шақта үй болып отау тігіп, шаңырақ көтерген-ді. Ал бұлардың алдында әскерден келіп біздің қатарымызға қосылған Хамит деген оралдық ересек жігіт ол да өзімізбен бірге оқитын Арқаның Әдияш есімді сұлуымен көңіл қосқан еді. Соның бәрі – курстастар үшін айтулы оқиға, үлкен қуаныш болғаны шындық. Солайша қызық қуанышқа толы студенттік өмір көзді ашып-жұмғанша өте шыққан.
1971 жылы оқу бітіріп жатқан шақта шаңырақ көтерген Жолекең өмірлік қосағы Гүлжауһармен қол ұстасып сол кезде Шевченко деп аталатын бүгінгі Ақтау қаласына бет алған. Негізі Жолекеңнің ата-бабасы – маңғыстаулықтар. Ал өзі Атырау облысының Жылой өңірінде туып-өсіпті. Сонау 30-шы жылдардағы қысталаң шақта ата-аналары амалсыздан Ақтөбе жағына ауа көшуге мәжбүр болыпты. Содан тек соғыстың алдында ғана кейін оралыпты. Тегінде Жоламан – кейінде бір ұлттың абызына айналған көрнекті жазушы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың ағайыны, ауылдасы. Әкесі Оңдыбайдың туған жері – Қаратаудың бөктеріндегі Онды ауылы. Жолекең оқу бітіргелі жатқан шақта Әбекеңнің жасы 30-дан енді асқанмен есімі қалың қазағына әбден танылып қалған шағы еді. Сол жақсы ағасы інісіне «таяу жылдары Маңғыстау жағында мәні зор жаңалықтар болып қалуы әбден мүмкін, сондықтан ел жаққа барғандарың дұрыс» – деп ақылын айтты.
«Ағаның ақылы және облыстық партия комитеті жолдамасымен Шевченкоға келдік. Мұнда қазақ тілінде шығатын не қалалық, не облыстық газет жоқ екен деп еске алады әріптесіміз. Қалалық телестудияның ашылғанына әлі бір жыл толмаған. Гүлжауһар екеуіміз де сонда жұмысқа орналастық. Ең қызығы сол, айналдырған он бес күннің ішінде баспаналы болдық».
Осы арада бастапқыда аға редактор, редакция меңгерушісі, бас редактор болып қызмет еткен жас маман арада сегіз жылдан соң Алматыдағы жоғары партия мектебіне оқуға аттанады. Бұл шақта Жолекеңнің жасы 30-дан асқанмен сонысы дұрыс та болған секілді. Өйткені кешегі кеңес заманында партия қатарына өтпесең, партия мектебін бітірмесең жолың ашылмайтын. Айтқандай-ақ, ол партия мектебін бітіріп келген соң Мұнайлыда екі тілде шығатын «Мұнайлы жаңалығы» атты аудандық газеттің редакторы болып тағайындалады. Одан облыс орталығына қайта оралып, облыстық телевизия және радио хабарлары комитеті төрағасының орынбасары, телестудия директоры болып қызмет атқарады. Ал егемен ел атанып, тәуелсіздікке қол жеткен шақта екі жылдай облыстық әкімшіліктің баспасөз қызметінің басшысы болғаны да бар.
Сөз орайына орай айта кетейін, сол шақта мен Семейден Алматыға көшіп келіп «Қазақстан коммунисі» журналында қызмет етіп жатқанмын. Қарасам журналда қызмет ететін 5-10 кісі іссапарға соншалықты шыққылары келмейтін секілді. Ал елден келген мен болсам елге шыққым келеді. Оның үстіне апама да бара келейін, тайымды да үйрете келейін демекші, бұрын бірге оқитын курстастарымды да іздестіре жүруге мүмкіндік туды. Ең алдымен, сол кезде Целиноград деп аталатын тыңгерлердің астанасына барып қайттым. Жұмысым да сәтімен бітті, осындағы облыстық газетте жауапты хатшы болып қызмет істейтін курстасым Илияс Қарагөзин деген азаматпен жүздесіп арқа-жарқа болып қалдық. Өмірде кереғарлық деген көп қой. Курстасымның тегі Қарагөзин болғанмен көзі көк болатын. Мұны әзіл үшін айтып жатқаным болмаса, үйіне ертіп апарып жақсылап күтіп жіберген курстасымды мазақтайын деген ойдан аулақпын.
Келесі кезекте Ақтау, Атырау жағына жол тарттым. Бұл – Жолекеңнің облыстық телевидение жағында басшы қызметте жүрген кезі. Өкінішке қарай мен Ақтауға келгенде курстасым Кавказ жағында демалып жатыр екен. Осында республикалық радионың меншікті тілшісі болып қызмет ететін абайлық жерлесім Асылтай Мұқажанов деген ағамыздың үйінде қонақта болдым. Гүлжауһар курстасымның жұмыс орнына барып жүздестім. Облыс орталығындағы жұмысым орындалған соң Маңғыстау ауданы арқылы Атырауға жүрмек болғанда Гүлжауһар марқұм облыс орталығына жиналысқа келе қалған сол ауданның бірінші басшысымен таныстырып ілестіріп жіберді.
Жолда келе жатқанда жасы менен кіші әлгі бауырым маған: «Дәуке, бұл жаққа адайларды көруге келдіңіз бе?» дегені. Бұл сұрақтың мәнісін түсініңкіремеген мен оның өзіне:
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтаудағы жер учаскелерінің 95%-ы электрондық картаға енгізілген«Неге олай дейсіз?» деп қарсы сұрақ қойдым. Аудан басшысы бір күліп алып, оның себебін айта бастағанда бәрі түсінікті болды. Сөйтсек, менің алдымда бұл өңірге келген абайлық жазушы, ғалым інім Тұрсын Жұртбай бұларға «Маңғыстауға адайларды көру үшін келіп отырмын» деген екен.
Жол бастап келе жатқан басшы бауырым соны ұмытпапты. Міне, мен болсам бүгін осы елдің төл перзенті абзал дос, әріптесім туралы сөз қозғап, ауылдарымыздың арасы жақындай түсіп, таныстығымыздың тамыры тереңге кеткендігіне дән риза болып отырмын...
Жолекең қай жерде де, қандай жұмыста да абыройлы болды. Іскерлік қабілетін байқата білді. Соның айғағындай облыстық «Маңғыстау» газетіне 8 жыл бас редактор болды. Қазақстан Журналистер одағының облыстық басқармасына төраға болып сайланды. Бірнеше мәрте жергілікті мәслихатқа депутат болды. Облыстық қаламгерлер атынан журналистер құрылтайына делегат ретінде қатысты. Шетелдік делегациялар құрамында ел, жер көрді. Жоғары марапаттарға ие болды...
Жоламан Оңдыбайұлы жалпы ұлттық, республикалық ел газеті «Егемен Қазақстанда» 11 жыл осы басылымның Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі болды. Осы тұста жұмыстас ретінде газет ұжымымен басшылығының Жолекеңді қайраткер журналист, ақылшы аға ретінде қалай сыйлап, қалай сый-құрмет көрсеткендерін көзіміз көрді. Ол азаматтығы мен адал еңбегінің арқасында Елбасымыздың өзі «Отанымыздың бас газеті» деп жоғары бағалаған «Егемен Қазақстан» газетінің құрметті тілшісі деген сирек берілетін атаққа ие болды.
Біздер Егеменнен зейнеткерлікке шыққан санаулы ел ағалары жиі хабарласып тұрамыз. Бір-бірімізге игі тілек тілейміз. Сол ретпен Жолекеңнің Ақтау қаласының және Мұнайлы ауданының, сондай-ақ Атырау облысы, Жылыой ауданының құрметті азаматы, КСРО телевизия және радио ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі болғанын естіп-біліп бірге қуандық. Тағы бір атап айтарлығы, Ақтауға оны әр жылдары кешегі мемлекеттік сыйлықтың иегері жазушы-драматург Баққожа Мұқаев, бүгінгі қазақ әдебиетінің танымал тұлғалары Смағұл Елубай, Сұлтанәлі Балғабаевтың әдейі іздеп барғандары да есімізде. Мұның өзі «Досыңның кім екендігін айт, сенің кім екендігіңді айтайын» деген аталы сөзді ойға оралтып тұр емес пе?.. Біз, курстастары Жолекеңнің отбасында да сыйлы болғанын жақсы білеміз. Соның бір айғағындай Гүлжауһар мұның өмірдегі жақсы тірегі бола білсе, ал бұл құдай қосқан қосағының шығармашылықпен алаңсыз айналысуына жағдай жасады. Ол сырқаттанып ұзақ жатқанда, балаша бағып күтті. Соның дәлеліндей Гүлжауһар курстасымыздың артында ондаған жыр жинағы қалды. Ол сонымен бірге еліміздің батыс өңірінен шыққан талай талантты ақындарды қанаттандырып өлең өлкесіне алып келгенін де естіп жатамыз. Мұның сыртында маңғыстаулықтар бүгінде Гүлжауһарды туған тіл жанашыры болғанын жырғып айтатынынада куәміз. Тегінде алғаш университетке оқуға түскенде курстағы 25 студенттің бәрі ақын болатын. Кейінде солардан Гүлжауһар Сейітжан мен Шөмішбай Сариев қана поэзияға адалдығын сақтап қалды.
Біздің қадірлі курстастарымыздың қызы Жанар мен Серіктен төрт немересі бар. Жолекеңе енді солардың қызығын өзіңіз көріңіз дейміз. Гүлжауһардың жасай алмаған жасын өзіңіз жасап, жасы тоқсаннан асып өмірден өткен Ақсүйрік анамыздың жасын өзіңізге артығымен берсін дейміз! Жоғарыда айтып өткендей біздің ортамыздан шыққан сіз журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен, адал еңбегімен абырой биігіне шыққан азаматсыз. Осындай өнегелі өміріңіз кейінгі жас толқынға жұғысты болғай! Мерейтойың тойға ұлассын!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі