Жуырда Атырау қаласында «Батаменен ел көгерер» атты Батыс аймақтық ашық байқауы ұйымдастырылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Астана қаласының 20 жылдығына орай Атырау облысы әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамының облыстық филиалы, облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған шараға Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан іріктелген 21 ақсақал қатысты.
Ұлтымыздың ұлы құндылықтарының бірі бата беру дәстүрін дәріптеу, жаңғырту, кейінгі ұрпаққа үлгі етуді мақсат еткен байқауда қатысушылар есімдері тарихта қалған тұлғалардың баталарын айтып, ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты сауалдарға жауап берді. Соңғы кезеңде берілген тақырыпқа сай қазақи ұлттық мейрам, той-мерекелердің батасын беруден сайысты. Айтулы шараға қаламыздың абыройлы, батагөй ақсақалдары Бердіқан Қорғанбаев пен Таған Құмашов қатысып келді. Таған Құмашов ІІІ орын алса, Бердіқан Қорғанбаев ынталандыру сыйлығының иегері атанды.
Таған ҚҰМАШОВ, «Батаменен ел көгерер» байқауының ІІІ орын иегері:
- Атырау халқы ерекше бауырмал, көпшіл екен. Бізді ыстық ықыласымен күтіп алды. Ұйымдастырушыларға рахмет. Бата беру дәстүрінің тәлімдік, тәрбиелік маңызы, оның жас ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа, әдептілікке тәрбиелеудегі рөлі ерекше екені айтпаса да түсінікті. Өзім өмір бойы мұнайшы болдым, ел ішінде, ауыл-аймақ арасында той-мерекелерде бата беріп, көрген-білгендерімді жастарға айтып отырамын. Сайысқа Маңғыстау облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Серікбай Төлетовтың бастамасымен, қала әкімі Әділбек Дауылбаевтың қолдауымен барып келдік. Ақыл-кеңес беріп, қолдаған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Бекмағанбетовке және осы жерде барлық ардагерлерге алғысым шексіз.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда қатерлі ауруды ісікті емдеудің жаңа әдісі енгізіліп жатыр Қуандық БЕКМАҒАНБЕТОВ, Жаңаөзен қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы:- Бата беру дәстүрінің тәлімдік, тәрбиелік маңызын және бата берудің түрлерін, шеберлігін арттыратын, ұлттық құн дылықтарымызды дәріптейтін осындай сайыстар керек-ақ. Қарты бар елдің - қазынасы бар. Қатысушылар залда жастардың көп болғандығын айтады. Демек, олардың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға деген қызығушылығы жоғары. Ардагерлеріміздің жеңісі Ақтау қаласының 55 жылдығы, Жаңаөзен қаласының 50 жылдық мерейтойына орай тартуы деп есептеймін.
Айжан НАСЫРОВА