Ел экономикасын алға сүйрейтін ауылшаруашылығы саласының иығына артылатын жүк ауыр. Сондықтан да, өңірімізде агроөнеркәсіптің салмағын көтеретін мал шаруашылығында жайылымдық жерлерді мақсатты әрі тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Жайылымның ыңғайына қарай жайлаудан күздеуге, одан қыстауға көшкен ата-бабаларымыздың мал бағу тәжірибесінен тағылым алар тұстар көп. Дегенмен, төрт түлік малдың қамын қүйттеп, күтімі мен бабын таба білетін шаруалардың қатары сиреген. Жуырда Сай- Өтес ауылының маңындағы шаруа қожалықтарына барып, ата кәсіптен берекелі нәсіп тауып отырған шаруаларға жолығып қайттық. Қаланың қым-қуыт тіршілігінен бір сәт алысқа кетіп, Үстірттің қырына жол тарттық.
Үстіртке сапарлатқан облыстық ауыл шаруашылығының басшысы Болат Ерсайынұлы, Маңғыстау аудандық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Бекмұрат Әбуов және БАҚ өкілдері алдымен, «Нақхан» шаруа қожалығына бағыт түзедік. Бұл шаруа қожалығының тізгінін ұстаған Мырзатай Қойшыбаев 1992 жылдан бері асыл тұқымды Адай жылқыларын өсірумен айналысады. Бүгінде істің тетігін тапқан шаруа сонау 1992 жылдары ата- бабамыз қымызы бал, еті дертке дауа, мінсе ер қанаты болған қамбар ата тұқымын өсіруді қолға алды. 1998 жылдары ата кәсіпті жалғап, мал басын көбейтуді көздеген кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген несиеге 40 жылқы сатып алған. Кең алқапты жайылымда жылқы малын өргізген қожалық иесі шаруасының шырайын келтіріп отыр. Үстірттің ен даласында жазғытұрым «Қонайдың үйігі» маңын жайласа, қыс түсе «Қарауыл күмбетке» қоныстанады.
- Шаруашылығымда 15 шақты үйір жылқы бар. Биыл шөптің шығымы жақсы болғандықтан, мал қоңды. Жылқы өрісте жүріп, 70 түрлі шөп жейді. Азығын өрістен табатын қамбар ата тұқымы еркіндікте жүріп жайылатын жануар. Мамыр айынан қазанға дейін сауылатын биелерден күніне 40-50 литр қымыз аламыз. Шаруа қожалығының жайын жасап жүрген 10 жұмысшы бар,-дейді М. Қойшыбаев.
Істің ебін білетін шаруа мал азығын дайындайтын техниканы сақадай сай етіп қойған. «Маңғыстау агросервис» МКК арқылы лизингке шөп шабатын косилка мен орама шөп тайлайтын құрылғыларды алған. Сайлы техникасы бар шаруагердің бригадасы шабындыққа шалғы салып, 1000 тоннадай қысқы мал азығын қамдапты. М. Қойшыбаевтың айтуынша, қазір «Нақхан» шаруа қожалығында өндірілетін қымыз сусыны республикалық маңыздағы «Бейнеу- Ақтау» тас жолының бойындағы дүкенде ғана сатылады. Отандық өнімді облыс көлемінде саттыққа шығаруды мақсат еткен кәсіпкер лицензияның жоқтығынан бұл мәселе оң шешімін таппай отырғандығын жеткізді.
Мұнан кейін Сай-Өтес ауылынан 60 шақырым жердегі «Шырақбай» жайлауындағы «Мақсат» шаруа қожалығына келіп тоқтадық. Тұщыбек Далжанов басқаратын қожалық асыл тұқымды Адай жылқысымен қатар сиыр, қой шаруашылығын өркендетіп отыр. 2002 жылы шаңырағын көтерген шаруашылық бүгінде іргесі кеңіп, мал басы бірнеше есеге өскен. Айталық, 18 үйірдей жылқы, 700-ге тарта қой, 80 бас сиыр осы шаруашылықтың меншігінде. Кәсіпкер 2009-2010 жылдары Орал қаласынан әкелінген қырыққа жуық ақбас сиырды жерсіндіріп, оның пайда оның пайдасын көруге барынша күш салды. Шаруагер «Маңғыстау агросервис» мекемесі арқылы субсидиямен жергілікті жерден 100 бас қазақы қой алып, шаруашылық аясын кеңейте түсті.
- Осыдан төрт жыл бұрын «Маңғыстау агросервистің» көмегімен лизингке шөп шабатын агрегат алдым. Жақында осындай техниканы Қостанайдан тағы да әкелдім. Қыстан қысылмай шығу үшін мал азықтық қорын жеткілікті мөлшерде дайындап қойдық. Жусан, ебелек, боз, ергек шөптері жақсы шықты. Халыққа бір тай шөпті қолжетімді бағада 200 теңгеден сатып жатырмыз. Сай - Өтестегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына шөпті тегін беріп, қолдан келгенше көмектесіп тұрамын. Елбасымыздың тапсырмасымен мал басын көбейтуге, одан алынатын өнімдерді молайтуға бетбұрыс бекемделуде. Бұйыртса, келер жылы лицензия алып, қымыз өндіру ісін қолға алмақпын. Қазіргі уақытта өзіміз дайындаған ірімшік, қатық Сай- Өтес ауылында, аудан орталығы Шетпеде сатылуда. Аталарымыз ырысын осы малдан тапқан. Сондықтан артымнан ерген інілерімді ата кәсіпке баулып жүрмін»,-дейді Т. Далжанов.
Шаруа жайылымның жағдайы жақсы болғандықтан, шүйгінге шүйліккен мал еңістен шыға қоймайтындығын айтады. Расында, биыл шөптің бітік өскені тайланған шөптің көптігінен байқалады. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Болат Ерсайынұлының айтуынша, төрт түлік өсіріп отырған шаруалардың басым көпшілігі Үстірттің қырында жаз жайлап, мал жаюға құлықсыз.
- Үстірттің үсті малдың қоңдануына аса қолайлы жер. Осы жердің шұрайлы шүйгіні төрт түліктің ет жинауына, семіруіне оң әсерін тигізеді. Мұнда мал суаратын су да жеткілікті мөлшерде бар. Шаруалар осында қараша айына дейін қолдағы малының күйін жақсартып алып, қыста ауыл маңындағы өріске жайса болады. Ата-бабаларымыздан қалған мал бағу әдісін яғни, уақыт сынынан өткен тәжірибені қолдансақ, мал басын қытымыр қыста шығынға батырмай, аман алып шығудың қамын жасағанымыз, - дейді Болат Ерсайынұлы.
Кең өрісті төрт түлік малға толтырмаққа талаптанған «Абылай-Есет» біріккен шаруа қожалығы өз істерін дөңгелетіп, ұршықша үйіріп отыр. Сапар барысында Сай- Өтестің батыс беткейінде қоныс тепкен «Өрмелі» жеріндегі қызу еңбек құшағындағы шаруашылықта болдық. Мал шаруашылығымен қоса егін шаруашылығына иелік ететін қос кәсіпкер тауық, бөдене, үйрек пен қаз өсіруді қолға алуға жұмыстанып жатыр. Қоныс тепкен маңнан инкубатордың құрылысын бастап кетіпті. «Абылай» шаруа қожалығының иесі Серік Байтұровты әңгімеге тартқанымызда биыл көктемде Ресейден 20 -ға жуық ешкі мен Оралдан 4 бас сүтті сиыр сатып алынғанын айтты. Күтімге, баптауға алынған ірі қара мен ұсақ малдарға Германиядан әкелінген диірменнен өткізілген жем беріледі. Сондай-ақ, аталмыш мемлекеттен бір мезетте екі жылқыны саууға қауқарлы аппарат әкелінген. Қожалықтың керек-жарағы сақадай сай, техника атаулысының бәрі бар. Біріккен іргелі шаруа қожалығы малға қажетті шөпті өздері дайындайды.
- Шаруашылыққа қарасты 1500 гектар жердің бес гектар аумағын алып жатқан егістік алқабында жоңышқамен қатар қауын, қарбыз, қызанақ, қияр, картоп өсіреміз. Күніне 35-40 литрдей шұбат өндіріледі. Жылқылардан күніне 40, көктемде 60 литрге дейін саумал алынады. Шымкенттен қымыз жасайтын аппарат сатып алдық. Өнімдерімізді Сай Өтеске, Ақтау қаласына саттықа шығарып, тапсырыс берген дүкендерге жөнелтеміз. Мал азығы ретінде қолданылатын жоңышқа жылына 4 рет орылады. Оны сауынды түйеге, жылқыға, сиыр, ешкіге береміз. «ҚазТрансОйлдың» құбыр желілерімен келетін суды пайдаланамыз», - деген С. Байтұров сауыншы, жылқышы, түйешілерді қосқанда он адамды жұмыспен қамтып отырғанын атап өтті.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН