Арам өлген малын сойып жеген қазақты көргеніңіз бар ма? Әрине, көрмек түгілі, естіген де жоқпыз. Ауыл адамдары аяқ асты өліп қалған қойы болсын, түйесі болсын, қанша көзі қимаса да, оны қорек етпеген. Себебі бұған бабадан келе жатқан тыйым бар. Арғы түбі исламнан қалыптасқан ата салтты берік ұстанған аталарымыз шариғат жолынан ауытқымаған-ды. Алайда нарыққа ғана байланып, адал мен арамның аражігі адыра қалғанда санаға сіңген тыйымдар да далада қалды.
Жасыратыны жоқ, бүгінде кейбір қасапханаларда малдың бауыздау ережесімен сойылмайтыны, тіпті кейде сол жерде өліп қалған сиырдың да сойылып, етке өткізілгені туралы ақпараттар тарап жатады. Ол ақпараттардың бірі рас, бірі жалған болар, бірақ жұрттың адал бауыздалған малдың етін жегісі келетіні ақиқат. Өйткені өлексені азық қылғанның денсаулыққа зияндылығы ғылыми дәлелденген. Бұған дейін Алла тағала қасиетті Құранның «Мәида» сүресінде былай деген еді: «Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам қылынды. Бірде буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздағандарың басқа». Ал Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымыз қазіргідей заманның келетінін алдын ала біліп: «Сондай бір дәуір туғанда, адам баласы тапқанының адал-арамдығына көңіл бөлмейтін болады»,-деп мұңайған екен (Бұхари, Бую,7).
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Базалық зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерАта дініміз бен ата салтымыз қайта оралғалы адал ас ішуге назар аударатындар да көбейді. Қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Халал Даму» ЖШС қатаң тексерулерден өткен тағам өндірушілерге «Халал» сертифтикатын беріп жатыр. Ақтаудағы «Құрықстройсервис» ЖШС қасапханасы мен «Береке» мал сою цехы осындай сертификатпен жұмыс істеп тұр.
Жақында «Халал Даму» ЖШС Маңғыстау облысы бойынша өкілі Мұрат Тәңірбергеновтың ұйымдастыруымен аталған екі цехтың қасапшылары арнайы оқытылды. Оларға дәріс берген «Ақтау» қайырымдылық жеке мекемесінің директоры Бердімұрат Қасымов пен облыстық орталық мешіттің ұстазы Марат Садырбаев шариғат талаптарымен мал сою ережесін егжей-тегжейлі үйретіп, малды қанын ағызып бауыздаудың артықшылығы мен арам өлген малдың етінің адамға зияны туралы түсіндірді.
Семинар соңында «Береке» мал сою цехының бес қасапшысына және «Құрықстройсервис» ЖШС қасапханасының сегіз қасапшысына сертификат берілді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА