©
Халыққа қолжетімді ірі желілік құрылым «Қазпошта» АҚ – шалғайдағы ауыл- аймақтарды пошталық және қаржылық қызметтермен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір оператор. Республиканың барлық аумағы бойынша қалаларда, облыс және аудан орталықтарында және ауылдық жерлердегі филиалдар желілері арқылы қабылдау, өңдеу, тасымалдау мен хаттарды, бандерольдарды, сәлемдемелерді жеткізуді қамтамасыз етеді. «Қазпочта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының құрамында Ақтау, Жаңаөзен қалалары, Маңғыстау, Бейнеу, Қарақия, Мұнайлы және Түпқараған аудандарындағы пошталық байланыс бөлімшелері бар.Жаңа технологиямен жетістіктерге
Облысымызда бүгінгі таңда 68-ден астам пошта байланыс бөлімшілері жұмыс істейді. Басым бөлігі шалғай ауыл-аймақтарда орналасқан. Ауыл тұрғындарына қолжетімді, сапалы қызмет түрлерімен қамтамасыз ету жолында пошта байланыс бөлімшелерінің 100%-ы автоматтандырылған. Алдағы уақытта облыс аумағын түгелдей байланыс бөлімшелерімен қамту жоспарланған. «Қазпошта» АҚ қарапайым, тапсырысты, құнды жазбаша және почталық жөнелтілімдер жіберу, қомақты және ауыр салмақты жүктерді республика ішінде жөнелту мен жеткізу, арнайы байланыс, жедел пошта қызметі (EMS қызметі), газет-журналдарға жазылуды рәсімдеу, постамат қызметі, сәлемдемелер супермаркеті сынды пошталық қызмет түрлерін ұсынады. Сондай-ақ коммуналдық төлемдер, салық және басқа да төлемдер түрлері, ақша аударымдары, депозиттер қабылдау, халықаралық төлем карточкаларын рәсімдеу, жеке және заңды тұлғаларға банк шотын жүргізу мен ашу, зейнетақы, еңбекақы мен әлеуметтік жәрдемақы төлемдерін қабылдау, әуе және темір жол билеттерін сату, несиелер (Банк ХоумКредит арқылы) төлеу, несиелік бюро, трансфер-агенттік қызметтер көрсету, шетелден интернет – дүкен арқылы тапсырыс қабылдау, ЭКСПО билеттерін сату сияқты қаржылық қызметтерді көрсетіп отыр. – Бұл қызметтердің ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы үшін аудан орталықтары мен ауылдарда пошта байланысы бөлімшелерін ашу мен қызметін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Баспасөз басылымдарына жазылу науқаны жыл сайын өткізіліп, халыққа қазақстандық және ресейлік газет-журналдар тізбегі ұсынылып отырады. Ауыл тұрғындарының газет- журналдарға жазылу деңгейін арттыру мақсатында аудан, ауыл әкімдері бұл жұмысқа атсалысып отыр. Сапалы қызмет көрсету жоспарына сәйкес ауыл тұрғындарын уақытылы жергілікті газет-журналдармен қамтамасыз етудеміз. Ауыл тұрғындары арасында қаржылық қызметтердің ішінде зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақы мен еңбекақы төлемдері бойынша қызметтерді қолдану деңгейі басым. Тұтынушылардың басым көпшілігі үлкен жастағы зейнеткерлер мен жәрдемақы алушылар болғандықтан, оларға ыңғайлы болуы үшін ауылдық пошта бөлімшелеріне Post-терминал құрылғыларын орнаттық. Бұл құрылғы арқылы тұрғындар зейнетақы, еңбекақы мен әлеуметтік жәрдемақыны жылдам алу мүмкіндігіндігін пайдалана алады. Облыс деңгейінде Post-терминал құрылғыларымен қамту үлесі 90% -ды құрады. Алдағы 1-2 жылда мұндай озық үлгідегі жабдықпен облыс аумағын қамтимыз, – деді «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Шыңғыс Тұрлыбеков. Оның айтуынша, кейбір ауылдарда бюджеттік мекеме қызметкерлері жалақыларын алу үшін 100-150 шақырымдық жердегі аудан орталықтарына баруға мәжбүр. Сондықтан «Қазпошта» АҚ-ның қолдауымен, ауыл- аймақтарды банкоматтармен қамтамасыз ету қолға алынған. Акционерлік қоғамның бастамасымен бюджеттік мекеме қызметкерлеріне арналған «Жалақы төлеу жобасы» ұсынылды. Бұл жоба аясында бюджеттік мекеме қызметкерлері «Қазпошта» АҚ-ның пошта бөлімшелері арқылы халықаралық төлем карточкаларын рәсімдеп, еңбекақыларын алуға мүмкіндігі бар. Аудан орталықтары мен ауылдарда екінші деңгейлі банктер жоқ болғандықтан тұрғындар пошта бөлімшелері арқылы төмен пайызбен еңбекақы, жәрдемақы, зейнетақысын ала алады. Қазіргі уақытта «Қазпошта» АҚ шығаратын «Visa Сlassic» халықаралық төлем карточкілерін қолданатын тұтынушылар саны күннен күнге артып келеді. Бұл төлем карточкасының көмегімен пошта байланыс бөлімшелері арқылы әлем мемлекеттері мен еліміздің кез-келген аймағында жылдам және сенімді түрде жедел ақша аударымдарын жасауға болады.Жаңа және жаңартылған бөлімшелер
«Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Шыңғыс Тұрлыбековтың хабарлауынша, «Қазпошта» АҚ трансфер-агенттік және брокер – диллерлік қызметті ұсынып отыр. Мәселен, Қазақстан Республикасы аумағында «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында ірі ұлттық компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алу арқылы халықтық акционер атануға болады. «Қазпоштаның» барлық бөлімшелері арқылы облыс орталығы, Жаңаөзен, Форт-Шевченко қалаларында, Бейнеу, Шетпе, Құрық, Жетібай елді мекендерінде және Мұнайлы ауданының Маңғышлақ стансасы мен Қызылтөбе селосының тұрғындарының акционер болуға мүмкіндігі бар. – Біздің филиалға осы жылы 25- тен астам автокөлік бөлінді. Өткен жылы Маңғыстау ауданындағы орталық пошта байланыс бөліміне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, бүгінде жаңа заманауи талаптарға сәйкес тұтынушыларына қаржылық қызмет түрлерін ұсынып отыр. Мұнайлы ауданының халыққа қызмет көрсету орталығынан да жаңа пошта байланыс бөлімшесі қолданысқа берілді. Батыр ауылынан ашылған бөлімше халыққа поштаның қаржылық және пошталық қызметтердің барлық түрлерін ұсынуда. Ақтау халықаралық теңіз сауда портында да тәулік бойы жұмыс істейтін пошта байланыс пункті ашылды. Теңіз портының жұмысын жүйеге келтіретін поштаның ашылуы импортаушыларға, экспорттаушыларға, жүк тасымалдаушыларға ақша аударымы, валюта айырбастау, төлемдер қабылдау, сәлемдемелер мен тапсырыс хаттарды жіберу секілді барлық қаржылық және пошталық қызметтерді көрсетеді, –«Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Шыңғыс Тұрлыбеков. Өткен жылы Ақтау қаласының 8 шағынауданы мен 31 шағынаудандағы сары базардан да жаңа пошта байланыс бөлімшелері ашылды. 14 шағынауданнан жаңа форматтағы ТМД- да алғаш рет өздігінен қызмет көрсететін «Сәлемдемелер супермаркеті» жұмыс істеп тұр.Ақтау әуежайында жаңа терминал іске қосылады
Қазіргі таңда Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларының әуежайларында берешекті төлеуге және шет мемлекеттерге шығуға шектеуді алып тастауға мүмкіндік беретін Қазпошта терминалдары жұмыс жасап тұр. Жуырда мұндай терминал Ақтау қаласының әуежайында іске қосылмақ. - Мамыр айында Қазпошта Әділет министрлігімен бірігіп, өз бөлімшелерінде онлайн режимде берешек төлеуге және елімізден шығуға тыйым салуды алып тастауға арналған жаңа технологияны қолданысқа енгіздік. Берешек терминалмен төленгеннен кейін 15 минут ішінде ақпарат деректер базасына берілсе, 30 минут ішінде сот орындаушысының қатысуынсыз елден тысқары шығуға шектеу алынып тасталады. ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес, терминал арқылы берешектерді төлеудің максималды сомасын 2 000 000 теңгеге дейін шектеу белгіленген. Терминал арқылы төлеуге тариф берешек сомасынан 1%-ды құрайды, бірақ әрбір төлем үшін 100 теңгеден кем емес. Егер берешек сомасы 2 000 000 теңгеге тең немесе одан асатын болса, тұтынушы белгіленген тарифтерге сәйкес, кез келген Қазпошта бөлімшесінде төлем жасай алады. Маусым айында берешектерді тексеру және төлем карточкасы арқылы төлеу үшін тәулік бойғы қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін post.kz-те функционал мен мобильді қосымша іске қосылды. Тұрғындар ЖСН-інін енгізіп, берешегінің бар немесе жоқ екенін тексеріп, болса терминал арқылы оны төлей алады. Төлем туралы ақпарат онлайн режимде «Электрондық үкіметтің» төлемдік шлюзі арқылы берешектерді алдағы уақытта есептен шығару, шектеуді алып тастау және азаматтарымыздың еш кедергісіз шетелге шығуы үшін ҚР атқарушылық өндіріс органдарының ақпараттық жүйесіне жолданады, – деді «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Шыңғыс Тұрлыбеков. Шыңғыс Ерланұылының айтуынша, терминал арқылы жеке, заңды тұлғалардың пайдасына және мемлекеттің кірісіне айыппұлдар, мемлекеттік баж салығы, өсім және т.б.) өндіріп алу бойынша берешектерді төлеуге болады. Бұл құрылғының көмегімен мерзімді өндіріп алу бойынша берешектерді, сондай- ақ мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжаттардың талаптарын (мәжбүрлеу, міндеттеу, үйге кіргізу, үйден шығару) төлеуге рұқсат етілмейді. Ескерте кету керек, Қазпошта терминалдары және бөлімшесі арқылы төлеу кезінде елден шығуға тыйымды автоматты түрде алып тастау тек 2015 жылғы 1 шілдеден кейінгі тыйымдарға қолданылады. 2015 жылғы 1 шілдеге дейінгі қойылған тыйымдар бойынша шектеулерді алып тастау бұрынғы қолданыстағы тәртіп бойынша сот орындаушысына төлем туралы растаушы құжатты ұсыну жолымен жүзеге асырылады.Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="42100,42099,42095"]