Республика деңгейінде аталып өтіле бастаған Амал мерекесі Ақтау қаласында айрықша реңк алып, бұқаралық сипатқа ие болды. Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде айтулы мереке ауқымды көлемде өтті.
Университеттің профессор-оқытушылары, ұстаздар ұжымы мен қызметкерлері өзара құшақ жая көрісіп, көктемнің шуақты күнінде алғыс-тілектерін жаудырды. Оқу орны басшылығы бастаған топ жиылған жұртшылықпен дидарласып, мерекелік көңіл-күймен концерттік бағдарламаны тамашалады.
Қарттарын қадірлей білген елдің рухы үстем, шаңырағы әрдайым биік. Өнегелі елдің өсер ұрпағы дария-теңіз қариясын құрметтеп, кейуанасын сыйлауды әрқашан үлгі тұтып, қаперде ұстаған. Университет ұжымы осындай риясыз пейілмен мереке күні ардагер қарияларға құрмет көрсетіп, үлкендердің ізгі батасын алды. Ал тәуелсіз елдің жалындаған жастары концертке жиылған қауымдысан алуан сахналық көріністерімен тәнті етіп, ыстық ықыласқа бөленді.
«Амал келді, жыл келді» салтанатты шарасында Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры Берік Ахметов мерекеге жиылған жұртшылықты Амал күнімен құттықтады.
«Құрметті қонақтар, қымбатты ұстаздар! Ежелгі бабаларымыздан ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан Амал мерекесі құтты болсын. Киелі Маңғыстау жерінде бұл мерекенің мән-маңызы зор. Табиғаттың түлеп, жаңаруын жаршы ететін Амалды биыл да аса үлкен ықыласпен қарсы алып отырмыз. Маңғыстау жұрты үшін қастерлі Отпан тауда өткен шараға қатысып, Көрісу күнінің ұлттық сипаты артып келе жатқанына куә болдық. Еліміздің әр аймағынан ат арытып жеткен ағайынның қарасы көп. Осындай ұлтымыздың рухани құндылықтарын дәріптеу Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» идеясымен астасып жатыр. Президентіміз халықтың өткенінен өнеге алып, ұлттық мұраларымызды келешек ұрпақ санасында жаңғырту керектігін айтты. Амал мерекесі – көрісу күні елдің ынтымақ-бірлігін арттыратын ерекше мейрам. Барша ұлыстың басын қосып, ұлттарды бірлікте ұйытқан Амал мерекесі құтты, берекелі болсын. Барлықтарыңызға табыс, береке-бірлік тілеймін. Амалдан амалға аман-есен жете берейік», - деді Б.Ахметов.
Салтанатты шарада ректор Б.Ахметов университеттің білім-ғылым, тәрбие ісі салаларында елеулі еңбек етіп, үлкен үлес қосқан бірқатар ұстаздар мен қызметкерлерді марапаттады. Бұл қатарда Теңіз және жерүсті көлік кафедрасының аға оқытушысы Қайрат Жұмаділов, Биология және география кафедрасының доценті Жантөре Мамаева, университеттің Күзет бөлімінің қызметкері Ағайша Сүйеубаева, Ақпараттық жүйелер және энергетика кафедрасының аға оқытушысы Гүлзира Орынбасарқызы ректордың алғыс хат марапатына ие болды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда халықаралық қос турнир өтедіАрайлап атқан әр таңнан жағымды жаңалық күтіп, түн түндігін түрген айға қарап табиғатты болжайтын, арманына арғымақ қуып жете алмайтын қауым бұл күні де ұлттық салт-дәстүрлерімізді паш еткен қойылымдарға куә болды. Сахна төрінде «Керуен би» ансамблі «Шашу», «Қара жорға» билерімен,университет студенті Шапағат Ізғали «Қазақстан қырандары» әнімен мерекелік көңіл-күйді шарықтатты. Сондай-ақ, оқу ордасының оқытушылары мен қызметкерлері арасында ұлттық киімдер үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Қазақтың құда түсу рәсімінің жөн-жоралғылары көрініс тапқан университет ұжымының сахналық қойылымы жастарға үлкен үлгі-өнеге берді.
Университет алаңында киіз үйлер кеңінен қанат жайып, мерекелік сахна әсем безендірілген. Аулада орнатылған алтыбақанда қаракөз қыздар тербеліп, жігіттер жағы әртүрлі сайыс бойынша өзара білек сыбанып, күш сынасты. Кір тастарын көтеріп, ұлттық спорттық ойындардың көрігін қыздырған жастар арасында жеңімпаздарға алғыс хаттар табысталды. Амал мерекесінің құрметіне бой көтерген киіз үйлерде ақ дастарқан жайылып, көпшілік қауым ұлттық ас-тағамдардан дәм татты.
Жайық НАҒЫМАШ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="50138,50141,50136,50137,50135,50140,50142"]