Қауіпсіздік – басты міндет. Шойын жолмен сапарға шыққан жолаушының да, темір жол көлігіне сенім артқан импорттаушылар мен экспорттаушылардың аманатының да аман-есен деген жеріне жетуі қауіпсіздікке тіреледі. Әсіресе, әлемдік түрлі дүмпулер болып тұрған алмағайып заманда қауіпсіздік тек темір жол факторына тәуелді болмауы да мүмкін. «Сақтансаң сақтайды» демекші, террорлық әрекеттердің алдын алу темір жол саласын да айналып өтпейді. Бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі.
Осы мақсатта «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Жолаушылар тасымалы» АҚ Маңғыстау телімінде жолсеріктер резерві толықтай бейнебақылау құрылғысымен жабдықталды. Камера орнату осы жылдың мамыр айында басталған еді. Күзде тағы да жалғасып, бүгінде барлығы 40 құрылғы жұмыс жасайды. Олар вагон паркі, ТО1, ТО2, ТО3 жөндеу орындары, жалпы қажет жерлерге қойылған. Соның арқасында біраз нәрсе реттеліп те қалыпты.
– Камера жоқ кезде вагон паркінде ұрлық, түрлі тәртіпсіздік кездесетін. Қазір онда бөгде адам да жүре алмайды. Кімнің не істеп жатқаны қадағалануда. Тазалықта орнында. Бұрын вагондардан шыққан темір бөлшектерін металл сынықтарын тапсыру үшін жымқыру жағдайлары көп болатын. Сап тыйылды. Бір сөзбен айтқанда тәртіп түзелді, – дейді бұл жөнінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Жолаушылар тасымалы» АҚ Маңғыстау телімінің басшысы Құттыбек Шарқатбаев.
Тағы оқыңыздар: Табиғи биологиялық жасқа жетпеудің себебі не?Сондай-ақ Құттыбек Сүйінғараұлы вагондарды теріс пиғылдылардың іс-әрекетінен «қорғау» үшін жасалып жатқан тағы бір жаңалықтың ұшын шығарды. Айтуынша алдағы уақытта жолаушылар пойызының вагон тұрағына толық темір қоршау жасау жоспарланған. Қазір 820 метрге жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда екен. ЖСҚ бітіп, қаржысы бөлінсе, құрылысы басталады. Жалпы, мекемеде бұдан басқа да айтарлықтай жаңалықтар бар. Жақында ғана жұмысшыларды тасуға су жаңа «ПАЗ» автобусы беріліп, жұмысшылар игілігін көруде. Сонымен қатар «Вагонсервис» АҚ Маңғыстау теліміне тиесілі 1990 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген ТО3-ке алып баратын №116, 117 жолдарға күрделі жөндеу жүргізілуде. Құрылысы желтоқсан айында бітеді, деп күтілуде.
Шахида ЖҰМАН