Сексенінші жылдың қарашасында Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» газетіне қызметке тұрдым. Бірер жыл бұрын өндірістік практикада болып, редактор Киікбай Мырзағұлов ағамызға қайтып келетін ойым барын айтып, келісімін алып кеткенмін. Мәдениет бөліміне тілші болып, қызметті бастап кеттім. Бөлім меңгерушісі – сол кездің өзінде республикаға танымал ақын ГүлжауаҺар Сейітжанова.
Осы шамада, менен екі ай кейін болу керек қызметке Маңдайлы Қосымбай алынды. Біз КазГу-ге оқуға түскенде Мәкеңдер соңғы курсты бітіріп жатқан. Бірінші мен бесінші курстың кездесуінде әуелете ән шырқағаны есімде қалыпты. Ержұман Смайлов, Ербол Шаймерденов, Байбота Серікбаев, Серік Байхонов сияқты сол кездің өзінде танымал жігіттермен етене жақын танысқанбыз сол жолы. Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев бастаған ұстаздарымыздың сөздеріне құлақ салсақ, бұл курс та тек мықтылар ғана оқыған, біз солардан үлгі алуымыз керек. Хош, сонымен, университеттегі сол бір кездесу кешін еске алып, ортақ таныстарды сөз етіп, әңгімеміз жарасып кетті.
«Құрылыс және транспорт» бөліміне жауапты ол өндірістік тақырыптарда өндіре жазды. Басшымыз Киекең енгізген жақсы үрдіс - лездемеде жақсы баға алған мақалалар арнайы тақтаға ілініп, көтереңкі гонорар қойылатын. Маңдайлы Қосымбайдың жолсапар суреттемелері, сұхбат, репортаждары, очерктерін сол жерден көбірек көретінбіз. Шыны керек, біз қалам ұстаған ағаларымыздан, қатар құрбыларымыздан, еліміздің түкпір-түкпірінде баспасөз саласында жүрген курстастарымыздан үйреніп өстік. Ойлап қарасам, бәсекелес ортада, жарыса жазып жүріп, Маңдайлыдан да біраз нәрсені үйренген екенмін. Маған оның тақырып қоюы ұнайды. Шынында ұтымды, жақсы тақырыбы табылмаған мақалаңыз ауа жайылып кетеді. Тағы бір ерекше назар аудартатыны – тілі, қарапайым сөздің өзін ойната, жөнімен, «бояуын» қалыңдатпай көркем жеткізе білуі. Бұған қаламды ерте қолға алуының , ізденгіштігінің себебі тисе керек. Өзіне айтқызсақ, төртінші сыныптан бастап «Қазақстан пионері» газетіне мақалалары шығып тұрған. «Лениншіл жаста» ерте танылған талант марқұм Артығали Ыбыраев, Ұлықбек Есдәулетовтермен қатар өлеңдері жарияланған. Сол кездері Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев сияқты ағалары «қабілетің бар, жаза түс» деп қамшылап отырған жанның жақсы жазбауы мүмкін емес те сияқты. Осындайда ой келеді, редакцияға келген әрбір хатқа жауап жазып, бағыт-бағдар беріп отыру үрдісі бүгінде сақталғанда қаншама талапкердің танылуына ықпал еткен болар еді. Хош, содан мектеп қабырғасында танылып жүріп КазГу-дің журналистика факультетіне оқуға түседі. Мәлік Ғабдуллин, Мәулен Балақаев,Зейнолла Қабдолов, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Ханғали Шүйінәлиев сияқты мықтылардан дәріс алады.
- Қырық бір қыз, тоғыз ұл оқыдық. Елге танымал тұлғалар біздің курстан көп шықты. Тек әттең, талай журналистерді қанаттандырған, «Лениншіл жас», «Егеменді Қазақстан» газеттерінде өшпес ізін қалдырған, Ержұман Смайлов, сегіз қырлы, бір сырлы талант Ербол Шаймерденовтің, бәрімізге қамқор, ақылшы болып жүретін Бибігүл Мәйтенованың арамызда жоқтығы өкінішті. Қуаныш пен қайғысы кезектес өмір осылай өтіп барады. - Мұң қонақтаған жүзінен қатар жүрген курстастарына деген сағынышты аңғардым.- Оқу бітіргесін қайда бағыт ұстадыңыз? - деймін әңгіме тақырыбын басқа арнаға бұрғым кеп.
- Партия жолдамасымен Шымкент облысының Жетісай аудандық газетіне 1976 жылы жұмысқа тұрдым. Үш жарым жылда тілшіліктен редактордың орынбасарына дейінгі қызметті атқардым. Қалай болғанда да атамекен Маңғыстау тартты да тұрды, - деп ел деп келгенде қолдау көрсетіп, жұмысқа орналасуына көмектескен Нұрлыхан Бекбосынов сияқты елағасына ризашылығын да жеткізе кетті.
Ол кезде де тіркеуге тұру, қызмет табу оңай емес еді. Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасында партия кабинеті меңгерушісі болып қызметін бастап кеткен. Баспасөзбен да байланысын үзбеді. Бірде «Лениншіл жас» газетіне Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, бұрғышы Халық Ақшабаев жайында мөлдірете жазған очеркі жарқ етіп шыға келсін. Облыстық газет басшысы Киікбай Мырзағұлов оқыпты. «Тілің көркем, жазу стилің ұнады, ертең бізге келіп кетші» деген телефон шалып. Екі күннен соң жұмысқа алды. Жазуы келісті, талабы зор жастарға қолдау көрсетіп, қамқорлап жүретін Киекеңнің материал түзеудегі шеберлігі, адамдармен қарым-қатынастағы қарапайымдылығы үлгі алатын қасиеттер еді. Қанаттас еңбек еткен ГүлжауаҺар Сейітжанова,Сәуірбай Есімов, Мұқтасын Суханбердиев, Лебен Садуақасов, Нәдірбай Қыдыров, Садуақас Байтауов, Оразауқан Ізбасаров,Тәжіназар Шадықұлов,Зәкария Исағұлов, Ыбырай Сүйінов, Мейрамбай Қибасов сияқты апа-ағаларынан да үйренгені, көңілге түйгені, аз емес. Қатарлас әріптестерінің де жазғандарын қалт жібермей, жақсы, елең еткізер тың сөз, жаңалық көрсе қуанып, айтып жүретін. Әріптестердің жетістігіне қуана білу қасиеті сол кезде бір ұжымда еңбек еткен Жанат Нұрмұханова, Айсағали Қыдыр, Әбдіғалым Саркенов, бүгінде арамызда жоқ Мұрат Әбуов, Қабидола Махутовтың бойында бар еді. Лездемелерде мақталған материалдары арнайы тақтаға ілінгенде олардың бір-бірін құттықтап, мәз болып тұратын сәттері көз алдында жатталып қалыпты.
Сол кезде белсенділігімен, іскерлік қабілетімен көзге түскен мамандарды оқытып, қызметін өсіріп отыратын жақсы үрдіс бар-ды. Маңдайлы да көпке бұйыра бермейтін сол құрметке ие болып, жоғары партия мектебіне жолдама алды. Оны бітіріп келген соң 1986 жылы аса жауапты саналатын партия бөлімінде істеді. Облыс тарағанда тәжірибесін, қабілет-қарымын ескерді ме, қалалық «Огни Мангышлака» газеті редакторы Валерий Вова қызметке алды. Бұған дейін орыс газетінде бірде-бір қазақ жұмыс жасамапты. Намысқа тырысты, ізденді, сенімнен шығуды мақсат етті. Фарид Насыров, Тамара Лесовая сияқты өңірге танымал журналистерден үйренгені көп. Көбіне апталап ауылдарда жолсапарда жүретін. Біраз тақырыпты қамтыды. Жазғандары мақталатын болды. Әсіресе «Ақталған Наурыз» деген тақырыппен шыққан мақаласы қызу талқыланып, есімінің өзге ұлт өкілдерінің арасында танылуына себепші болды.
- «Парасат» демократиялық қозғалысының басшысы Сайын Шапағатов ағамыз екі киіз үй тігіп, Наурыз мерекесін өткізіп жатыр екен. Кездейсоқ барып қалып жаздым. 1989 жылы қиын кезең еді, «мақалада әркім өзінің тамырына оралу керек, тату болайық, достықты мұрат етейік» деген ой айтылды. Кейін де осы тақырыпты қаузай жүріп, Ленинградтан көріп келген армяндардың бірлестігін үлгі ете отырып, мәдени орталық қажеттігі жайлы ұсыныс айтқан шығармам жарық көрді. Ақтауда алғашқы болып, Украина мәдени орталығы құрылды. Бір жарым жылдан кейін Елбасы Наурыз мерекесін атап өту жайлы Жарлығы шықты, - дейді Маңдайлы Өзенбайқызы өткенді еске алып.
Ойлап қараса қиын кездерде еңбек ете жүріп, шыңдалған екен. Төрт жылдай облыс партия комитеті бірінші хатшысы, облыстық кеңес төрағасы Федор Новиковтың баспасөз хатшысы болды. Зейнетақы, жалақы бірнеше айлап кешіктіріліп төленген, көпшілік базар жағалап кеткен,өндіріс тоқырап жатқан ауыр, жоқшылық кездер еді. Қиналған жұрт облыс басшысына шағымданып келеді, арыздарын аударып беретін де, жауабын жазып жеткізетін де баспасөз хатшысы. Баспасөзбен, жұртшылықпен байланыс, өзекті мәселелерді ушықтырмай, тігісін жатқыза, көпшілікке түсіндіру оңай шаруа емес. Кейін партия тараған соң Кеңес төрағасының мәдениет және баспасөз жөніндегі кеңесшісі болғанда жауапкершілік салмағы одан сайын ауырлай түсті. Республикалық басылымда меншікті тілшілердің шашырап жатқан шаруашылық, тілге қатысты көп түйін, жекешелендірудегі кереғарлықтар,өндіріс, ауыл проблемасы, қаржы тапшылығы, бюджеттегі жетіспеушілік сияқты мәселелер жайында сын мақалалары жиі шығады. Соның бәрін бір сөзін қалдырмай облыс басшысы Федор Афанасьевичке аударып беру керек. Тәртіп солай. Таң құлақиектене жұмысқа келіп, түн жарымға дейін отырған кездер болды. Бұл сыннан да сүрінбей өтті.
«Егеменді Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілшісі Темірхан Медетбек облыстық телерадио компанияға басшы болып кетті де орнына Маңдайлы Қосымбай алынды. Бұл газеттің тарихында қыздардан меншікті тілші болмаған-ды. Таңдаудың дұрыс екендігін уақыт көрсетті. Ол қызмет еткен 1993-2002 жылға дейінгі тоғыз жылдың ішінде облыстың экономикасы мен әлеуметтік мәселесіне қатысты көптеген мақалалар жарық көргендігін көре қалдық. Сол жылдары мен «Халық кеңесі», «Ана тілі» газеттерінде меншікті тілші едім. Журналистер арасында бәсекелестік, қатардан қалмау үшін өзіңді қамшылау деген бар. Жасыратыны жоқ, өзге газет өкілі сенен бұрын тың тақырыпты қамтып, елең еткізерлік мақала жазса «алдымды орап кетті-ау» деп өкіне отырып, қызығатын сәттер де болады. Бұл ретте Маңдайлы Өзенбайқызы мені талай «қап» дегізіп, сан соқтырып кеткені рас. Шыны керек, әріптес ретінде одан үйренгенім де аз емес. Көркем жазатындығы, сөйлем құрасы қызықтырды. Сын мақала кейіпкерінің «бетін жыртпай, көзін шығармай» кемшін тұсты астарлап жеткізудегі ұтымды тәсілі таңдандырды. «Пәленшекеңнің ауласында бос бөтелке жиналып қалса да жұрт әңгіме етеді» деп жазу тапқырлық еді. «Журналист шеберлігі» жайлы дәріс оқыған ұстаздарымыз да бұл жайында айтпаған. Ізденіс, шеберлік деген осы да. Мұндай үлгі етерлік мысалдар оның мақалаларынан жиі кездесетін. Тақырып қоюдағы талғамы, тапқырлығы жайында жоғарыда айттым. Бірде «Егеменді Қазақстанға» «Атомның бөлшектенуі» деген тақырыппен политехникалық институт басшысы Есберген Тоқжановпен сұхбаты жарық көрді. Кеңес одағының «бөлшектенуі», өз алдына дербес тәуелсіз республикалардың пайда болуы, осы кездегі ғылымның даму мүмкіндіктері, ғалымдар алдында тұрған міндет кеңінен қамтылыпты. Тақырыпты оқыған оқырман соған «байланып» қалып, мақаланы еріксіз оқитын болу керек. Тартып, қызықтырып, таңдандыратын тақырып табу оңай емес. «Жалпыны жақсылыққа бастай білген» деген Әбекеңмен жүргізген сұхбатын іздеп жүріп оқыдық. Әбіш Кекілбаевтай ғұламамен еркін пікір алысу үшін де тәуекел, жүрек керек. Сөз жоқ, аса өзекті мәселе қамтылған. Ол кезде Қазақстанның өзге өңірлері біле бермейтін Бекет атаны танытудағы жасалған алғашқы қадам еді бұл. Осы ретте, Әбіш ағаның таңдалуы да кездейсоқ емес-ті.
- Қатардағы көптің бірі емес, Әбекеңмен әңгіме өрбіту қиын тигені рас. Оның үстіне мен Ақтауда, Әбіш аға Алматыда отырды, сұрақтарымызды қазіргідей интернет жоқ кезде факс арқылы алмасып тұрдық, - деген еді бірде.
Бекет ата тақырыбына содан кейін де бірнеше рет қалам тербеді. Елбасы Маңғыстауға бір келген сапарында ата басында болды. Маңдайлы «Пір мен Президент» деп мақала жазды. Ол кезде пір сөзінің айтыла бермейтін кезі. Қызықтық, таңданысымызды жасырмадық. Жалпы мұсылмандардың назарын аудару үшін осындай тақырып керек те еді. Ақтау портын кеңейту, жекешелендірудің әрбір қадамы, «Маңғыстау энергокомбинатының проблемасы, тіл, дін, діл мәселесі сияқты сан-алуан түйткілді мәселелер де қамтылды. Үкіметте бекітілген жұмыстарды іске асырмай жатқан Министрлер сыналды. Әділ сын, проблемаларға Үкіметтегілердің назарын аударту үшін жазылған сан тақырыптардағы мақалалары арқылы республика жұртшылығына өзі де таныла түсті. «Апталап жолсапарда жүріп, елден, халықтан үйренгенім көп болды» дер еді ағынан жарылып. Сонау жылдары» ауыл тілшілері» деген үлкен мектеп болатын. Асан Әбдіров, Есбол Өмірбаев, соғыс ардагері Орынбай Балдеков, басқа да бірнеше керемет жазатын ағалар бар-ды. Өнегелі де, өзекті жазбаларымен газеттің бір бүйірін толтырып отыратын осындай кісілердің қадірін жылжып жылдар өткен сайын сезіне түсеміз әлі...
Баспасөз саласындағы тәжірибесін ескерсе керек, 2002 жылдың 14 ақпанында облыс әкімі Ләззат Қиыновтың бұйрығымен облыстық «Маңғыстау» газетіне бас редактор болып тағайындалды. Араға апта өтпей жатып өңірге жаңадан басшы болып Болат Палымбетов келді. Қаржы басқа тартсаң аяққа жетпейтін, қиын-қыстау кез еді. Газетке бір жылға 4,5 миллион теңге бөлінеді екен. Қызметкерлердің жалақысы, баспахана, басқа да шығындар соның ішінде. Сондай-ақ облыстық құрылымдардың жарнамасы, хабарландырулар, күнделікті жарияланымдары – бәрі тегін. Қысқа жіптей күрмеуге келмейтін қаражатты жеткізіп көр.
- Бас есепші Несібелі Жұмашевамен күн-түн отырып, қаржының тапшылығын дәлелдеп, өзіміздің есебімізді шығарып, облыс басшысы Болат Палымбетовтің қабылдауына кірдім. Нарықтық қатынасқа БАҚ құралдарының ішінде бірінші түскен біз екенімізді айтып, бюджеттен бөлінген қаржының жалақының артылмайтындығын, облыстық құрылымдардан ақша алуымыз қажеттігін жеткіздік. Екі газет басшысын тыңдаған облыс әкімі «дербес есеп шоты бар мекемелер баспасөзге байланысты шығындарын бюджетіне енгізсін» деп тапсырма берді. Осындай қадамның, ақылы материалдарды көбейтудің, кәсіпкерлермен нәтижесінде жыл басында қаралған 5 миллион теңгені 16 миллионға дейін жеткізіп, кірісіміз еселеп өсті, - дейді Маңдайлы Өзенбайқызы.
Сол кезде осы газетте істеп жүрген соң білемін. Жалақымыз әкімдікте істейтін қызметкерлерден екі есе көп болып, қаржы бөлімдегілер оны бізге қиғысы келмеген. Мемлекеттік коммуналды шаруашылық мекемесі заңына сәйкес тапқан табыс мекемеге тиесілі екендігін дәлелдеп, бас редактор біздің мүддемізді қорғауда табандылық таныта білді. Сол жылдарғы халықты жұмыспен қамту басқармасы басшысы Ақмоншақ Баужанованың қолдауымен жұмыс беретін кәсіпорындар, шетелдік компанияларға жұмысқа алынатын мамандықтар тізімін газетте жариялау міндеттелді. Мекемелердің имиджін көрсету, жұмысқа шақыру жайында хабарландырулар, мерекелік құттықтаулар жариялау газетке қосымша ақша болып құйылды. Еңбек демалысына шыққан қызметкерлерге жалақысына қосымша екі айлық көлемінде материалдық көмек берілетін болды. Бұрын 4700 болып келген газет таралымы 2003 жылы 10 мыңға дейін жетті. Көре қалдық, мереке сайын газет ардагерлеріне 10 мың теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетілді. Ардагерлер ұйымы, зағиптар, мүгедектер қоғамының өтінішіне орай, пошта басшылығымен келісіп 1000 данаға дейін газет жеткізіп беріліп отырылды. Айта кету керек, кейін келген Қырымбек Көшербаев та газетке айтарлықтай көмек, қолдау көрсетті. Екі қызметкеріміз баспаналы болды. Аптасына екі рет жарық көретін газет 2003 жылдан бастап үш рет шығатын болды. Бір-екі жыл бұрын зейнетке шыққан қарапайым қызметкерлеріміз әжептәуір зейнетақы алып отырса, сол кездегі зейнетақы қорына аударылған ақшаның көлемінің нәтижесі. Бұл - Маңдайлы Өзенбайқызының маңдай терінің де жемісі.
- «Маңғыстау» газетінде істеген он жыл ішінде Мәкеңнің ұйымдастырушылық, принципшілдік қасиетіне тәнті болдым.Ол редекциядағы алуан мінезді адамдардың тілін тауып, , бір мақсатқа жұмылдыра білді. Майталман журналист ол газетке шығатын әрбір мақаланың шебер тілмен, қысқа да, нұсқа жазылуына аса мән берді. Газеттің әрбір саны дайын болып, баспаханаға кеткенше жіті тексеретін.Осы іскерлік, адамгершілік қасиеттерінің арқасында республика, облыс көлемінде зор беделге болып, құрметке бөленді, - дейді ардагер журналист Еркеш Нәрембаева.
Маңдайлы Өзенбайқызы қаламы жүйрік, жазуы жорға журналистерді тарта білді. Айнахан Есетова Бейнеу ауданы бойынша меншікті тілші болып қызметке алынды. Гүлай Шынтемірқызын жұмысқа шақырып, шыңдап, баулып, кейін «Егеменді Қазақстанға» меншікті тілші болуына ықпал етті. 2012 жылға дейін бірде-бір жас маман келмеген ұжым Ханым Қуат, Фарида Мұңалқызы, Голрох Жеменей сияқты жалынды жастармен толықты.
Мемлекеттік тапсырыс материалдары газеттің көлемін көбірек алып кетіп, кей тақырыптар қамтылмай жатқан кездер де болды. Сәл мүмкіндік болса оқырмандарды қызықтаратын мәселелерді көтеруге, облыс тұрғындарының әлеуметтік ахуалын көрсетуге баса мән берді. Әрбір мақаланың сапасына ден қойды.
- Редакторлықтан өз өтінішім бойынша кеттім. Зейнетке шығып демалғым, өлкеге қажетті журнал шығару жайында көкейде жүрген ойымды іске асырғым келді. Кейін ол басылымды «Шерқала» деген атпен «Маңғыстау-Медиа» ЖШС жанынан шықты. Маған журналға басшылық ету ұсынылды. Алты саны жарық көрді, Маңғыстауға қатысты тарихи-танымдық мақалалардың көбірек шығуын мақсат еттік, - дейді өткенге ой жүгіртіп.
«Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры Ғалымжан Мелдеш басқа жұмысқа ауысып кеткенде, орнына ішкі саясат департаменті басшылығының Маңдайлы Қосымбайды тағайындауы іскерлігіне, осыған дейін атқарған жұмысына берілген әділ баға деуге болады. Бұл кезде аудандық газеттердің жағдайы жақсарды. Қызметкерлер айлықтан ұтылған жоқ. Мереке сайын сыйлық, әр тоқсанда бір жалақы көлемінде көтерме ақша беріліп тұрды. Қарапайымдылығымен, адалдығымен көрінді. Басшылық қызметіндегі 13 жыл ішінде қаншама тексеріс болса да қаржының орнымен жұмсалғаны айтылды, артынан жаман сөз ермеді.
«Қазақстанның Құрметті журналисі» Маңдайлы Қосымбай бүгінде зейнеткер болса да қол қусырып қарап отырған жоқ. Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде отырыстарда өз ойын жеткізіп, облыстың экономикалық-әлеуметтік ахуалына қатысты ұсынысын айтып, әлеуметтік желіде өзекті мәселелерге үн қосып отырады.
Іскер маманға қашанда сұраныс бар. Бүгінде Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында əдебиет бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасап жатыр.
- Театр тақырыбында тұрақты жазатын, өнер тақырыбына маманданған журналистердің жоқтығы толғандырады. Қаншама керемет туындылар қойылып жатыр, кішкене хабарламамен ғана шектелмей, соларды жан-жақты талдап, оқырманға жеткізе білсек дұрыс болар еді, - деген жуырда бір кездескенде. Көкейде жүрген ойын да білдіре кетті. Биыл театрдың ашылғанына 15 жыл толмақ, соған орай фотоальбом дайындамақ. Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығы, келесі жылы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына арналып халықаралық фестиваль өтпек. Бүгінгі күн - ертең тарих. Театрдың қаз басып, қалыптасу кезеңін, жеткен жетістіктерін, талантты тұлғаларын жазып қалдыру-мақсаты. Бәріне уақыт төреші.
- Облыстық газеттің бастауында тұрған ардагерлерді ұмытпауымыз керек. Ұлы Отан соғысының Жеңіс күні мерекесінде майдангер журналист Оразаухан Ізбасаров, «Мұнайшылар» күнінде мұнайлы өлкенің шежіресін жазып кеткен Мұқтасын Суханбердиевке, Садуақас Байтауовқа газеттің бір бетін неге арнамасқа! Кейінгі жас толқын журналист аталарының жарқын істерін білуге тиіс, - деп керемет ой тастады сол жолы.
... Уақыт деген қас-қағым. Күні кеше ғана редакция есігінен имене атаған өндір жас еді. Енді бүгін тәжірибелі, ардагер журналист, ақылшы ұстаз. Қаламды серік еткен кейінгі жастарға үмітпен қарайды. Алдыңғы ағалар салған жол жалғаса бермек. Кейінгі толқын биік асуларға ұмтылса, журналистік кәсіпке адал болса дейді. Өткен күндерде қалдырған ізі сайрап жатыр. Өріс жаяр өнегелі, тағылым алар тәлімді, күңгейлі, келісті із. Қас-қағым уақытта өрнек қалғаны қандай жақсы!
Болат ҮМБЕТОВ
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ