Этнограф, өлкетанушы ғалым, қазақ мифологиясының негізін қалаушы Серікбол Қондыбайдың ұлыс туралы, басқа да мереке атаулары, жыл мезгілдері туралы бірнеше зерттеулерін ұсынып отырмыз.
«Ыл», яғни «Үлек» (Ұлық, Ұлыс) есімі аспани мифтік бейнеге берілген алғы шарттық функция мен сипаттың «малға», «о дүние мен өлімге», «өлгендер рухына», «ата-баба рухына» байланысты. Сондықтан славян-балтықтық Велес, велстердің, ең алдымен славяндық Велестің (Волостың) аспанға, жұлдыздарға қатысты орнын біліп алуымызға тура келеді. Ал славяндық Велес болса, өзінің «о дүниелік, өлілер дүниелік» болмысына қарамастан, расында аспанға қатысты бейне болып көрінеді. «В южнославянской традиции, где, как и у восточных славян, с именем этого бога связывается название созвездия Плеяд (др.русс. Волосыни, болг. Власците, сербохорв. Влащис и др.)». Мұндағы «Плеядалар» дегеніміз «Үркер» немесе «Үлкер», оның үстіне славяндық «Волосыни», «власците», «влащис» сөздерінің «Үркер» сөзімен түбірлес екендігін де көруге болады. Біз «Үлкер» сөзінің «өлілер», «өлік әскер», т.б. сол сияқты мағыналық ауқымдағы мағыналарды бере алатындығын герман-скандинавтық «Валькирия» сөзі мен «Үлкер» сөзін салыстыруда және алғашқысының тегін дей түрік тілінен шығару барысында атап көрсеттік. Міне, сондықтан да славяндық, оған ілескен балтықтық мифтік кейіпкер есімінің прототүрік тілінен ауысқанын тағы да қайталай отырып, Велестің Үркер шоқ жұлдызына қатысты екендігін топшыладық.
Сонымен Үркерлер – Волосыньялар – «мал мен байлықтың» (сондай-ақ «өлілер дүниесінің») тәңір иесі болған Велестің қыздары деп көрсетіледі. Соған пара-пар бейнелер ретінде қазақтық (жалпытүріктік) «Үркерлер» де – қыздар және де олар міндетті түрде «өлілер дүниесінің» әміршісінің қызы болуы тиіс. Ал осындай әміршінің есімі қарапайым қисынның өзінен анық болатындай, «Үлек» немесе «Ұлыс» болып шығады. Сірә, Махмұт Қашғари сөздігіндегі «Үлгұ» немесе «Өлкі» делінген жұлдыз (не планета) атауы нақ осындай «мал мен байлық, өлілер дүниесінің пірі» болған дейтүріктік мифтік бейненің көне есімдері болып табылады. Тек протүріктік Үлек кейінгі славян-балтықтық аттастары – Велес пен Велске қарағанда, әйел жынысты, яғни «о дүниедегі ата-баба еліндегі Түп-ана» кейіпте болған, бүгінгі қазақ эпосында сақталған «Үлек әже» есімді бейне сол дәуірден қалған сарқын болып табылады.
XVIII ғасырдың авторы Г.Стендердің хабарлауынша Велс тәңір иеге арналған «өлгендер күні» атап өтілетін болған. Шығыс және батыс славян дарда ата-бабаларды құрметтеудің ерекше ғұрпы көктемде, пасхадан кейінгі жетінші күні немесе күзде өткізеді, бұл уақытта, сенім бойынша өлген ата-аналар демалатын болған-мыс. Бұл күні өлгендерге садақа-ас даярланып, өлген рухын үйге шақыратын болған.
Осылайша біз славян-балтық дәстүріндегі Балтық мысалына ғана арқа сүйер болсақ, жай ғана еркек тәңір иеге ғана емес, әйел кейіпті тәңір иеге де «Өлгендер анасына» арналған арнайы мерекелік датаның болғанын және де оның өткізілу уақытының қазан айы болғанын көріп отырмыз. Осыған орай қазақ тіліндегі «Ұлыстың ұлы күні» деген тіркеске басқаша, жаңаша үңілудің жөні бар сияқты.
Ал осындай өлген ата-бабаларды еске алу күнін арғы қазақтардың нақты «Ыл» (Үлек, Ұлыс) есімді мифтік кейіпкерге арнап өткізуі мүмкін бе және де осындай күн сол есімге байланыстырылған аспани күнтізбелік оқиғаға сәйкес келе ме? Егер «Үлгү» (Үлек) сөзі «өлгендерге», «өлгендер рухына» байланысты ұғым болса, онда аспани күнтізбелік деңгейде осы сөзбен аталған бейне, аспан шырағы арғы қазақтардың «өлген атабабаларды» еске түсіру, ас беру, жерлеу, т.б. еске алу мен мерекені ұштастырған өмірлік ғұрыптарға байланысты болып шығуы тиіс. Бірінші мысал, «Қаған (көктүрік қағаны) үнемі Дыужин тауында тұрады. Оның шатырының (ордасының) есігі үнемі шығысқа қаратылады, бұл күннің шығуына құрмет еткені. Ол жыл сайын өзінің ұлықтарын бастап аталарының үңгіріне барып, құрбандық шалады, ал бесінші айдың ортасында басқаларды жинап апарып, өзен жағасында Көк тәңірге құрбандық шалып, табынады. Дыужин тауынан батысқа қарай 500 ли жерде биік, басына ағаш өспейтін, не өсімдік өспейтін бір асқар тау бар. Оны Бодың-инли деп атайды».
Мұнда екі дата бар сияқты: біріншісі – ата-баба үңгіріне барып құрбандық шалу уақыты. Бірақ осы өткізілетін шараның уақыты көрсетілмеген. Қисынға сүйеніп, әр жылдың басында, яғни бірінші айдың бірінші күні болар деп тұспалдауға болады. Екіншісі – бесінші айдың ортасында өзен жағасында Көк тәңірге құрбандық беру, сондай-ақ ғұрыптың «өзен жағасында» өткізілгеніне назар аударылуы тиіс.
Әлгі күлтегіндік текстегі уақыт көрсеткіштері арқылы жасалған кесте бойынша бірінші ғұрып ақпан айында, екіншісі маусым айының ортасында. Әрине бұл тек тұспал ғана.
Екінші мысал. Батыс Түрік мемлекетінің (VII ғасыр) жұртына қатысты дерек «Әр бесінші айдың сегізінші күні Тәңірге құрбандық шалу үшін жиналады. Жыл сайын жоғарғы лауазымды ұлығын атаба ба әруағына құрбандық шалу үшін өздерінің үрім бұтағын өсіп-өнген үңгірге жібереді».
Күлтегіндік кесте бойынша бесінші ай дегеніміз – маусым. Сонда бесінші айдың сегізі күні дегеніміз – бүгінгідегі 22 маусым (июнь) сияқты жазғы тоқырау күніне сәйкес келуі мүмкін.
Үшінші мысал. Ежелгі шығыс далалық көшпелілердің бірі – дунхулардың ұрпағы синобійлер (I ғ) туралы: «...көктемнің соңғы айында Жаулы өзенінің бойына жиналып, той жасайды, той аяқталғаннан кейін некеге отырады». Олай болса, көктемнің соңғы айы дегеніміз маусым айы болуы да мүмкін.
Төртінші мысал. Вей мемлекетінің (яғни синобійлердің) көне ғұрпы бойынша (IV ғасырдың аяқ кезі) «...жаздың бірінші айында Көкке, ата-баба әруағына құрбандық шалады, жаздың соңғы айында халқын Ин тауына апарып, қырауды шегіндіруге дұға қылады, күздің бірінші айында батыс қаланың алдында Көкке құрбандық шалады. Осы әдет-ғұрыптардың бәрі бұрынғы болмысында қайталанады. Құрбанға шалынатын құрбандық қаланың алдында және аталар ғибадатханасында анықталады.
Мұндағы жаздың бірінші айы дегені маусым айы болар деп шамалаймыз. Ал маусым айы күлтегіндік кесте бойынша бесінші ай болуы тиіс. Міне, тағы да бесінші ай аса маңызды ғұрыптық-мерекелік шараның өткізілу айы ретінде көрініп тұр. Үзіндіде берілген екінші дата жаздың соңғы айы тамыз. Күлтегіндік кесте бойынша осы ай жетінші ай болуы тиіс.
Осы екі жаздық айларға қатысты түйткілдеріміз бар. Мәселен, қазақтарда көктем деген атаудың орнына жазғытұры дегенді де қолданған, яғни көктем сөзінің орнына жаз атауы қолданылған. Егер синобійлер де жаз деп көктемді айтқан болса ше? Бұл жағдайда жаздың (көктемнің) бірінші айы наурыз болса, жаздың (көктемнің) соңғы айы мамыр (не маусым) болып шығуы мүмкін. Міне, бұл мысалдан да бесінші ай (маусым не мамыр) табылу мүмкіндігін көріп отырмыз.
Үшінші дата – күздің бірінші айы, ол – қыркүйек (күлтегіндік кесте бойынша, бұл – сегізінші ай).
Бесінші мысал. Сиуңнулар туралы: «Жаңа жылдың алғашқы айында (бұл арада айдың жаңа тууын айтып отыр. Ауд). мемлекет басшылары (негізінен хандар мен уәзірлер) Тәңірқұт ордасы жанындағы ғибадатханаға барып, кіші жиын өткізетін болған. Ал айдың бесінші жаңасында барлығы Лучыңға (Айдаһар қалаға) барып үлкен жиын өткізген. Күзде, жылқы қоң жинаған кезде Дәйлин тауына барып бүкілхалықтық жиын өткізіп, көкке, жерге, атабаба әруағына арнап құрбандық шалған, мал – жан есебін алған...
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда 504 мыңға жуық мал басы барҰлыстың ұлы күні бүгінгі қазақта көктемгі наурыз мерекесімен байланыстырылады. Қарапайым этимология бойынша тіркестегі «ұлыс» сөзіне бүгінгі қазақ тіліндегі «ұлыс» – «ел, жұрт, аймақ» деген мағына беріледі де, жалпы сөз тіркесінің мағынасы «халықтың ұлы күні, үлкен мерекесі» деп көрсетіледі. Міне, «Ұлыс» (Үлек, Ыл) сөзінің ежелгі мағынасы ойлағандағыдан өзге мәнге, мифтік болмысқа ие екендігін көрсету барысында осы «ұлыстың ұлы күні» дегенді «Өлгендер анасы, яғни ұлысананың ұлы күні» деп түсіндіруге бола ды, бұл жердегі «Ұлыс» (Ана) есімі латыштық Велю мате, литвандық Wallamanes сөзіне сырттай да, мағыналай да сәйкес келеді.
Қазақ халқының бүгінгі рухани-діни, мәдени-шежірелік, этнопсихологиялықстереотиптік сипатының қалыптасуы XVII ғасырда, Оңтүстік Қазақстанда өткен, міне, наурыз мерекесі нақ осы кезде ғана жаппай тарала бастаған.
Наурыз сөзін білмей тұрған кезде де арғы қазақтардың көктемгі күн мен түн теңесуі жөнінде білген.
Қазақтар наурыз тойын атамай тұрған замандарда да, басқа бір мерзімге сәйкес келетін «Ұлыстың ұлы күні» сияқты тіркестің болған.
«Ұлыстың ұлы күні» дегендегі «Ұлыс» және «Ұлы» сөздерінің «өл» сөзіне байланысты екендігін ескеріп, осындай күннің бағзы қазақтарда да көктем (жаз), күз айларының бір күнінде атап өту дәстүрінің болу ықтималдығын айтуға болады. Алдында көрсетілген ежелгі көшпелілерге қатысты алтыжеті мысалда бесінші (сірә, мамырмаусым), тоғызыншы (қыркүйек-қазан) айларында, сондай-ақ жыл басын да өткізілетін құрбандық шалу мерекесінің біреуіне екеуі «Ұлыстың ұлы күні» деп аталып, бұл күні өлген ата-бабаларға да, «Өлілер анасы – Ұлысқа немесе Үлекке (Үлгүге)» де құрбандық шалынған. Әрине көктем-жаз мерекесі мен күз мерекесі ішінен таңдағанда, соңғысы күзгі құрбандық шалып, ас беру шарасы – «Ұлыс ананың күніне» сай келетін сияқты. Көктемгі (жазғы) Ұлыс күні, біздің топшыла уымызша, осыдан 4000 жылдай бұрын наурыз айына, күн мен түн теңесу уақытының Үркердің «жерге ауыл болып қону» уақытымен тұспа-тұс келуіне, сол күнгі Шолпан жұлдызының көрінуі уақытына сәйкес болған. Уақыт өте шоқ жұлдыздардың ығысуына байланысты Үркерлердің бату уақыты әуелі көкек, одан кейін мамыр айларына ауысқан. Сөйтіп бастапқы рәсімнің датасы екіге ажырап, жыл басында бір шара, бесінші айда екінші шара өткізілетін болған.
«Наурыз» және «ұлыстың ұлы күні» түсініктері дами келе, бір арнаға түсіп, бүгінгі қазақтың Наурыз – Ұлыстың ұлы күні деген астасқан ұғымға айналып кетті.
Облыстық мәдениет басқармасы "Мемориалдық музейі" МКҚК қор сақтау бөлімі
Көрнекі сурет әлеуметтік желіден алынған