Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ұйымдастыруымен «Мамандықпен танысу» атты акциясы ұйымдастырылды. Акцияға «Отбасылық типтегі балалар ауылы» орта және жоғары сынып оқушылары қатысты.
Жастарға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беріп, кәсіби-техникалық мамандықтарды насихаттау шараның басты мақсаты болып табылады.
- Оқушыларға жұмысшы мамандықтар туралы, соның ішінде оларды техникалық-кәсіптік мамандықтарға қызықтыра отырып, мамандықты дұрыс таңдауда жол сілтеу міндетіміз, - дейді Маңғыстау облыстық филиалы, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы қоғамдық бірлестігінің бірінші хатшысы Роза Махамбетова.
«Отбасылық типтегі балалар ауылы» орталығының балаларымен бірге біз де жолға аттандық. Бағытымыз - қала сыртындағы машина құрылыс зауыты. Онда балаларды зауыт қызметкерлері зор қуанышпен қарсы алды. Алдымен зауыттағы мұражайға беттедік.
Балалар өте көңілді әрі көп нәрсе білуге құштарлығымен қызығушылықтарын жасырмады. Мұражайда өткен күннен сыр шертетін дүниелер көп-ақ. Зауытта ұзақ жылдар еңбек етіп, көптеген жұмыстар атқарған тұлғалардың фотоларымен еңбектері арнайы кітапта сақталған.
Одан әрі қарай балалар өңіріміздің тарихын түгел сипаттайтын таң қаларлық макеттер мен құнды дүниелерді тамашалады. Қаланың іргетасы қаланып бастаған уақыттағы үйлердің макеттері, шағынаудандардың сол кездегі келбеті де осында сақталған. Өңірге түрлі республиканың президенттері мен қонақтары келген сәттерден де естеліктер жетерлік.
Мұражайда орын алған әрбір дүниенің қыр-сырын жетік білетін мұражай директоры Марат Шушаков балаларға мамандықты дұрыс таңдаудың маңыздылығыны айтты. Сондай-ақ өз тәжірибесімен өткенінен әңгіме баяндап берді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Оқушылар «Асарға» үлес қосты- Болашақ жастарға осындай жағдай жасаған қызметкерлердің еңбегі орасан. Олардың атқарған қыруар еңбегін әрбір жеткіншек білуге тиіс. Мамандықты тек қана таңдап қана қоймай, оның жауапкершілігін сезіну керек, - дейді мұражай директоры Марат Шушаков.
Жастарға тәлімі мен тәрбиесі мол аталған шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Аталмыш акция мектеп бітірушілері үшін энергетика, телекоммуникация, машина жасау, ақпараттық технологиялар, геология, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, геодезия және картография саласындағы мамандықтармен жақын танысуға зор мүмкіндік берері анық. Кездесу соңында оқушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
Зухра ӘДБІЛ-САТТАР