Сүйінші! Сүйінші! Сүйінші! «Білекті бірді, білімді мыңды жығар» демекші, аудандық, облыстық олимпиадаларда қатарластарынан оқ бойы оза шауып, алдыңғы орындардан көрінген оқушыларымыз республикалық олимпиададан да қанжығалары майланып қайтты. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанған үш бірдей оқушымызды зор қошеметпен қарсы алдық.
Атырау қаласында өткен республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша биология пәнінен қатысқан Е.Айшуақұлы атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Берік Кәмшат «Ерекше жетістіктер көрсеткені үшін» грамотасымен марапатталды. Қостанай қаласында өткен республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша Қазақстан тарихы пәнінен қатысқан А.Меңдалыұлы атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Рыскен Бақтыбай ІІ орын күміс медальді, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қатысқан Жармыш орта мектебінің 10-сынып оқушысы Фати ма Есенғалиева ІІІ дәрежелі қола медальді иеленді.
Олимпиада жүлдегерлерін Маңғыстау аудандық білім үйлестіру орталығының өкілдері, А.Меңдалыұлы атындағы орта мектеп, Жармыш орта мектебінің оқушылары, мұғалімдер, ата-аналар қарсы алды. Қуанышты бөлісуге жиналғандар ішінен Маңғыстау аудандық білім үйлестіру орталығының директоры С.Бусаханова, А.Меңдалыұлы атындағы орта мектептің директоры Қ.Еңсегенова және Жармыш орта мектебінің директоры С.Қапашұлы жүлдегер оқушылардың алдағы уақытта да жақсы жетістікке жете беруіне тілектестік білдірді. Ал мұғалім С.Тілегенов шәкірті Рыскенге тілегін өлең шумақтары арқылы жеткізді.
Өз тілшіміз
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Сақтықта қорлық жоқ