Сонау ықылым заманнан бері қасиетті, киелі саналатын екі кәсіп бар, бірі – адам тәрбиелейтін мұғалім болса, екіншісі – адам жанына араша түсетін дәрігер мамандығы. Алдыңғысы адам баласының жан саулығының, кейінгісі тән саулығының сақшысы. «Еңбек - адамның көркі, адам - заманының көркі» дегендей бар өмірін денсаулық сақтау саласына арнап, халықтың жылы ықыласы мен алғысына бөленіп, заманының көркі болып жүрген жандардың бірі Ақтөбе дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері, педиатр Сағитжан Жармағанбетовпен кәсіби мерекелері қарсаңында бірер ауыз тілдескен болатынбыз.
-Аға, әңгімеміздің әлқиссасын осы салаға келуіңізден бастасақ?
- Дәрігер болуды армандайтындар өте көп. Алайда, армандағандардың барлығы дәрігер бола бермесі анық. Ол үшін қызметке қызығушылық пен мамандық алу жеткіліксіз, оған қоса адам өмірі алдындағы жауапкершілікті сезіне білу, құлшыныс пен адалдық болу қажет. Қазақ деген ырымшыл халықпыз ғой, менің осы салаға келуіме себепші болған ата-анам. Олар маған есімімді адамдарға шипасы тисін, үлкен дәрігер болсын деп ырымдап ауылдағы Сағит дәрігердің атын қойыпты. 1989 жылы Астрахан Мемлекеттік Лукачарский атындағы медициналық институтын, 1996 жылы Бұқара медициналық институтын тәмамдадым. Сол жылдардан бастап 2002 жылға дейін Қарақалпақстан Республикасы Хожелі ауданында дәрігер болып қызмет атқардым. 2002 жылы елге оралып, бүгінде Үштаған елдімекеніндегі амбулаторияда аға дәрігермін.
- Бүгінде дәрігерлер тарапына айтылатын сынды жиі естиміз. Халықтың сенімін ақтайтын жақсы маман болудың сыры неде?
- Талабы күшті, қай кезде болмасын сергектікті, жауапкершілікті талап ететін дәрігер мамандығы темірдей төзім мен салқын сабырлықты талап етеді. Осы қасиеттерді өн бойына ұштастыра білген адам ғана нағыз маман, қызметіне адал дәрігер бола алады. Ал, адал маманның бойы қашан да ізгілікке толы болады деп ойлаймын. Ал, жаны ізгілікке толы адам науқастарға оң қабақпен жылы сөйлесіп, олардың жан дүниесін түсініп, ауруын жеңілдетуге тырысады.
- «Қазір өркениетпен келген аурулар көбейді» деп айтылып жүр. Адамзаттың денсаулығын жақсарту үшін керектінің бәрі бар сияқты, алайда адам аурудың алдында дәрменсіз. Соңғы уақыттарда көп кездесетін аурулардың түрі қандай? Олардың өршуінің себебі неде?
- Медицина қарыштап дамығанымен, кейбір ауруларға ем таба алмай осалдық танытуда. Шынымен де, қазіргі таңда неше бір түрлі аурулар, мәселен аллергия, жүрек-қан тамыр аурулары, обыр секілді аурулар өршіп тұр. Олардың көбісі нашар экологиядан, жылдам дайындалатын жартылай шикі тағамдардан, ұялы телефоннан бөлінетін ультракүлгін сәулелердің әсерінен пайда болады. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын қарастырған жөн.
- Енді өзіңіз қызмет істеп отырған орталықтың қызметі жайлы сөз етсеңіз?
- Былтырғы жылдың шілде айында пайдалануға берілген орталықта 3 дәрігер, 16 мейірбике, 5 кіші қызметкер ауызбіршілікте, сыйластықта бірлесіп қызмет атқарып келеді. «Бірлік болмай тірлік болмас» дегендей осы сыйластықтың арқасында жетістіктерге жетіп, халықтың ықыласына бөленіп отырмыз. Амбулаториямызда дәрігерлердің құлаш сермеп қызмет етуіне, науқастардың өздерін жайлы сезінуі үшін жағдайдың бәрі бар деуге болады, алайда жетпейтін жабдықтар да бар. Біз мұнда тек медициналық емес, рухани ем көрсетуге тырысамыз.
- Аға, әріптестеріңіздің төл мерекесіне айтар тілегіңіз болса?
- Екінің бірі дәрігер, не болса денсаулық сақтау саласында қызмет ете бермейді. «Ақ халатты абзал жан» деген мәртебеге ие болып жүрген әріптестеріме тілерім әрқашан осы атаққа лайықты болып, халыққа абыройлы болыңыздар. Жемісті жұмыс, табысты еңбек пен зор денсаулық, отбасылық бақыт тілеймін.
- Сұхбатыңыз үшін рахмет, мереке құтты болсын!
Сұхбаттасқан Гүлжайнат ШЫҢДЫБАЕВА