©
Ертедегі ата-бабаларымыздың ұлттық салт-дәстүрлерінің бірі – атбегілік. Атбегіліктің ішіндегі аламан бәйгеден бастап қыз қуу, аударыспақ, ат үстінде садақ тарту, жамбы ату, көкпар сияқты ұлттық ойындардың бәрі қазаққа жат дәстүр емес. Осындай ата-баба салтын рухани жақтан қайта жаңғырта отырып, енді ипотерапия деген жаңа әдіс енгізілгелі жатыр. Осы айтылғандардың көпшілігі Жаңаөзен қалалық ұлттық ат спорты федерациясының тұрмысында соңғы кездері көрініс табуда.
Аталмыш федерация 2011 жылы 31 қаңтарда құрылды. Оның стадионы, яғни бәйге алаңы Қарақия ауданына қарасты Құланды ауылының аймағында орналасқан. Сол кездегі қала басшылығы мен «Өзенмұнайгаз» компаниясы жетекшілерінің қолдап қуаттауымен арды ойлаған азаматтар құлазыған далада қараусыз қалған ғимараттарды қалпына келтіріп, әуелі Жаңаөзеннің төңірегіндегі ауылдарда тұратын атбегі, шабандоздардың басын біріктіріп, игілікті істерді жандандыра бастады. Оның құрылтайшылары да сол атбегі азаматтардың өздері болды. Сондықтан бұл жер халықтың мейрам, демалыс күндері ұлттық ат спорты ойындарын тамашалап, көңілді демалатын сүйікті орнына айналды. Сондай-ақ ипподром қайта ашылғанда атбегі, шабандоздар бәйгемен бірге көкпар, қыз қуу, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу сияқты ұлттық ойындарға қызығушылардың қатары қалыңдай түсті. Әрине, қызығушылардың көпшілігі дерлік жастар. Демек бұл аталмыш федерацияның жастар тәрбиесіне игі ықпал етіп жатқандығы айтпаса да түсінікті.
Федерация жаңағы айтқандарымыздай тек бәйгемен шектеліп қалмастан ұлттық спорттың өзге де түрлерін қолға алып, қатар жүргізе бастады. Түбек шабандоздары адамның қолынан келмейтін іс болмайтынын дәлелдеп шықты. Мысалы, сол 2011 жылы 20-26 қыркүйек аралығында Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында ұлттық ат спорты бойынша үшінші фестиваль болды. Онда жарыс қатысушылары ұлттық спорттың 16 түрі бойынша өзара бәсекелесіп, сынға түсті. Оған Маңғыстау облысының атынан тұңғыш рет осы федерация спортшылары қатысты. Бұлар ұлттық спорттың 15 түрі бойынша бақ сынасып, жалпы командалық есепте 6-орынды иелеп, Маңғыстау облысының намысын қорғап қайтты. Олар алғашқы сапардан көп нәрсе үйреніп, азда болса тәжірибе жинақтап оралды.
Сондай-ақ тарих сахнасынан жоқ болып кеткен Адай тұқымдас қазақ жылқыларының атағы сол кездері қайта шыға бастады. Адай жылқысының атағын қайта шығарып, баптап бәйгеге қосып, тұңғыш рет көрермен көзайымына айналдырғандар да осы федерация мүшелері болатын. Олар 2011 жылдың 30 сәуірінде Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаевтың кубогы үшін Ақтаудың Ақбас тау деген жерінде болған бәйгеде алғашқы төрт орынды қатар жеңіп алып, федерацияның атағы аспандаған. Айлары оңынан туып, айдарларынан жел ескен Адай тұқымды жылқы шабандоздары алға қарай ілгерілей берді. Ақбас тауда басталған алғашқы бәсекеден кейін олар әуелі Мағыстаудың атағын Қазақстанға, сосын Ресейге, одан кейін әлемге паш етті. Алматы, Астана, Ресейдің Рязань облысында болған бәйгелерге қатарынан 4-5 жыл бойы қатысып, жүлделі орындарды иелеп жүрді.
Адай тұлпарлары 2014 жылы сонау Францияда болған бәйгеге қатысып, әлемге танымал белгілі жүйріктермен бақталастырды. Жылда өткізілетін Қазақстан ұлттық спорт қауымдастығының 50-51 шақырымдық айлауға шабатын «Алтын тұлпар» бәйгесіне қатысып отырды. Оларға үнемі осы федерацияның мүшелері Қоблан Таңатаров, Ісенбай Қалдаманов, Бисенбай Аманжолұлының аттары Астана, Алматыда болған бәйгелерге қатысып, Маңғыстаудың намысын қорғап, жүлдемен оралып жүрді. Бірақ неге екені белгісіз шөлге, желге, табиғаттың түрлі құбылыстарына төзімді деп әлемдік сыншылар мен сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, атағы аспандаған Адай тұқымды қазақ жылқылары қайта көмескіленіп кеткендей. Бәйгелерде де көрінбейді. Атағы да шықпайды. Неге? Әлде бұл «Әсіре қызыл тез оңадының» кебі ме? Әйтпесе, бұдан 13-14 жыл бұрынғы көтермелеулер кәдімгі ұраншылдықтың, науқаншылдықтың көрінісі ме? Жалпы сол кездері Ресейге, Францияға бәйгеге қатысып қайтқан Адай тұқымдас қазақ жылқылары қазір қайда? Қандай күй кешуде? Әйтпесе, бұларда саясаттың «сара жолының» сықпа құртына айналып кетті ме?
- 2011 жылы Франциядан келгесін келесі жылы бір рет Рязаньға барды, - дейді Жаңаөзен қалалық ұлттық ат спорты федерациясының президенті Орынбасар Құлбеков. – Сонда Аманғали Бағдабаевтың «Ақ қанат» атты Адай тұқымдас тұлпары бірінші орынды алып келген. Сосын бір кездері ипподромға өзіміз иелік етуге қол жеткізіп жатсақ, сол «Ақ қанаттың» атын осы ипподромға береміз деп сол кездері ойлап жүргенмін. Құдайға шүкір, қолымыз жетті. Әрине, ипподромға «Ақ қанаттың» аты берілді. Қазір ипподром сол атаумен аталады. Бірақ шынында да Адай тұқымдас қазақ жылқыларының аты көмескіленіп кетті. Айта берсек оның түрлі себептері жеткілікті. Бірінішіден, сол Адай тұқымдас қазақ жылқысына қолдау білдіріп, қуаттайтын жанашыр жан табылмады. Ешкімнен қолдау болмады. Жергілікті арғымақтарға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбеді. Екіншіден, жалпы Адай тұлпарлары алысқа шабады. 50-60, тіпті 100 шақырымдық бәйгелерде сыр бермейді. Қазақстанда болатын Аламан бәйгелердің көпшілігі 20-30 шақырымдықтар. Асып кетсе 50-55 шақырымдық болады. Адай жылқысының осы аралықта еті жаңа қызып, тері шыға бастайды. Содан кейінгі шақырымдарда күшіне мініп, қатарластарын шаң қаптыра береді. Ал 20-30-35 шақырымдық айлауларға ағылшын тұқымдас жылқылар ыңғайлы. Олар өте тез шабады. Сондықтан қазіргі атбегілеріміз бен шабандоздарымыз осы ағылшын тұқымды арғымақтарды күтіп-баптап, бәйгеге қосқанды тәуір көреді. Бірақ менің негізгі ойым – алдағы уақыттары осы ипподромнан Адай тұқымдас жылқылардың базасын ашып, күтімін қайтадан қолға алу. Сосын сонау теңіз бойындағы Кендірліден бері қарай ат шабатын 70 шақырымға созылған тіке жол жасау. Иншалла, оған да жетерміз, деп үміт етемін.
- Орынбасар, сіздерде ипотерапия деген әдіс қолға алынғалы жатыр дейді ғой. Ол қандай әдіс? Кімге, қандай пайдасын тигізуі мүмкін?
- Иә, 9 наурызда Санат Әленов, Әділет Меңдіғали, Темірбек Ізтұрғанов деген үш жігітті ипотерапия әдісін үйренуге Өскеменге оқуға жібердік. Ипотерапия дегеніміз ат үстінде емдеу деген мағынаны аңғартады. Осы өзіміздің Жаңаөзен қаласында ДЦП, аутизм, даунамен сырқаттанатын мүмкіндігі шектеулі балалардың саны бүгінгі таңда 900-ге жетіп қалыпты. Ол балаларды медициналық жолмен емдетсе қомақты қаржы керек екені белгілі. Олардың күтімі, әсіресе, аналарының мойнына көбірек түсетіні тағы айдан анық. Сондықтан аз қамтылған отбасылардағы осындай балаларға аз да болса қарлығаш көмегімізді тигізуді ниет етіп отырмыз. Өскеменге барып осы игі істі іске асырып жатқан мамандармен пікірлескенімізде әлгі әдіс арқылы қатысқан балалардың 90 пайызына оң нәтиже бергеніне көзіміз жетті. Белгіленген ереже бойынша оған биіктігі 1,5 метрден аспайтын, өзі ақта, балалар түртіп, шұқыласа да мыңқ етпейтін өте жуас жылқылар керек екен. Қазірше мұндай жылқылардың өзімізде екеуі бар. Мақсатымыз бен жоспарымыз орындалып жатса, әлі бір-екі басын алуды көздеп, іздестіріп жатырмыз. Тірек органдары қалыпты жұмыс істеу үшін, яғни аяқ-қолдарын икемге келтіру үшін, сөйлеу қабілеттері нашар дамыған балалар атқа мініп емделу үшін ипподромнан шықпайтынын Өскеменнен көріп қайттық. Сондықтан бізде осындай игі қадамдарға тәуекел етіп барып, игілікті істі бастағалы отырмыз. Сол үшін жақында Жаңаөзен қалалық әкімдігіне барып, оқып келген үш жігіттің сертификатын көрсетіп, тиісті құжаттарын рәсімдедім. Қазірше бізде жабық манеж жоқ. Дәрігерлерді, қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің мамандарын, ұлттық спорттың адамдары мен қалалық әкімдік қызметкерлерін және мәслихат депутаттарының қатысуымен ашық алаңда дайындықты бастағымыз келеді. Сөйтіп алдағы балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай, яғни 1 маусымға сүбелі сыйлық ретінде ұсынып, жұмысты бастап кетуді жоспарлап отырмыз.
Иә, бұл ипподром жақыннан бері Жаңаөзен қалалық әкімдігінің қарамағына өткізілді. Бюджет тарапынан қаржыландырылатын болды. Қалалық спорт бөлімі арқылы 5 жыл мерзімге келісімшарт жасалып сенімгерлік басқаруға берілді. Осы 5-6 жылда игілікті ісімізбен көптің көзіне түсіп, көңілінен шыға білсек, ипподром федерацияға берілуі мүмкін деген О.Құлбеков мырза ішкі ойын да жасырмады. Қазір штаттық кесте бойынша екі-ақ адам мемлекеттен айлық жалақы алады екен. Әлгі ипотерапия ашылса бұлардың саны көбейетін көрінеді. Сондай-ақ Орынбасар сөз орайы келгенде алда атқарылуы тиіс нақты жоспарлары мен орнықты ойларын да ортаға салды.
Өткен жексенбідегі демалыс күні осы «Ақ қанат» ипподромында Жаңаөазен қалалық ұлттық ат спорты федерациясының 7 жылдығына орай биылғы жылдың маусымашар бәйгесі болды. Жылқының саумал сүтіндей жанға жағымды сәуірдің салқын лебі жиналған жұрттың жанын жадыратып, көңілін көтере түскендей. Жан-жақтан жиналған шабандоздар да шадыман шаттыққа бөленген.
Бәйгені бір айналымдық Тай жарысы бастап берді. Оған астындағы дүмшедей тайларына өздері лайық 13 жас шабандоз қатысты. Соның ішінде 2,5 шақырымдық бір айналымнан Теңге ауылынан Қуандық Құлжабаевтың «Торпеда» тайы бірінші болып келсе, 2-орынды Жыңғылды ауылынан келген Жүсіпбек Қаниевтің «Нарторысы» жеңіп алды. 3-орынды Бостан ауылынан Алтынбек Ермановтың тайы иеленсе, 4-орынды Рахат ауылынан Әділхан Қалдыбаевтың тайы, ал 5-орын Рахат ауылынан Қайрат Сәрсенғалиевтың «Джек Потына» бұйырды.
Екі айналымдық, яғни 5 шақырымдық Құнан бәйгеде 1-орын Сайын Шапағатов атындағы ауылдан Қиялбек Қойшыбаевтың «Айкөркем» құнаны, 2-орын Жыңғылды ауылынан Ермек Төребаевтың «Мадоннасы», 3-орын Рахат ауылынан Дүйсен Қанатбаевтың «Жүлдесі», 4-орын Теңге ауылынан Қайырбай Атабаевтың «Сұлтаны», 5-орынды Теңге ауылынан Дыбысбай Түрікменбаевтың «Той думаны» иеленді.
15 шақырымдық 6 айналымда бақ сынаған Аламан бәйгеде бейнеулік Әбдіғали Таңатаровтың «Торы аты» 1-орынды иелесе, 2-орын Сайын Шапағатов атындағы ауылдан келген Қиялбек Қойшыбаевтың «Дерби»іне бұйырды. 3-орынды тағы Бейнеуден келген Әбдіғали Таңатаровтың «Сүлік қара» сәйгүлігі қанжығасына байласа, 4-орынды Теңге ауылынан Ардақ Айсабаевтың «Нұрдана»сы алды. Ал Ісенбай Қалдамановтың «Торғайына» «Көрермен көзайымы» берілді.
«Топ тарқатар»дың жалғыз жүлдесі Абдол Өрезектің арғымағының қанжығасына байланды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар мен Жаңаөзен қалалық ұлттық ат спорты федерациясының грамоталары табыс етілді. Сөйтіп Құланды ипподромында «Рухани жаңғыру»дың көрінісін паш еткен және бір мерекелік шара көрермендердің көкірегіне қуаныш нұрын құйып, өз мәресіне жетті.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН, Жаңаөзен қаласы