Еліміздегі автожолдардың жай-күйі мені көп жылдардан бері толғандырып келеді. Өзім - машина рөліне отырып көрмеген адаммын. Жанымдағы жүргізушінің жол үстіндегі қиналысы мен жол салушыларды не үшін сықпырта сыбап келе жатқанын жақсы түсінемін. Кеңес дәуірі кезінде жолдарға күтім жасайтын ДЭУ деп аталатын арнайы учаскелер болушы еді. Дербестігімізді жаңа алған алағаудан жылдарда бұл мекемелер де ұстағанның қолында кетіп жоқ болды. Жолдар жайын ойласам өзім куә болған бір жай есіме түсе береді.
90-жылдардың аяқ шені болатын. Теңізден мұнай алуға талпыныс жасап жатқан тұс. Түпқараған ауданының Баутин кентіне «Аджип» деген шетелдік компания қоныс тепті. Компанияның осындағы базасына басшы болып Жан Корнек деген француз жігіті келген. Осы азаматтан газетіме сұбхат алмақ болып кездестім. Әлемнің әр шалғайындағы теңізден мұнай алып жатқан компанияларда жұмыс жасаған білікті маман екен. Жан Корнек әңгімесінде осымен он тоғызыншы елге аяқ басып отырғанын айтты. Мен де өз кезегімде сол барған елдеріңдегі экономикалық-әлеуметтік жайларынан хабар беруін сұрағанмын. Жан Корнек: «Мен барған елдерімнің бірінші кезекте жолдарына назар аударамын. Жолдары жақсы елді дамыған елдер санатына қосамын» дегені бар. Мен ұялғаннан қызарақтап қалдым. Өйткені Ақтаудан Форт-Шевченко қаласына мыңдаған шұқанақтарды, ойран-ботқасы шыққан ойдымдарды көктей отырып, әрең жеткенбіз. Облыс орталығынан басқа да елді мекендерге кеңес дәуірі кезінде төселген жолдардың жайы да осындай. «Сырт көз – сыншы» деген осы, шетелдік азамат бірден байқаған, еліміздің жағдайы оңып тұрмағаны өзімізге де аян еді...
Міне, жолдар елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалынан хабар беретін маңызды көрсеткіш екенін осы жайттан да анық аңғаруға болады.
Несін жасырайық, біздің елімізде жолдарды жөндеуге жыл сайын миллиардтаған қаражат бөлініп, оған қол жеткізу үшін ондаған мекеме таласқа түседі. Тендерден жеңіп алған, шынтуайтында, «жең ұшынан жалғастырып», тамыр-таныстықпен қол жеткізген мол қаражатты әлгі «жеңімпаз» компания қалай жұмсайды десеңші! Қаражаттың бір бөлегін тендерден «жеңіп» берген мемлекеттік мырзаға, бір бөлегін өз қалтасына, қалған мардымсыз бөлегін жолдардағы шұқанақтарды жамауға жұмсайды. Келесі жылы да осындай шұқанақтар мен ойылған жерлер көп болса екен, тендерден тағы да «сыбаға» алсам деген арам ниетпен жұмыс жасайды. Осындай ойран-ботқасы шыққан ой-шұқырлардан қашамын деп қаншама көлік апаттары, адам өлімі болып жатқанын әлгі «жеңімпаз» мекеменің басшысы ойлайды дейсің бе?! Әй, қайдам... Осы жайтарды ойлайтын болса, мемлекет бөлген миллиардтарды мақсатқа сай жұмсап, жолдарды талай жылдарға төтеп беретіндей етіп жөндеп шығар еді-ау.
Осы орайда тағы бір жайтты айта кетейін. Осыдан оншақты жыл бұрын Иран еліне жолымыз түсті. Мақсатымыз - сол елдегі қандастарымыздың өмір-тұрмысымен танысу, аласат жылдарда ауып барған арыстарымыздан қалған жәдігерлерді жинақтау. Барғаннан қалаларына, ауыл-кентеріне тартылған жолдарына назар аудардық. Жолдары жан жадыратарлықтай жайлы, жолаушылардың жүріп-тұруына барлық жағдайлар жасалғанын байқадық. Жергілікті қандастарымыздан сұрап білдік, бұл жақта да жол салуға талас көп болады екен. Мемлекет бөлген мол қаражатты жеңіп алған адам бір тиынын шашау шығармай жол құрылысына жұмсайды. Ислам қағидаттарын мықтап ұстанған елде шариғат заңы адамдарына бала жастан сіңірілген. Ал шариғатта жол салғанға, құдық қазып, ел-жұртын сусындатқанға, көпір салғанға ұжмақтан орын беріледі. Міне, осы қағидаттың шарапатын ел-жұрты көріп отырғанына куә болдық.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап туған халқын ересайлыға енгізсем деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, ой-армандары мен бар қажыр- қайратын елді дамыту жолына қажымай қарекеттеніп келе жатқан Елбасымыз 2014 жылы күзде «Нұрлы жол» деп аталатын ауқымды бағдарлама қабылдаған болатын. Осы бағдарлама Қазақ елінің бір қиырында орналасқан маңғаз өлке Маңғыстаудың жолдарына да жан кіргізді, жол құрылысына жаңаша серпін берді. "Жаңаөзен – Түрікменстан – Иранның Гүрген қаласына дейінгі", "Бейнеу – Жезқазған", "Боржақты – Ерсай" теміржолдары осы бағдарлама аясында салынып, қазір ел экономикасының дамуына ойдай үлес қоса бастады.
«Нұрлы жол» бағдарламасы Қазақстанның теңіз қақпасы саналатын Ақтау теңіз-сауда портының әлеуетін арттыруға, Құрық кентінде жаңа айлақ салуға да ықпал етті. Орайы келгенде айта кету керек, Ақтау теңіз айлағы алпыс жылдан астам уақыттан бері елдің су жолы арқылы өтетін жүк тасымалын толасыз көтеріп келеді. Ел экономикасының дамуына және айналамыздағы елдермен қарым-қатынастың өсе бастауына байланысты бұл айлақ жүк тасымалының шамадан тыс нөпірін көтере алмайтыны аян болды. Құрық кентінде жаңа теңіз айлағын салу мәселесі осылайша қабырғадан қойылған болатын. Ел Президентінің ерекше назарында тұрған бұл айлақ құрылысы айналасы 2-3 жылдың ішінде жедеғабыл қолға алынып, өткен жылдың аяғында алғашқы паромдарды қабылдай бастады. Паром деген кеме астыңғы қабатына 28 жүк вагоны сыйып кететін, ортадағы алаңында жолаушылардың автокөліктеріне арналған тұрақ және үстіндегі каюталары жүздеген жолаушыларды су жолымен жайлы алып жүруге ыңғайлы алып теңіз лайнері. Ұзындығы 18 шақырымдық "Боржақты – Ерсай" теміржолы осы паром өткеліне жүк жеткізуге арналған. Мұнда әлемнің алуан қиырынан ағылып келіп жатқан жүктерді сұрыптап, тиісті өңірлерге жөнелтуге дайындайтын терминал да бар. Құрықтағы паром өткелінің 2-кезеңінің құрылысы қазір қарқынмен жүріп жатыр. Аманшылық болса, алдағы жылы толық қуатымен іске қосылады деп күтілуде. Жақында осы порттан Қазақстанның 1 миллионыншы жүгі паромға жүктеліп, Бакуге аттанды. Осы тұста "Баку – Тбилиси – Карс" теміржолының іске қосылуы Құрықтағы терминалда 30 контейнерге жүктелген 600 тонна бидайды 1258 шақырымдық жолды 30 сағатта көктей өтіп, түріктің Жерорта теңізіндегі ірі порты Мерсин қаласына жеткізді. Осылайша бұл паром өткелі арқылы Қытайдан, Шығыс Азия елдерінен келген сан-алуан жүк Батыс Еуропа елдеріне жылдам әрі қауіпсіз жөнелтіле бастады. Өлкеміздегі темір жолдар мен су жолының әлеуеті осындай.
Соңғы жылдары Маңғыстаудағы автокөлік жолдарының құрылысына да айрықша көңіл бөліне бастады. Маңғыстау облысы көлеміндегі автожолдардың жалпы ұзындығы 2700 шақырымды құрайды. Мұның 1033 шақырымы республикалық маңызы бар жолдар, 1660 шақырымы жергілікті жолдар. Бұдан 3-4 жыл бұрын Маңғыстаудағы автожолдардың жартысына жуығының пайдалау мерзімі әлдеқашан бітіп, қанағаттанғысыз күйде еді. Өңірде «Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінген қаражаттың негізгі нобайы осы жолдарды жөндеуге, қайтадан салуға, жаңа жолдар тартуға бөлінді. Нәтижесін кешікпей-ақ көре бастадық. 90-жылдары бізді ұялтатын "Ақтау – Форт-Шевченко" автожолы толықтай қайта жөндеуден өтті. Талай жылдардан бері басшылардың бас ауруына айналған "Шетпе – Бейнеу" автожолы биыл толық пайдалануға берілді. Жақында осы трассаға "Ақтау – Жетібай – Шетпе" автобаны қосылды. Осылайша ұзындығы 470 шақырымдық жол ел игілігіне берілді. Бұл жолдың іске қосылуы Атырау, Орал арқылы Ресейге, одан әрі Еуропа елдеріне автокөліктер арқылы қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Биылғы мамыр айында осы жол арқылы автобуспен Белоруссияға барып қайттық. Жол азабын оншалықты сезіне қойған жоқпыз.
Таяу болашақта "Атырау – Астрахан", "Атырау – Ақтөбе" автожолдары салынады деп күтілуде. Бұл жолдар түбек тұрғындарының аталған аймақтарға өз көліктерімен қиналмай жетуіне жағдай жасайтын болады.
Алдағы 2018 жылы көктем шыға "Жетібай – Жаңаөзен" автожолының құрылысы басталады. Бұл жолды түріктің «Дженгиз Иншаат» деген компаниясы қолға алып отыр. Қазір мұнда геодезиялық жұмыстар жүріп жатыр. "Жетібай – Жаңаөзен" автожолын салуға 73,3 миллион доллар қаражатты Азия даму банкі бөлді. Осы компания Жаңаөзеннен Кендірлі демалыс аймағына, одан әрі Түрікменстан шекарасына дейін баратын жолды да салып беруге ынталы екенін айту керек.
Маңғыстаудың туристік әлеуетін арттыру мақсатымен өлкенің киелі орындары мен тарихи-мәдени ескерткіштері орналасқан жерлерге асфальт жолдар тарту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Қазір ұзындығы 97 шақырымдық "Қызылсай – Бекет Ата" қатқыл табанды тас жолына асфальт төсемдер салу жұмыстары басталып кетті. Бұл жолға 2010 жылы Бекет Атаның 260 жылдығына орай тас қиыршығы төселіп, бірқатар таулы, жартасты аймақтары өңделіп, жүріске жарамды етіп тартылған болатын. «Ата жолын» асфальттауға 5,042 млрд теңге қаражат бөлінген, жол құрылысын 2019 жылы толық аяқтап шығу көзделіп отыр.
Тағы оқыңыздар: Ақтауда автокөлік кептелісінен құтылсақӨңірдегі автожолдарды жаңартуға серпін беретін өндіріс орны Ақтаудағы «Каспий-Битум» зауыты екенін айту керек. Бұл зауыт кеңес дәуірі кезінде біраз жыл жұмыс жасаған пластмасса зауытының орнына қайта жарақталып, 2012 жылы пайдалануға берілген болатын. Қаражанбас кен орнының парафині мол мұнайын қайта өңдеу арқылы битум өндіре бастаған зауыт өнімдері қазір Маңғыстау жолдарын ғана емес, көршілес Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының жолдарын да қажетті шикізатпен қамтамасыз етуде.
Жолға қатысты тағы бір ойда жүрген мәселені айта кетелік. Жолдарымыздың жүріске жайлы, жолаушылар үшін де тым сайлы болуы көңілге қуаныш ұялатады. Машиналардың жыл санап көбейіп келе жатқаны да халқымыздың әлеуметтік келбетінің айнасы іспетті. Жан Корнек мырза өлкемізге қайта айналып соғатын болса, елімізді дамыған, өркениетті елдер санатына қосып кететіні сөзсіз.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында елдің экономикалық-әлеуметтік деңгейінің өсуімен қатар, тұрғындарымыздың санасына да серпіліс жасау, ендігі жерде халықтың өркениетті мәдениетін қалыптастыруға айрықша көңіл бөлу қажеттігі жөнінде ұлағатты ойларын білдірді. Біздің жол жүру кезіндегі мәдениетіміздің төмендігі аяқ басқан сайын көзге ұрып көрініс береді. Жаңа іске қосылған "Ақтау – Жетібай – Шетпе" автожолының бойына жолаушылардың демалуына ыңғайлы аялдамалар, қоқыстарын тастайтын жәшіктер, әжетханалар, машиналарын жөндеп алатын эстакадалар салынған. Біздің жүргіншілеріміз осындай игіліктерді көре тұра ішкен сусындарының құтыларын, пайдаланған целлофан қалталарын жол-жөнекей терезеден лақтырып кетеді. Бұл жолмен шетелдік қонақтар да, әкім-қаралар да жүріп жатыр. Жол бойындағы саңырауқұлақтардай қаптаған пакет-қалташалар мен бос баклашкілерді көріп не ой түйетіні белгілі. Олар жол салушыларға кінарат артпайды, әрине. Мәселе - жолаушыларымыздың мәдениетінің төмендігінде.
Жолдар туралы ойларымызды түйіндей отырып айтарымыз – өңіріміздегі жан жадыратарлық жақсы жаңалықтарды жалпақ жұртшылыққа жар сала жария еткіміз келді. Еліміздің осылайша жан-жақты дамуы, халқымыздың әл-ауқатының артуы әлемдік өркениет көшінің ортасынан ойып орын ала бастағанымыздың айқын көрінісі. Ендігі жерде, Елбасымыз айтқандай, ойымыз ісімізден озық жүрсе дейміз.
Есберген ІҢІРБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі