«Алаған қолым береген» деген жақсы сөз бар. Тапқан табысынан зекет беріп, садақа таратып, жақсылық жасау - жақсы іс қана емес, сауап және Алла разылығына бөлену.
Елімізде әлеуметтік жағынан әлсіз топ аз емес екеніне әрқашан қайырымдылық шаралары ұйымдастырылған сайын көзіміз анық жетіп келеді. Бірі әдемі көлік мініп, зәулім үйде шалқып өмір кешіп жатса, екіншісінің көлігі түгілі бүгінге ішер асы болмай, күркеде өлмешінің күнін көруде. Кейбіреулері кішкене бүлдіршіндерімен жастай азаматынан айырылған жалғызбасты аналар. Қоғамның осы теңсіздігіне бей-жай қарамай, тапқанын тықпаламай, адал еңбегімен тапқан тандырынан үзіп беретін, таразыны тең түсіруге ниетті, қайырымды жандар біздің жанымызда бар екеніне біз бүгін тағы куә болып, шын көңілден қуанып қайттық.
Бірі жақсылықты жасырын жасайды, бірі асырып жасайды. Шындығына келгенде, ала пакетке бір банан мен бес алманы салып, қайырымдылық жасағандарды да дабыралап жазып жүрміз. Бұл жолы жазғалы отырған қайырымды азаматтардың ісі біреулерге ой салса, екіншілерге сабақ болса деген мақсат. Себебі, бұл азаматтар ісін үлкен іс деп бағалауға тұрарлық.
Қайырымдылық істерге ұйытқы болып жүрген жігіттердің мешітте құран оқытып, көмек қажет деген отбасылардан 24 үй тізімін жасап, жақсылықпен қуаныш сыйлауға асығып жатқанын естіп, бұл бастамаларының орынды екеніне қуанып, сөзге тартып арнайы сөйлескенді жөн көрдік. Бұлар «Түпқараған жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің мүшелерінен құралған ауданымыздың азамат жігіттері екен. Мешіт жанына барғанымызда, екі малды жіліктеп, құран оқытып шыққан осы бастамашыл жігіттердің бірі азық-түліктер тиелген газель автокөлігін оталдырса, екіншісі келесі көлікке 24 жілік салынған сары қалталарды тиеп, жол бастады.
Жақсылығын жария етпеуді сұраса да, біз бұл жігіттердің жақсы бастамасын қолдап, өзге де ұжымдар мен азаматтарға ой салайық деген ниетте олармен бірге жүруге сұрандық. Алғашқы көмектер табысталған Аташ поселкесі мен Баутин ауылынан бірнеше отбасының қуанышына куә болдық. Баутин ауылындағы 6 балалы отбасы балаларының «О, тамақ!» деп қуанғанына бізде шын қуандық. Балалы үйдің ұрлығы жата ма, бар тірлігін осы бір қуанышына сыйдырған балапандардың осыдан кейін де тамақтары тоқ, көйлектері бүтін болып жүрсе екен деп ойлайсың. Мәз болып қалған балалар жүздеріндегі күлкімен ағаларына риза екендіктерін білдіріп тұрғандай болды. Форт-Шевченко қаласының тұрғыны, екі мүгедек баланың анасы Анарға балапандарының еміне қолданса деген ниетте ұсынған 20 мың теңге қаржылай көмегіне қуанышымыз еселене түсті. Осы қарқынмен Аташтан 5 үй, Баутиннен 8 үй, Форт Шевченко қаласының басынан 11 үйге барып, көмек берілді. Шын ниетпен жүрген бірлестік азаматтарына осынша көп заттың бәрі бізге ме деп таңырқағандар да, алғысын жаудырып, ризашылығын білдіргендер де көп болды.
Алдымен бұл жігіттер азаматтық парызы мен Алла разылығы үшін жасаған сауапты істерін тізбектеуден бас тартты. Сөзге тарта отыра, бұл қайырымды жандардың алдымен 600 мың теңге қаражатты аудан орталығы Форт-Шевченко қаласында тұратын, бір үйден пышаққа түскелі отырған екі тумалас азаматтарға қолдау көрсету үшін жинап табыстағанын білдік. Жергілікті жердің тұрғыны, 1992 жылы туылған Жұмажанов Бауыржан 2012 жылдан бері бауыр циррозы диагнозымен ауырады. Бірнеше ем түрін көрген бұл жігіттің ауруына ем іздеген отбасы 2015 жылы несие алып, Астанаға да апарған. Алайда, еш көмегі болмайды. Бүгінде үлкен отаға дайындық емін алып жатырған Бауыржанға ағасы Дәурен донор болмақ. Трансплантация жасау үшін бір үйдің екі бірдей азаматы пышаққа түсетіні ана мен әкеге, ағайын мен тумаға бататыны анық. Осыған дейін елдің қаржылай қолдау көрсетуін сұрап, әлеуметтік желіде берген хабарламасы негізінде ауыл ғана емес, облыс орталығынан да көмек көрсеткен жандар табылып жатқанын Бауыржанның апасынан естіген едік.
Ер басына күн туғанда, елі барын білдіріп, дәл осы жоғарыдағы ұйым Бауыржанның сауығып кетуіне тілектестік білдіргені құптарлық іс. Бұрын да еш жариясыз осындай көмек түрлерін ұйымдастырып келген бұл жігіттердің жақсы ісі осымен де қорытындыланып қоймады. Сонымен қатар, қасиетті айда ораза тұтқан мұсылман бауырларға сәрсенбінің сәтіне салып, облыс орталығындағы медреседе және аудан орталығындағы мешітте «ауызашар» ұйымдастырып жатқанын естідік.
Жақсылық пен жылылыққа, қайырым мен рақымға толы айлардың сұлтаны Рамазанда үлкен сауапты іске ұйытқы болып, ұйымдастырып отырған жұмысшылардан құралған кәсіподақ мүшелерінің сауапты бастамасы - жақсылықтың нышаны. Ізгілікпен қолұшын созып, қиналған жанға қайырымды болып, тарыққан жанға қамқорлық көмегін беруді жаратушы Алла да әрбір адамға бұйрық еткенін айтып жатудың өзі артық. Біз куә болған жақсы істерді жігіттер әлі талай жалғастырып, өзгеге үлгі болатынына шын сенеміз!
Милана ЕЛЕУСІНОВА
Суретті түсірген автор