©
Қазіргі таңда біріміз сауда-саттықпен айналыссақ, біріміз тұрғындарға түрлі қызмет көрсету арқылы нәпақа табудамыз, көпшілігіміз тұрақты жалақысы бар қызметте жүргендер қатарындамыз. Осы санаттардың барлығын бүгінгі бейнетінің зейнеті - ертеңгі зейнетақы мәселесі біріктіреді.
Елімізде «Еңбегіне қарай өнбегі» деген принципке негізделген зейнетақы жүйесі қолға алынды. "Бұл қалай жүзеге асады? Жалпы қандай өзгерістер бар?" деген көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап беру, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Әбдіманат Еспаев, бөлім бастығы Айдана Бекмағанбетова Маңғыстау ауданы әкімдігінің мәжіліс залында жиналыс өткізді.
Жиында «Зейнетақы жүйесі туралы ең маңызды мәселе» презентациясы таныстырылды және Қазақстан Республикасының қолданыстағы зейнетақымен қамсыздандыру моделі, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жай-күйі, сондай-ақ тұрғындарға ақпарат беру, оларды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту және қаржылық сауаттылығын арттыру мәселелері де талқыланды. Кездесуге қатысушылар өздерін толғандыратын «Зейнеткерлік жасына толған ер адам, сонымен қатар салық төлемінен жеңілдігі бар азамат тардан зейнетақы қорынан алатын төлем кезінде не себепті салық төлемі ұсталады?», «Қайтыс болған салымшының жинағын алуға кімдер құқылы?», «2018 жылда бастап әйел адамдардың жасының ұлғаю себебі», «Сақтандыру компаниясы арқылы жинағын салымшы қалай алуға болады?», «Зейнеткерлікке шыққанда алатын төлем түрін бір реттік төлем ретінде алуға бола ма?» т.б. сұрақтарына жауап алды.
- «2018 жылдың шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарай есептелетін болады. Жинақтаушы зейнетақы қорына жиналған зейнетақы жарнасы ескеріледі. 1998 жылдың қаңтарына дейінгі де, кейінгі де еңбек өтілі есепке алынып, алты пайызға өседі. Бұдан басқа, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібі мен оларды алу кестесі де өзгеріске ұшырайды. Бүгінге дейін еңбек өтілі мен табысы болмаған күннің өзінде зейнет жасына жеткендерге 14466 мың теңгеден беріліп келді. Міне, бұл біріншісі – базалық деңгейдегі зейнетақы. Ал ынтымақты зейнетақы дегеніміз - 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн әйелдерде 20, ер адамдар да 25 жыл еңбек өтiлi болуы керек. Себебі осы жылы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды. Осы қорға жалақының 10 пайызы міндетті түрде аударылып отыр. Бұл – зейнетақы жарнасы. Осы деңгей ынтымақты деп аталады. Кемінде алты ай еңбек өтілі бар болса, республикалық бюджеттен ынтымақты зейнетақы бөлінеді. Үшінші деңгейдегісі – ерікті зейнетақы. Аты айтып тұрғандай, мұнда зейнетақы әркімнің өз еркімен жинақтаушы зейнетақы қорына ай сайын аударып отырған төлеміне байланысты. Арнайы шот ашып, ақшаңызды құйып отыруыңызға әбден болады», - деген Айдана Серікбайқызы зейнетақы заңнамасындағы өзгерістердің мән-мағынасын Қазақстан Республикасының әрбір азаматына жеткізу өте маңызды екендігін атап өтті.
Л.АШЫҚБАЙ
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстау ауданының “Көктем аруы” анықталды