Амал мерекесі - ел-жұрт ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға көрісіп, амандық-саулық сұрасып, қуаныса құшақтасып, бір-біріне ақ тілектерін ақтарып жататын күн. Көрісу - тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін, бір-бірімен қауышатын мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін күн. Өйткені Көрісу салты бір күнмен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Осы бағытта Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев биыл 50 жылдық торқалы тойы тойланғалы отырған қаламыздың дамуына, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан сала ардагерлеріне барып сәлем берді.
Қала әкімі алдымен ҚКСРО мемлекеттік сыйлығының, «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, мұнай-газ саласының ардагері Хадиша Досмұқанова апамыздың үйіне барып, қазақы салтпен көрісті. Жақында ғана жолдасының кәдесін өткізіп отырған ардагер мұнайшы риясыз көңілмен азаматтарға аналық ақ ниеті мен ризашылығын жеткізді. Азғантай ғана сәтте үлкен істердің басында болып, қыруар еңбек етіп, ел ықыласына бөленген ана бойынан көпшілікке үлгі боларлық дархандық пен сабырды, мәдениеттілік пен паңдықты көре қалдық. Сонан соң, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің, «ҚКСРО Мемлекеттік Ардагерлердің ақ батасы сыйлығының иегері», мұнай саласының ардагері Сәбит Әбенов шаңырағына бас сұққан қала әкімі де ақсақалмен қол алысты. Мұнай саласында ұзақ жылдар еңбек еткен азаматтың «мен істедім» деп көкірек соқпас кеңдікпен еске алуы, сол қиын кездердің жемісі мен жеңісін қазіргі жастардың ұқыпты да мұқият жалғастыруы қажеттілігін жеткізіп, ақсақалдық ақ батасын берді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Отан қорғаны – ел жастары!1962 жылы марқұм жолдасы Сәнжан Боранбаевпен бірге Қызылсай мекеніне алғашқы бұрғышылардың балаларына дәріс беруге келген, ұзақ жылдар Қызылсай ауылындағы алғашқы мектепте, қаламыздағы алғашқы мектептердің бірі Т.Әлиев атындағы орта мектепте тарих, қоғамтану пәндерінің мұғалімі қызметтерін атқарған білім саласының үздігі, ардагер ұстаз Нұрсұлу Дүйсенбаева апамыздың шаңырағына сәлем берген қала әкімі арнайы дайындаған сый-сияпатын ұсынды. Талай шәкіртті арманына қанат қақтырған ұстаз аналық ақ тілегін ақтарып, Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары ел дамуының ақжолтай бағдаршамындай боп отырғандығын да айтып өтті.
Алдағы уақытта да Жаңаөзен қаласының дамуына үлес қосқан ардагерлер еңбегі елене бермек. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағиданы ұстанған ел ағалары үлкендердің ұсыныс-пікірлерін назарда ұстап, ақ батасы мен тілегін алса, ізеттілік пен іскерлік деп осыны айтуға болады.
Гүлназ ЖАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="50121,50122,50123"]