Тәуелсіз екенімізді мойындататын күн
Ұлыстың ұлы күні деп әспеттеп, жақсылыққа сеніп, табиғаттан нәр алып наурызды адамзат өздерінің қайта гүлденетін мезгіліндей сезінеді.
Тек қазақ халқының емес, шығыс халықтарының жаңа жылы деп өзімізді басқа халықтармен түбірімізді біріктіргендей достық күй кешеміз. Наным-сеніміміз ұқсас халықтардың ұғымында тек жақсылық, әрбір адам санасына мейірім мен ізгілік нұрын шаша білген мереке ең бірінші халықты достыққа, екінші табиғатпен үйлесімділікке шақырса, үшіншіден, өзімізді жаратушы құдіреттің мейірімділігіне риясыз сенуге үндеп тұрғаны сезіледі. Сондықтан Наурыз ұғымы бір емес, оның беретін мәні ерек болып қала бермек.
Өзгеріс дейміз-ау, осы күні бәрі-бәрі өзгеше болады. Орталық алаңға қазақтың киіз үйлерінің орналасқаны, онда жиналған көпшіліктің қазақи нақыштағы әдемі киімдері мерекені сезіндіре бастаса, жиналған көпшіліктің риясыз күлкілерін естіп, жарқын көңіл-күйлерді көру бір ғанибет болды. Мереке ақ тілектермен, ақ ниеттермен басталды. Алдымен орталық саябақта тал отырғызу рәсімі өтті. Жаңа жылдың жылы лебінде бүршік жарған шыбықтарға ақ құйылып, жасыл желек болып құлпыруына тілектестік білдірілді. Орталық алаңдағы мерекені аудан басшылығында жүрген азаматтар ақ тілектерін арнап, халықтың тойын ашып берді. Аудан әкімі Темірбек Асауов осы мерекенің үстінде ауданымызға белгілі хирург Қайрат Сәдуақасовқа «Алғыс хат» табыстаса, алашқа белгілі ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Светқали Нұржанға «Түпқараған ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін табыс етті. Қасиетті Қаңға баба жерінде дүниеге келген ақын үшін бұл атақтың орны ерекше болмақ. Ақынның өзі айтқандай, барлық марапаттың үлкені – туған жерден бұйыртқан сыйқұрметтің бағасы биік. Сол құрметке лайық болып, халық игілігіне жұмыс жасау менің міндетім деп білемін, - деді.Светқали ақын: «Самарқанның көк тасын ерітіп, Аллатағаланың нұрын жүректерден аңқытып келіп жатырған Наурыз мейрамы бар шамызға құтты болсын! Наурыз мейрамының тарихын бірі білсе, бірі білмейді. Сонау соңғы V дәуірдің басында тұрған Нұх пайғамбарымыз Қазығұрттың тауына кемесімен тоқтағанда бүкіл дән таусылып, 7 түрлі дән қалған екен дейді. Күн мен түн теңескен Амал мерекесіне, 13-14-15 наурыз күндеріне сәйкес келіпті. Осы күндері толқын қайтып, кемедегі тірі жан жер бетіне шығып, наурыз көжені пісіріп жеген екен. Наурыз көженің тарихы осыдан қалған деген аңыз бар. Дәуірімізге дейінгі VІ мыңжылдықта өмір сүрген Озған пайғамбар, Мүде қаған тұсында да осы Амал мерекесінің болғанын тарих дәлелдеп отыр. Заманның соншама қасіретін, тарихтың тепкісі мен қиянатын көре жүре, осы заманға алып жеткен Маңғыстау жұрты мәңгі жасасын! Осы Ақкетіктің топырағында мүйізі бұлт шайқаған, аяғы алты айшылық жер шайқаған ата-бабаларымыз өтті. Олардың өздері кеткенмен, рухы төбемізден қарап тұр. Сол рух бізге риза болсын, әр ісімізге, әр сөзімізге, жүрісімізге, тұрысымызға, істеген істерімізге риза болсын» деп, тілегі мен батасы ұштасқан мерекелік лебізін білдірді.
Орталық алаңда жастар жағы ұлттық спорттың сайыстарында бақтарын сынады. Азамат жігіттер қазақ күресі, кір тасын көтеру, күш сынасуда сайысып жатқанда жас өспірімдеріміз жағы тоғызқұмалақ ойынын ойнап жатты.
Мына кішкентай ғана Ақниет Жалау Мыңбаев орта мектебінің 4-сыныбында оқиды. Тоғызқұмалақты жақсы көреді, ой-өрісті дамытатын ойынды орталық алаңда да ойнады.
Біздің құндылық өзгеге таңсық
Ал орталық кітапхананың ұжымы мереке алаңында шашбаулы қыз-келіншектерімізге заманауи өрім жасаудың сайысын өткізді. Осы мерекенің ортасында болып жатқан қызықтарды ұялы телефонына түсіріп жүрген шетелдік азамат Ахмади Мусульманиді сөзге тарттық. - Сіздердің жаңа жылдарыңыз ерекше өтеді екен. Ливаннан Қазақстанға 3 ай бұрын жұмыс сапарымен келгенмін. Бірінші рет осындай мерекеге тап болып отырмын, таң тамаша болып тұрмын. Ұнағаны сонша, телефоныма суретке түсіріп, бейнеролик жасап, елімдегі әйеліме, қызыма жіберіп едім, олар да қызықтап, қуанып жатыр. Осындай әдемі дәстүрді бірінші рет көруім, - деді.
Ақ тілекпен ұштасқан
Манағы сөзінде Светқали Нұржан ақын айтып өткендей, бұл наурызды қазақ тарихтың талай тепкісін көре жүріп тойлаған. Бірақ кеңестік кезеңде бұл мерекеге діни деген астар беріліп, тойлауға тыйым да салынған. 1989 жылдан кейін қазақтың өзінің рухы биіктігі мерекемен қайта қауыштырды. Біз сөзге тартқан ішкі істер бөлімінің ардагері, Түпқараған ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері Ыбырай Ақшолақов наурызбен қайта қауышқан 198990 жылдарда ауданда тойланудың көрінісін айтып берді. - Ол кезде ауданымызда тұрғындар аз болатын. Діни көзқарас деп танылған мерекені алғашқы кезде тойлауға қатты батылдық керек болды. Қандай тыйым болмасын халық түп-тамырымен байланысқысы келеді екен. Кеңес кезінде тойдың алғашқы қадамдары жасалып, кейін егемендік алғаннан кейін маңызы ашылды. Жақсы тойланып, жақсы әсер сыйлайтын бұрынғы күйіне көшті. Қазіргі Ақкетіктің жаңарған келбетін көріп тұрмыз. Қала көркейіп, тұрғындары көбейіп, өсіп өнуде. Егемендігіміз мәңгілік болсын, еліме, жеріме бірлік пен береке, әрбір шаңыраққа жақсылық тілеймін, - деп мерекелік ойын білдірді. Шындығында бұл мереке рухымызды көтеріп, жоғымызды толтырып, босаған көңілдерімізге үміт сыйлап, қуантатын сиқырлы күн сияқты. Қазақтың аспанында күннің ашық болуы, бүгінгі тамаша ауа райы мерекелік көңіл-күйді одан жақсы әсірелетіп кетті.
Қазақтың дархандығы дастарханының басынан да байқалады емес пе? Киіз үйлер есігін осы күні Түпқараған халқына, қонағына айқара ашты. Бүгін бар жақсысы қойылған дастарханында қонақ күтіп жүрген «Жастар ресурстық орталығы» ұжымының да көңіл-күйлері тамаша. №12 киіз үйге кірген қонақтарына наурыз көжесін, шәйі мен тәттісін ұсынумен бөлек, жастар жағы домбыра тартып, өлеңдетіп, әндетіп мерекені ағаш үйде тойлаудың үлгісін көрсетіп бақты. – Күні бойы келіп жатқан қонақтардан алғыс естіп жатырмыз. Оның өзі адамды бір серпілтіп, көңілге қуаныш сыйлайтын сезім екен. Біздің ағаш үйді биыл алғашқы тігіп, дастархан жаюымыз. Жастар жағы әрқашан халыққа қызмет етуге даярмыз, - дейді жастар ұжымын басқарып жүрген Гүлшат Бөлтенова.
Ұлттық рухты көтеретін мереке
Қай заман, қай уақыт, неден тойлай бастадық екен, Наурызды?! Бұл сөздерге манағы Светқали ақынның сөзі барынша жауап бола алмақ. Сөз соңын сол кісінің сөзімен аяқтағанды жөн көрдік. – Қазақтың қабырғалы қаламгері, марқұм Дүйсенбек Қанатбаевтың «қайғымен сіңген қасиет, қайғысыз кезде жоғалма» деген әдемі сөзі бар еді. Сол айтқан мерекені тойлаған сайын қазақтың басынан өткен қиын-қыстау заманын ұмытпауымыз керек. Наурыз мерекесі өзіңнің бар екеніңе, тірі екеніңе, мемлекетіңнің тәуелсіз екеніне мың да бір тәубе ететін күн. Биылғы Наурыз мейрамының ерекшелігі – қасиетті үш айдың басы – ережеп айымен тұспа-тұс келуі. Сондықтан осы айда үлкен-кішінің еліміздің амандығына дұға қылуын сұраймын. Көп жылаған халық енді ешқашан жыламасын, кешегі елім деп еңіреп өткен ерлердің арманы мен өкінішінің орнын толтыратын батыл ұрпақ дүниеге келсін деп тілеймін. Амалымызда қылған амалымызды Алла қабыл етсін. Кешегі Ақшұқыр, Сайын ауылдары қосылып тойлаған Амал мейрамы өте жақсы деңгейде өткенін естіп жатырмын. Ат шабыс, теңге алу, қыз қуу тәрізді сайыстар өткізіліпті. Аудан орталығы, ауылдық жерлердегі мейрамдарда ұлттық ойындардың барлығы мүмкіншілігіне қарай ұйымдастырылып тұруы керек. Оның барлығына тәрбие құралы ретінде ұлттық рухты көтеретін дүние деп қарауымыз керек. Қазір жастардың барлығы вертуалды өмірге, интернетке байланып қалып жүр. Солардың барлығының жүрегіне шегеленіп жатқан зұлымдық шегелерін алуға, жамандықты жеңуімізге Алланың нұры көмектеседі, оны жастардың жүректеріне себе алғанда ғана жойылады. Осы қасиетті нұр қасиетті салтдәстүрімізбен ұштасып жатыр. Амал мерекесі – ұрпақтың санасын сергітетін, рухани тазаратын мереке. Сондықтан оны жәй ғана өлең айтып, ырду-дырдумен емес, тәрбие беретін үлкен шараға айналдыру міндеті алдымызда тұр, - деді. Сөздің түйіні де осы: Наурыз – тек думанды мереке емес, ол – бүкіл халықтың болмысы мен бітімін білдіретін тәрбиелік мерекесі.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА