Өткен жұмада «Өзенмұнайгаз» АҚ басқармалары арасында жайдарман ойыны өтті. «Мұнайшы» мәдениет үйінде «Көрісу» тақырыбында ұйымдастырылған маусымашарға 8 команда, атап айтар болсақ №2 СҚКБ (УОС), «МӨҚжТҚЖБ» (УРНОиТК), №1 МГӨБ, №3 МГӨБ, №4 МГӨБ, «Өндірістік технологияларды қамту және жабдықтарды жинақтау» (УПТОК), «Өзенэнергомұнай» (УЭН), «ТТБ» (УТТ) мекемелерінің қызметкерлерінен құралған командалар қатысты.
Жайдарман ойынын қаламыздағы жас «Жалын» командасы ашып берді. Жалындықтар өздерінің шағын ойынымен әзілдесуге келген командалардың сахнада алғаш болып өнер көрсету қорқыныштарын сейілтіп, сенімділіктерін арттыруға септігін тигізді.
Бірақ, бұл жолғы мұнайшы әзілкештердің ойынының дәрежесі біз ойлағандай болмады. Командалардың көпшілігі дайындықтары жоқ екенін байқатты. Мағынасыз әзілдерімен қоса, жеке адамды кекету, мысқылдау секілді орынсыз әдістер, сахна мәдениетіне жат тіркестер, белден төмен әзілдер, еркек атаулының етектіні көрсе тыя алмайтын нәпсіқұмарлық қасиеті - командалар әзілдеудегі басты қару деп білетіндей. Сөзімізге дәлел болсын, енді қай жеріне күлерімізді білмеген және өздері ғана түсініп, көпке өтпеген әзілдердің көптігі сонша жазып тауыса алмаспыз. Ал, сахна төрінде «МӨҚжТҚЖБ» командасы отбасы миниатурасында қызын «Қаншық» деп бір емес бірнеше рет атауы құлаққа түрпідей тиді. Сондай- ақ, дәл осы команда құрамындағы бір ғана нәзік жанды аруды «Түрің пенсияға шығарып жіберетіндей ғой» деген көңілсіз әзілі жаңағы мен айтқан кекету, адамның үстінен күлуге сайма-сай келді. Жалпы, мұндай тәсіл (бұл кейбір командалардың стилі) қала деңгейінде ғана емес, республика көлемінде өтетін, еліміздің бетке ұстар телеарналарында көрсетілетін «Жайдарман», «КТА» ойындарында да кездеседі. Адамның сырт келбеті, арықтығы не толықтығы мүлде әзілдеуге келмейтін дүние деп білемін. Мүмкін кезінде күлкілі болған шығар, алайда арзан дүниенің дәурені тез өтетіні тағы бар емес пе...
Бәрін айт та, бірін айт ел назарына ұсынылған мәнсіз әзілдер, қарабайыр мәдениетке жатпайтын сөздер, ұйымдастырушылар тарапынан редакцияланбаған ба дерсің... Әрине, көңілді тапқырлар ойынын ойнап тұрған кәнігі әзілкештер емес өндірісте тарс-тұрс жұмыс жасап қалған, 40 градус ыстық пен суықта далада, аңызықта еңбек етіп жүрген мұнайшылар екенін білеміз де, түсінеміз де. Бірақ, сахнаның өз мәдениеті, өз тәртібі болатындықтан, халықтың күнделікті өмірін, қолданыстағы сөзін өздеріне қайтарып, міне біз, сіз осындаймыз демей, керісінше олардың мәдениетті болуы үшін азғантай да болса пайдамызды тигізу қажет емес пе. Тағы бір айта кетерлігі, көрермендердің көпшілік бөлігін жастар қамтығанын, оларға үлгі көрсету керектігін ескерген жөн.
Енді, ізі жақсылық болсын деп жақсы ойын көрсеткендерге де тоқталсақ. Әбден құрғақ әзілдерден тамағы жабысып, қарны ашқан көрермен қауым «МГӨБ-3» командасы шыққанда бойын көтеріп, езулеріне күлкі үйірілды. Команданың «Гүлге шығындалмайтын жігіттері», Елбасының қазақша сөйлеу тапсырмасына орай қазақ тілі мұғалімінің мәртебесі өсіп, «гламурный» болған кейпі, Пхенчхандағы қысқы олимпиададан жүлде иеленбей, елге пойызбен оралып келе жатқан спортшылар, аутсорсингпен жұмысқа орналасқандар секілді сәтті әзілдері көптің көңілінен шықты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда жылына 143 млн дана жұмыртқа өндіретін фабрика ашыладыСоңғы ойын көрсеткен, яғни ең сүрі, майлысы «МГӨБ-1» командасы бұл ретте чемпиондық атаққа лайықты ойын көрсете алмады.
Сонымен, бір жарым сағатқа жуық уақытты қамтыған маусымашар ойыны соңында әділқазылар алқасы ойын жайында пікірлерін білдіріп, кәсіподақ төрағасы Наурыз Сақтағанов: - Бүгінгі ойында бәрі қарайлас болған секілді. Санаулы командалар ғана болмаса... Жалпы, ойнау деңгейіне қарай, жүлделі орындарды бөлдік, - деді.
Сайыс қорытындысы бойынша, бас жүлдеге №3 МГӨБ, І орынға «Өзенэнергомұнай», ІІ орынға №1 МГӨБ, ІІІ орынға №2 СҚКБ ие болды. «Өзенэнергомұнай» басқармасының қызметкері Ғалымжан Рустаев «Үздік ойыншы» атанып, «Көрермен көзайымы» марапаты «МӨҚжТҚЖБ» командасына табысталды. Командаларға қомақты қаржылай сыйлықтар берілді.
Жалпы, осы саланың үздігі Тұрсынбек Қабатов бір сұхбатында қазіргі әзілкештерге жайдарман ойнаймын десе барлық жағдай жасалған, қаржы жағынан қиындық жоқ, тек қана дұрыс, мағыналы әзіл айтып, оны халыққа өткізу жетпейді деген болатын. Сол себепті де, барлық мүмкіндікті жасап қойған «ӨМГ» мекемесіне алғыс айтып, командалар кемшіліктерін жояды деген сенімдемін.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА