Қазақтың ұлттық қолөнерінің ерекше бір түрі - ши тоқу. Ши тоқудың маңызы ерекше. Бұл салада қазақ шеберлері шиге қазіргі қолданып жүрген барлық ою түрлерін өрнектеп салған. Кезінде ата-бабамыз қолданған ши қазіргі кезде кездеспейді. Бүгінгі ұрпаққа жат болып барады. Ши тарту, оны орау, жүн орап, тоқу - ауыл әйелдерінің бәріне ортақ жұмыс болатын. Жалпы ши тоқу өнерімен әйелдер айналысқанымен, осы өнерді білетін шеберлер шиден өздеріне керекті, күнделікті тұрмысқа пайдаланатын заттарды тоқып алып отырған. Ши тоқу өнері адамды ептілікке, шапшаңдыққа, әсемдікке, тиянақтылыққа, шыдамдылыққа үйретеді.
Осындай ұмытылып бара жатқан дәстүрлі үрдістерді балалардың бойына сіңіріп, ұлттық санамызды жаңғырту - ата-аналар мен мектеп мұғалімдерінің міндеті. Балаларды өнерге баулу, жан-жақты дамыту мақсатында Өтес орта мектебінде бірнеше үйірме жұмыс жасайды.
«Шебер қолдар» үйірмесінің жетекшісі Күміс Сәрсенбаева үйірме мүшелеріне ши тоқуды үйретсе, «Жас суретші» үйірмесінің жетекшісі Хиуаз Демеуова пейп-арт техникасымен сурет салуды үйретеді. Пейп-арт – ағылшын тілінен аударғанда «қағаз өнері» дегенді білдіреді. Шиыршықталған майлық қағазының белгілі бір жазықтық бетіне (ағаш, темір, шыны, керамика ыдыстарына, қатырма қағазына) өрнек желімдеу арқылы орындалатын өнер. Бұл үйірмелер оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Мектеп оқушыларының үйірмеге деген қызығушылықтары жоғары, сабақтан бос уақытта осындай үйірмелерге қатысып, өздеріне керекті дүниелерін жасап үйренеді.
«Үлгісі көптің өрнегі көп, өрнегі көптің ермегі көп» дегендей үйірмелердің болашақ ұрпаққа берері көп болмақ.
Гүлсім НӘДІРОВА, Өтес орта мектебі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Журналистерге құрмет көрсетті