Бүгін облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінің күн тәртібінде ауыл шаруашылығында мемлекеттік қолдауды жетілдіру, денсаулық сақтау саласына сандық технология енгізу, адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы мәселелер қаралды. Жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, аймақ басшысының орынбасарлары, облыстық басқарма мен мекемелердің, кәсіпорындардың басшылары қатысып, аудан әкімдері онлайн қосылды. Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Қалдығұл салада мемлекеттік қолдауды жетілдіру бағытында жасалып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Оның айтуынша, елімізде Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде осы жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға басқармаға жергілікті бюджеттен 80,3 млн. теңге бөлінсе, келер жылы 150 млн. теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндігі мол Маңғыстау (30 млн.теңге) мен Бейнеу аудандары (40 млн.теңге) сұраныс берген қаржы көлемі төмен екендігін айтты. Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиевтен өтінім берген 25 млн.теңге қанша қожалықтың қажеттілігін өтейтінін, ауданда қанша қожалық бар екенін сұрағанда ол мүдіріп, тосылып қалды. Аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы аудан әкімдеріне статистиканы жаттап, шаруалардың ұсынысымен ғана шектелмей, қызметті жүйелі ұйымдастыруды тапсырды. – Аймақта егін шаруашылығын дамытуға жыл басында 181 млн.теңге бөлінді. 2018 жылға 200 млн. теңге көлемінде қазына қаржысы қаралады. Өткен жылы өңірде 73, биыл 43 құдық қазылды. Құдық қазу тәртібіне сәйкес алдымен 5 млн. теңге шығынды шаруалар өздері көтеруі тиіс. Құдық қазылғаннан кейін ғана мемлекет атқарылған жұмыстың 80 пайызын субсидиялайды. Ережеге сай 3 мың гектар жерге 1 құдық жетеді. Келесі жылы кем дегенде 60-70 құдық қазуды жоспарлап отырмыз. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатындағы жобаларға келесі жылы 1 млрд. теңге бөлінбек. Жайылымды суландыруға 13 млн.теңге бөлу туралы министрлікпен келіссөз жүргіздік. Балық шаруашылығын дамытып отырған «Қазақ-Бекіре» ЖШС ғылыми-өндірістік кәсіпорнына 13 млн.теңге субсидия беріледі, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Серік Қалдығұл. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов егістік жерлерге тұшыту қондырғысын орнату үшін заңға өзгерістер енгізуге ұсыныс беріп, депутаттарды бұл жұмысқа атсалысуға шақырды. Сонымен қатар өзге өңірлердегі дайын жобаларды аймаққа әкелуді, су көздерін ашуды, құдықтарды қалпына келтіруді, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды, мемлекеттік- жекеменшік әріптестік аясында жұмыс жүргізуді тапсырды. Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Түменбай Қалжанұлының айтуынша, облыста биыл балық аулауға 1559 тонна лимит берілсе, оның 913 тоннасы ауланған. Облыстағы балықшылардың қауқары балықты жағажайдан аулауға ғана жетеді. Теңіз айдынан аулауға қажетті құрылғылары жоқ. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бұл мәселені шешуді Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауов шешуі тиістігін айтты. Жиын барысында ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Қалдығұл облыстағы 537 мың мал басын 600 мыңға жеткізетінін айтты. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов аудан әкімдері коопертивтер туралы нақты есеп беру қажеттігін жеткізді. Аппарат мәжісінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева салаға сандық технологияны енгізу бағытындағы істерді баяндады. – Елбасы Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан туындаған тапсырмаға сәйкес салада жаңалықтар орын алып жатыр. Мәселен, медицинаға ақпараттық жүйе енгізу, дәрігерлер мен медбикелерді компьютерлермен жабдықтау, денсаулық сақтау ұйымдарын интернетке қосу, халықтың кезекке тұру уақытын қысқарту, мобильді қосымша енгізу, пациенттермен кері байланыс орнату бағытында жұмыстанудамыз. Біздің облыс орта есеппен 48,3 пайызға ақпараттық жүйеге көшті. Сондай-ақ республика бойынша 49,7 пайызға интернетпен қамтылды. Қарақия ауданының Ералы, Аққұдық ауылдары және Бейнеу ауданының Ноғайты, Сам, Тұрыш ауылдары проблемалық аймақтарға жатады,– деді Клара Әбдіғаппарқызы. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов аймақтағы медициналық пункттердің барлығын интернет байланысына қосуды тапсырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаеваның айтуынша, келесі жылы денсаулық сақтау саласын ақпараттық жүйемен қамтамасыз ету нәтижесінде медициналық ұйымдар ақпараттық жүйемен, компьютерлік техникалармен және интернетке қолжетімділікпен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ электронды үкімет порталы арқылы уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы парақша, өкпе құрты ауру туралы мәлімет, психоневрологиялық, наркологиялық есепте бар екені немесе жоқтығы туралы анықтамалар ала алатынын жеткізді. Жиында облыстық әділет департаментінің басшысы Руслан Балғазин ҚР адвокаттық қызмет және заң көмегін туралы заң жобасын таныстырды. Заң қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыратынын, адвокатура қызметін нығайтатынын, адвокаттарға қойылатын талаптарды арттыратынын, қоғам игілігі үшін заң қызметтері институтын кеңейтуді көздейтінін айтып өтті. Бүгінгі таңда облысымызда 53 адвокат жұмыс жасаса, 5 заңгер адвокат болуға жұмыстанып жатқанын жеткізді. Жиын соңында облыс әкімінің кеңесшісі Владислав Трифонов облыста мүгедектер арбасына таңылған 1040 қамкөңіл жан бар екенін, оның 600-ы Ақтауда тұратынын, қоғамдық орындарда мүмкіндігі шектеулі жандардың баруына жағдай жасалмағандығын айтты. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жауапты басшыларға бұл іске кірісуді тапсырды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ