Жерінен табиғи байлық шығып, мұнай мен газдың игерілуі – Жаңаөзен қаласының дүниеге келуіне басты негіз болды. Сонау өткен ғасырдың 60-жылдарының басында небәрі жиырма, отыз мың халықпен бой көтерген мұнайлы шаһарда қазір 150 мыңға тарта халық тұрады. Қаланың елу жыл ішіндегі өсу, өркендеу қарқыны қазақ елінің қарышты қадамын айқындайды. Осы игілікті істердің барлығы оның тұрғындарының қолымен жасалды. Олардың арасында мұнайшы да, құрылысшы да, ұстаз бен дәрігер де, басқа да сала мамандары бар. Қаланың қабырғалы кәсіпорындарының бірі – Қазақ газ өңдеу зауытын өз қолымен құрушылар арасында Сартай ҚАРАКҮШІКОВТІҢ еңбегі дара тұр.
Сәкең – мінезі салмақты, еңбекке деген жауапкершілігі жоғары жан. Оның үстіне қарақан басының қамынан гөрі көптің мүддесімен өмір сүретін көпшілдігі мен мемлекетшілдігі, мейірімділігі басым.
Сартайдың мынау жарық дүниеге еш өкпесі жоқ. Азамат атанып, ат жалын тартып мінгелі өмірі еңбекпен өріліп келеді. Сегіз тумаласты. Барлығы да халық үшін еңбек етіп жүргендер. Соның ішінде қарындасы Несібелі қалалық перзентханада бөлім меңгерушісі болып істейді. Талай ананың алғысына бөленіп, қуанышына куә болған гинеколог дәрігер. Бір жылда кем дегенде бес мың баланың «кіндік анасы» атанады. Өткен жылы да осылай болды. Өзі мұнайшы. Мұнайшы болғанда да, өңдеу саласының білдей білікті маманы. Ашхабадтан институт тәмамдағаннан кейін Бегдаштағы химия өндірісінде істеді. Оның алдында да Түрікмен елінің өндірісінде бірқатар жауапты жұмыстар атқарды. Өмірлік бай тәжірибесін талай жасқа үйретіп, қанаттандырған қайырымды жан.
Әйтсе де Сартайдың бағын ашып, бақытын баянды еткен бабаларының байырғы мекені – Маңғыстау болды. Қасиетті топыраққа өткен ғасырдың 82-жылдарында табан тіреді. Келе салысымен Қазақ газ өңдеу зауытының бірінші цехына оператор болып ор- наласты. Кезіккен қиындықтардан қиналмай еңбек етуі арқасында қондырғы бастығы, цех меңгерушісі секілді жұмыстарды жақсы атқара білді. Мұнда да саланың жас маман- дарын тәрбиелеп, қанаттандыруға көп еңбек сіңірді, көбі ұжым басқарып отыр. Басқаларын айтпағанда Нәкен Тілепов – зауыт директоры. Жұмысын адал атқаратын, қарамағындағы халықтың қамын ойлайтын қайырымды да іске қажырлы азамат. Осындай шәкірттері көп.
Адам мынау жарық дүниеге бақыт үшін, бақытты болу үшін келеді. Оны ешкім саған ұсына салмайды, адал еңбегіңмен жетесің. Ал Сартай сынды азаматымыз өз бақыты мен қуанышын адал еңбегімен тапқан. Қалай, қайтіп дейсіз ғой? Міндетті қызметімен бірге қоғамдық жұмыстарды да белсенді атқара білді. Зауытта «Нұр Отан» халықтық партиясын алғаш ұйымдастырушы және оның басшыларының бірі болды. Президент сайлауын жоғары деңгей де өткізуде өз ұжымында айрықша белсенділік танытып, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын өткізуге елеулі үлес қосты. Айта берсе азаматтың басқаларға үлгі, өнеге боларлық осындай жақсы қасиеттері көп. Сол еңбектері үшін талай алғыс хаттар мен мерекелік төс белгілерге ие болды. Солардың ішінде өзіне айрықша ыстық Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен алған «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалі. Марапат – еңбегіңнің өтеуі болса, табиғат берген кісілік, адамгершілік қасиет – өміріңнің өлшемі және мәні мен сәні. Бұл жағынан да Сартай Күзембайұлы еш ұялмайды. Талай жасты мамандыққа тәрбиелеумен бірге, олардың ойы мен санасына қайырымдылық қасиеттерді сіңірді. Осындай игі істерді мұрат тұтқан Сәкең Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ұжымдастары мен жастар арасында кең насихаттап, мәні мен мазмұнын жан-жақты түсіндірді. Туған жер, ата-анаңның алтын бесігі, ауылдастар қадірі Елбасы мақаласы арқылы айрықша бағаланады. Қазақты Мәңгілік ел етуге дайындап жатқан Мемлекет басшысының байыпты бағдарламалары біле білген адамға алдымен қазақ елі үшін жасалып жатқандығын әр адамға ұғындыру – міндеттің ең үлкені.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Инклюзивті қоғам – өзгелермен бірге дамуОсындай биік белесті мұрат тұтқан ол өзін бақытты жан санайды. Үш ұлы, он немересі бар. Мерекелер мен атаулы даталы күндерде олар атасын қаумалап, өмірдің қуанышы мен қызығын бөліседі. Одан асқан бақыт бар ма, сірә? Ойлап отырса елудің белесіне көтеріліпті. Осы жылдардың барлығын ол өзінің замандастары мен еліне арнаған екенау! Жаратқан ием өмір мен қуат берсе әлі де арнай береді. Тек елінде тыныштық, бірлік болсын деп тілейді.
Біздің көзіміз бен көңіліміз жақсылық пен молшылыққа үйреніп қалды. Дастарханың жайнап тұр. Апта сайын ауылыңда той, мереке... Қазақтың өмірі қашан осындай болып еді? Жақында зауыттың бір топ кәсіподақ мүшелерімен әңгімелескенде осындай ой бөлісті. Өйткені соңғы жылдары осы ұйымды басқарып келеді. Адамдарды ұстамды болуға, қолда барды бағалай білуге шақырды. Барлықтың қадірін біліп, бағалау да – өнер. Осындай бірлік пен татулықтың арқасында зауыт жұмысшылары мен мамандары арасында бірлік нығайып, береке орын алған. Осы тірлікті баянды ету – Сартай Күзембайұлының басты мақсаты. Адамның жақсы ісіне баға бергенде «бұл бір тұлғалы азамат» дейміз. Осындай биік атаққа біздің кейіпкеріміз де толықтай лайық. Сөзімен емес, берекелі өмірімен, өрнекті ісімен.
Осы жылы мұнайлы қала өзінің жарты ғасырлық мерекесін атап өтпек. Қазақ газ өңдеу зауытының шаңырақ көтергеніне 45 жыл. Ұжым қос мерекеге қызу дайындалуда. Қол жеткізген табыстары да аз емес. Барлық жоспарлы тапсырмалар соңғы кездері артығымен орындалып келеді. Сол лектің алғы сапында өмірдің мәні мен мағынасын білетін Сартай сынды азаматтар келеді. Мерекеге мол тарту, жақсы көңіл күй сыйлайтын – алдымен ұжымның осындай ардақты ардагерлері мен озаттары. Жолдарың ашық, жұмыстарың жемісті болсын, зауыт ұжымы!
Закария НАЗАР Жаңаөзен қаласы