©
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ-ның Маңғыстау облысы бойынша филиалы – Әлеуметтік төлемдердің ведомствоаралық есептеу орталығы (ӘТВЕО) департамент директоры Ұлан Нұрлыбаевпен сұхбаттасқан едік.
- Құрметті Ұлан Серікбайұлы, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы өсімінің қалай өсетіндігі туралы айтып өтсеңіз?
– 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда базалық зейнетақы жаңаша есептеледі. Жаңа жүйе азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысуына тікелей қатысты болады. Бұл ретте 1998 жылға дейінгі еңбек өтілімен қатар, 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне нормативтік құқықтық актілерге сәйкес аударылған зейнетақы жарналары да ескерілетін болады. Қазір базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарамастан, барлығына бірдей мөлшерде төленетін болса, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыға пайыздық үстеме қосылып тағайындалатын болады. Себебі базалық зейнетақыны есептеу жүйесі өзгертіледі.
– Базалық зейнетақының қалай көбейетіндігін айтып өтсеңіз?– Бүгінгі күні базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, ал 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-нан 100%-ға дейін құрайтын болады.
Егер еңбек өтілі 10 жыл немесе одан кем, не болмаса еңбек өтілі жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайтын болады. Еңбек өтілінің 10 жылдан артық әрбір жылы үшін 2% қосылады. Егер еңбек өтілі 33 жыл және одан да көп болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болады (2018 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 28 284 теңге).
Мысалы, еңбек өтілі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін 15 жыл және 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналары 17 жыл бойы үздіксіз аударылса, базалық зейнетақыны есептеу үшін жиынтық еңбек өтілі алынады: 15+17=32. (27719 тг.)
– Қазіргі таңда зейнетақы алып жатқан алушылар қандай да бір қосымша құжаттар тапсыру қажет пе?
– Зейнеткер болып табылатындарға, базалық зейнетақы мөлшері әрбір зейнеткердің зейнетақы іс-құжатындағы құжаттары бойынша қайта есептелетін болады, оған қандай да бір құжат ұсынудың және өтініш білдірудің қажеті жоқ.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңа медиа тақырыбы таушықтықтарға түсіндірілді– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ағымдағы жылдың 10 қаңтарындағы жолдауында айтқан 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді тапсырды. Осы жәрдемақы жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз.
– 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақы енгізілмек. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес бүгінгі күні мүгедек баланы тәрбиелейтін ата-аналарға ең төменгі еңбекақының 1,05 мөлшеріне тең болатын ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мүгедек бала 18 жасқа толғанға дейін төленеді (2018 жылы – 29 699 теңге). Осыған байланысты Мемлекет басшысы өзінің 2018 жылдың 10 қаңтарындағы жолдауында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналарға қосымша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы енгізуді тапсырды. Енді 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда аталған санаттағы балаларды күтуші ата-аналарға жаңа мемлекеттік жәрдемақы төленетін болады.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ