Қазақстанда инклюзивті қоғамды дамыту бағытында әлі де ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс. Жалпы бұл ретте кең контексте «инклюзивті қоғам» идеялары және принциптерімен таныстыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі жуырда ғана Алматы қаласында өткен «Инклюзивті қоғам: күресу, мәселелер, шешімдер» атты екі күндік тренинг барысында айтылды. Оған Маңғыстау облысынан да журналистер қатысқан болатын.
Еліміздің әр өңірінен келген азаматтық белсенділер, үкіметтік емес ұйымдар, журналистер, блогерлер, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың басын қосқан іс-шараны Қазақстандағы «Friedrich Ebert Stiftung» атындағы қоры ұйымдастырды. Қатысушылар инклюзивтің негізгі түсініктері мен анықтамалары туралы толыққанды мағлұмат алды. Әсіресе инклюзивті қоғамды құру мен дамытудың әртүрлі тәсілдері, параметрлері, өлшемдері, демократиялық мәдениет пен азаматтықты қалыптастыру үшін инклюзивті қоғам, инклюзивтік мәдениетті қалыптастырудың театрлық тәсілдерімен қамтудың принциптерін қолданудың халықаралық тәжірибелерімен танысты. Сондай-ақ «Инклюзивті қоғам» тақырыбындағы өздерінің жеке жобаларын дамытудың мүмкіндіктерін үйренді.
Ал дәріс оқу үшін инклюзия бойынша сарапшылар Гаральд Хан және Йенс Клаузен Германиядан арнайы шақыртылған.
Қатысушыларды түрлі театрлық әдістермен таныстырып қана қоймай, оларға басты кейіпкер ретінде кейбір рөлдерді ойнап шығу мүмкіндігі берілді, атап айтқанда: «Мәжіліс театры», «Импровизация театры» жұмыс атмосферасын құру. Сонымен қатар «Театр картинасы» ретінде шағын топтарда жұмыс жасау әдістемелері ұйымдастырылды, «Форум театры» тақырыбы бойынша жаттығулар өткізілді.
Инклюзия бойынша белгілі неміс сарапшысы Йенс Клаузеннің әріптесі Гаральд Ханмен бірге театр педагогикасында жұмыс жасап келе жатқанына 15 жыл болған. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Германияда көптеген түйткілді мәселелерді шешудің жолдарын іздеген адамдар, театрландырылған көріністерге қатысу арқылы жауап табуда. Себебі театрларда ең тәжірибелі психолог мамандар жұмыс жасайды.
Жалпы алғанда, «Көңілсіз театры» құбылыс ретінде, ХХ ғасырдың екінші жартысында Бразилияда үлкен әлеуметтік проблемалар тұсында пайда болған, ал оны жүзеге асырушы Августо Боаль деген Сампауло қаласының тұрғыны болып табылады. Ол осы әдіс арқылы адамдарды мазалаған мәселелердің шешу жолдары оңай болатындығын дәлелдеумен келген.
«Театр форумының форматы, ең алдымен, адамдар арасындағы байланысты нығайтады. Инклюзивті қоғамдастық туралы сұрақты алдымен әр адам өзіне қойып, іштей жауап іздегені дұрыс. Бұл форматтың ерекшелігі сол, адамдарға кәсіби актёр болу міндетті емес. Кез келген тақырыпқа басқаша көзқараспен қарап, оны сахнада актерлік шеберлікпен ойнап шығу қажет. Сонда өзіңді толғандырған сұраққа жауап таба аламын дегенді іштей сезіп ұға алады. Оның үстіне арамызда амбициясы жоғары жастар аз емес, олар алға ұмтылуға дайын және алдында тұрған қиындықты еңсеру үшін, ең алдымен, бойыңдағы қорқыныштан арылу керек», – деді ол.
Инклюзия бойынша тағы бір сарапшы Гаральд Хан өз сөзінде Германияда бірқатар шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бар екендігін айтты. Әсіресе мүмкіндігі шек- теулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарының әлі де бар екендігін алға тартты. Бүгінгі таңда осындай мамандандырылған арнайы мектептерді тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді екен. Себебі сол арқылы мүгедек балалардың дені сау балғындармен қатар бір партада отырып білім алуына мүмкіндіктер жасалынбақ. Қазақстан көпұлтты мемлекет екендігі белгілі.
Бұл ретте кімнің қайда туғаны, ұлты, ұстанған салт-дәстүрі, діни көзқарасы, қар- жылық жағдайы жоғары немесе төмен деген ұғымнан алыс болуымыз қажет, яғни бәрінен де адамдарың бір-біріне деген құрметі маңыздырақ. Айта кету керек, бұл мәселе Скандинавия елдерінде әлдеқашан шешімін тапқан. Әсіресе Финляндия және Швецияда дені сау және мүгедек балалар бір мектепке барады, бір партада отырып білім алады, дискриминация дегеніміз атымен жоқ. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында да осындай жағдай. Яғни мүгедек балалар үшін арнайы балабақшалар немесе мектептер салынбайды.
«Бұл балалар тағдырдың жазуымен осындай қиын жағдайды бастан кешуге мәжбүр. Бірі есту қабілеті нашар немесе мүлдем естімейді, енді біреулері көздері нашар көреді, арбаға таңылғандары да аз емес. Олар инклюзивті қоғамдастықта өмір сүріп жатқан соң, өсе келе осындай жағдайда ғұмыр кешуді әбден үйренеді. Яғни бұл санаттағы балалардың өмірге деген көзқарастары мүлдем басқаша болады. Ал енді біз туралы сөз қозғайтын болсақ, біздер мүлдем басқа жағдайда өніп өстік. Жалпы мүгедек жандардың арасында бизнесте, саясатта, спорт сияқты басқа да өнер саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткен жүздеген мысалдарды келтіруге болады. Барлығы адамның өзіне байланысты, ынта болса жетіп жатыр. Бір нәрсеге өзгерту енгізу үшін уақыт керек, сол өзгерістерге біздің мемлекетте өзінің ретімен келе жатыр. Осы салада жүріп мен түрлі адамдармен жолықтым. Байқағаным, бірде-бір адам өзінің туып өскен еліне ешқашан жамандық тілемейді, керісінше жан-жақты дамығанын қалайды. Ал қиындықтарды тек диалог арқылы жеңуге болады», – дейді Гаральд Хан.
Біле білсеңіз еңбекпен қамтылу және кемсітушілік (дискриминация) инклюзияның бір бөлігі болып табылады, сол себепті осы сұрақтар тренинг кезінде қамтылған болатын.
Жасыратыны жоқ, бүгінде жасы үлкен адамдарды кемсітушілік (дискринимация) көп жерде байқалады. Әсіресе жұмысқа қабылдау кезінде көптеген кәсіпорындар адамның жасына қатты мән береді. Тіптен жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп шықсаңыз да немесе шетелде білім алсаңыз да ұнаған жұмысқа тұруыңыз екіталай. Әсіресе 40 жастан кейін қалаған жұмысқа орналасу қиындықтар туғызатыны ащы да болса бүгінгі күннің шындығы. Оның үстіне жұмыс берушілер әйел адамдарға қарағанда көбіне ер адамдарды жұмысқа қабылдауға мүдделі болып жатады. Оның бірден-бір себебі – әйелдердің бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шығып, заң аясында өзінің орнын үш жылға дейін сақтай алуы. Нәтижесінде көп орындар бос тұрады да, жұмыс жасайтын адамдар саны жетпей жатады. Ал уақытша жұмысқа тұру жөніндегі ұсыныстар көпшілікті аса қызықтырмайды.
Абақтыдан бостандыққа шыққандардың еңбекпен қамтылуы да айтарлықтай пробле- ма. Жұмыс берушілер бұрын жазасын өтегендерді жұмысқа алуға құлықсыз. Жазасын өтеп шыққандар қанша тырысқанымен жұмысқа қабылдануда бірнеше кедергілерге тап болып жатады. Теріс жолдан түзу жолға түскендері көп болғанымен, оларға тиісті деңгейде әлеуметтік немесе материалдық көмектер көрсетілгенімен, барлығын бірдей жұмыспен қамту мүмкіндігі болмай отырғандығы рас. Оның себептері де жоқ емес. Қоғам мұндай мәселелерге мән бермейді, сол себепті бұрын сотталғандар өз күшіне сенуге мәжбүр. Айта кету керек, барлығы бірдей қылмысты қасақана жасамайды. Олардың қатарында білместікпен жасайтындары көп немесе белгілі бір себептермен біреудің қылмысын өз мойнына алып, темір торға тоғытылатындар да бар. Мұндай азаматтарды оңалту колонияда отырған кезден бастап жүргізілгені жеткіліксіз. Сондықтан да бостандыққа шыққандарды қоғамға бейімдеу үшін әлі де жұмыстану қажет. Оларды қайта қатарға қосу үшін барынша қолдау көрсетілмесе, баяғысына қайта басып тағы бір қателікке бой алдырмасына кім кепіл? Оның үстіне жұмыссыздар армиясын көбейтіп, түбі әлеуметтік шиеленіске әкелуі де ықтимал.
Алматыдағы «Friedrich Ebert Stiftung» қорының жетекшісі, саясаттанушы Толғанай Үмбеталиеваның айтуынша, бүгінде инклюзивті қоғамдастықты дамытуға барынша күш жұмсалса, көптеген түйіні тарқамаған мәселелер шешімін табары сөзсіз. Оның үстіне, биік белестерді кім бағындырғысы келмейді дейсіз? Сондықтан да кемсітушілікті (дискринимация) болдырмау көздеген жетістікке апарары хақ.
«Шын мәнісінде, біз білетін немесе біле бермейтін проблемалар жетіп артылады. Тіл білмейтіндер мен жалақыға қатысты кемсітулер бар. Бұрынғы маскүнемдер немесе есірткіге тәуелділердің проблемалары өз алдына жетіп жатыр. Әсіресе тарихи отанын аңсап келген оралман ағайындар азаматтық алу үшін құжаттарын рәсімдеу кезінде түрлі қиындықтарға тап болып жатады. Бұрын сотталғандар бостандыққа шыққан соң, түзу жолға түскеніне қарамастан жұмысқа тұру кезінде түрлі қиындықтарды бастан кешуге мәжбүр. Жұмыс берушілер болса көбіне 25–40 жас аралығындағы мамандарға ғана сұраныстың бар екендігін жасырмайды, алайда 40-45 жастан кейін еңбекпен қамтылуы екіталай. Бүгінде біз қоғам болып осындай өзекті мәселелерді шешу жолдарын бірлесіп қарастырғанымыз дұрыс. Көпшілік «инклюзия» дегенімізді тек мүгедектермен ғана жұмыс жасау деп түсінеді. Алайда бұл қате пікір, шын мәнісінде олай емес. Сол себепті осы тақырыпты тереңірек түсіндіріп, тәжірибе алмасу мақсатында біз Еуропадан білікті сарапшыларды арнайы шақыртқан болатынбыз. Себебі оларға «инклюзия» тақырыбы жақсы таныс», – дейді ол.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Журналистерге құрмет көрсеттіБүгінде қоғамның активі болып табылатын әртүрліліктің маңыздылығын мойындау, ашық позицияны ұстануға, өз пікіріңді білдіріп қана қоймай, басқалардың да пікірін тыңдай білу, мәдени айырмашылықтар мен әртүрлі ұстанымдарға қарамастан диалог жүргізе білу маңызды. Атап айтқанда, шығу тегі және тұрғылықты жеріне қарамастан барлық азаматтар экономикалық, саяси, сонымен қатар әлеуметтік құқықтарды қолдануға кепіл бола алатын қоғамдық жағдайға: тұрғын үй, сапалы білім, салауатты өмір салтын қалыптастыру, кемсітушілікке жол бермеу, лайықты еңбек ақының төленуі, құқықтық, әлеуметтік және экономикалық тұрғыда өзіңді қорғай білуді үйрену – заман талабы. Бұл ретте инклюзия бойынша сарапшылар түрі әдістерді түсіндіруге дайын, атап айтқанда қоғамның оқшауланған топтарын (мүмкіндіктері шектеулі) интеграциялауға, кемсітушіліктің айқындаушы нысандарын қысқартуға, әртүрлі бастамалардың негізіндегі радикалды идеялар мен теңсіздіктерді азайту, жеккөрушіліктің алдын алу қажеттігі туындағалы қай заман. Яғни алдағы уақытта осыларды күнделікті практикада қолдану арқылы инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік туады. Ал бұл бастамалар бүгінде ортақ өмірде ауадай қажет.
Нұрбол ОҚУОВ, ҚР Журналистер одағының мүшесі